Индонезияда екі қазақстандықты өлім жазасы күтіп тұр: Сыртқы істер министрлігі екі ел арасында сотталғандарды алмасу туралы келісім жоқ екенін айтты
Фото: freepik.com
Сенат кулуарында сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Индонезияда есірткі қылмысына қатысы бар деген күдікпен ұсталған екі қазақстандыққа қатысты мән-жайды түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сыртқы істер министрлігі өкілінің айтуынша, ұсталғандардың өздері консулдыққа хабарласқан.
"Қазір бұл істі Индонезияның құқық қорғау органдары қарауда, тергеу жүріп жатыр. Шешім шыққан бойда бізге ресми түрде хабарланады. Қазақстан елшілігі жұмыс істеп жатыр, бұл іспен консул айналысуда. Ұсталғандармен байланыс орнатылды. Шет мемлекеттің азаматтары басқа елде қамауға алынған кезде жергілікті билік бұл елдердің елшіліктерін хабардар етуге міндетті. Бұл жағдайда хабар берілді", – деді Бақаев.
Вице-министр Қазақстан мен Индонезия арасында құқықтық көмек көрсету туралы әзірге қол қойылған келісім жоқ екенін айтты.
Оның айтуынша, Қазақстан сонау 2014 жылы Индонезияға осындай келісімге қол қоюды ұсынған.
"Бұған дейін мұндай жағдайлар болған жоқ, сондықтан тәжірибе тұрғысынан қол қоюға немесе қандай да бір құжат қабылдауға қажеттілік болған емес. Бірақ қазір сондай жағдай пайда болып отыр, сондықтан бұл процесс жеделдейді деп ойлаймын", – деді ол.
Еске салсақ, бұған дейін Индонезияда есірткі тасымалдады деген күдікпен екі қазақстандық қамауға алынғанын жазған едік. Индонезия билігі есірткіге қарсы екі айлық операцияның аяқталғанын жариялады. Операция барысында 683 885 грамм (0,68 тонна) есірткі тәркіленіп, 285 адам ұсталған. Оның ішінде 29 әйел мен 7 шетелдік азамат бар. Ұсталғандар кінәлі деп танылса, өлім жазасына кесілуі мүмкін.

"Бір жыл бойы қаражат жинадық": Маңғыстаулық әкенің мерейтойына 10 қызы пәтер сыйлап, көпшілікті тәнті етті
