Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Димаш Құдайбергеннің дауысын сала аламын": "Қазақстан дауысында" өнерпаз тәлімгерлерге пранк жасады

“Қазақстан дауысы” жобасының кезекті шығарылымында қарағандылық қатысушы тәлімгерлерге пранк жасап, көрерменді күлдіртті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

“Қазақстан дауысы” жобасынан скриншот

Жобаның екінші маусымы да тартысты өтіп жатыр. Қарағандылық әуесқой әнші Рүстем Мерекенің ерекше дайындығы көрермен мен тәлімгерлерді таңғалдырды.

“Мен әзілдескенді жақсы көремін. Өте көңілді жүремін. Бір адамды кемінде үш рет күлдіре алсаң, оның болмысын 99 пайызға танып алуға болады. Әуесқой әнші болғандықтан алғашқы үлкен сахнам –“Қазақстан дауысы”. Пародия жанры жаныма жақын. Әлішер Кәрімов, Димаш Құдайбергеннің даусын сала аламын. Жобаға тек ән ғана алып келмей, әзілді де қатар дайындадым. Тәлімгерлер мен көрерменге ұнайтыны сөзсіз,” – дейді әуесқой әнші. 

Рүстемнің әні көрермен көңілінен шыққанымен, тәлімгерлердің орындығы айналмады. Бірақ ол көңіл-күйін түсірмей, бірден дайындап келген әзіліне көшіп, ағылшын тілінде сөйлеп кетті.

“Менің атым – Тиматоу. Мен Индонезиядан келдім. Сіздерді көргеніме қуаныштымын”, – деді ағылшын тілінде. 

Тәлімгерлердің арасында да ағылшын тілін білетіндер бар болып шықты. Төлеген Мұхамеджанов:”How old are you?” деп сұраса, Жанар Дугалова:”Is it your first time in Kazakhstan”,– деп сұрақтарын жаудырды. 

“Бұл елге алғаш келуім. Маған қатты ұнады. Сіздердің әсем табиғаттарыңыз бен тарихи жерлеріңіз керемет”, – деді “шетелдік” қатысушы. 

Маржан Арапбаева бұрылмағанына өкініп, “Тобымда бір шетелдік болатын еді”, – деп күйінді. 

Жас қатысушы сөзінің соңында қазақша сөйлеп, бұл пранк екенін айтты. 

“Ерекше тапқырлық” деп тәлімгерлер жылы лебіз білдіріп, өнер жолына сәттілік тіледі.

 

 

 

 

 

 

Талқылау