Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ер азаматтың жүрегінің жыртық жерін жамағысы келеді": Әнші Индира Расылхан екінші әйелдерді кінәламауға шақырды

Индира Расылхан әйелдерге үндеу жасадыФото: Видеодан скриншот

Жақында өзінің екінші әйел болғанын мойындап, өзгенің отбасын бұздым деп есептемейтінін мәлімдеген әнші Индира Расылхан журналист Жанар Байсемізге сұхбатында екінші әйелді айыптайтындарға жауап қатты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әншінің айтуынша, өзі бірінші күйеуі отбасылы ер адам болғанын білген. Сондықтан ол сезімін білдіргенде бірден бас тартқан.

“Ол кісі алғаш рет сезімін білдіргенде, мен “Болмайды, сіздің отбасыңыз бар” деп бірден бас тарттым. Алайда ол маған бәрін өзі түсіндіріп, келісу не келіспеу әйелінің таңдауы екенін айтты. Мұндай сезімді менен өзге ешкіммен сезінбегенін де жеткізді. Ол кезде мен небәрі 18 жастағы қыз едім, ал ол 30 жаста болды. Артымнан қанша жігіт жүгірсе де, дәл осы адамды таңдадым. Ол басынан-ақ бірінші әйелімен ажыраспайтынын, оны тастамайтынын ашық айтты да, маған екінші әйелі болуды ұсынды. Алғашында бас тартып, одан қашқақтап жүргеніммен, іштей оны сағынатынмын”, – деді ол.

Өнер иесі жүкті болып қалғандықтан, жолдасына амалсыздан күйеуге шыққанын жасырмады. Ол сондай-ақ оны өте қатты жақсы көргенін жеткізді.

“Бірінші күйеуімді өте қатты жақсы көрдім. Көп адам екінші болу оңай деп ойлайды, бірақ олар ішіңдегі күйіңді, өзіңді кінәлі сезінетініңді білмейді. Іштей “Мен не істеп жүрмін? Оның бала-шағасы бар, біреудің шаңырағын шайқалттым ғой” деп ойлайтынмын. Өзімнің жақсы нәрсе істемегенімді түсінетін едім. Аяғым ауыр болып қалғаннан кейін қосылдық. Әжем бұрыннан “кіммен қарайсаң, сонымен ағар” деп айтатын. Әкем қатал адам еді, жүкті екенімді білгенде мені ұрып тастады, “екеуіңді өлтіремін” деп талай нәрсе жасады. Бірінші күйеуімді қинап, тіпті көліктің артына байлап қойып сүйреген кездері де болды”, – деді ол.

Индира Расылхан алғашқы күйеуімен заңды некеге тұрмаған. Діни некеден кейін де ер адам бірінші отбасымен байланысын үзбей, сол үйге барып тұрған.

“Біз заңды түрде некеге тұрмадық, тек діни неке қидық. Ол кісі бірінші отбасына барып келіп тұратын, тастаған жоқ. Ол кісімен тұрған төрт жылым бақытты өтті деп айта аламын. Сүйген адамымның жанында болғаныма бақытты болдым”, – деді ол.

Әнші күйеуінің кетуіне байланысты екінші әйелді кінәлайтын жандарға үн қатты. Оның айтуынша, ол әйелдер ер адамның жаралы жүрегіне демеу болғысы келеді.

“Екінші әйел болудың да өз қиындығы, ауыртпалығы бар. Қазір мені күйеуім тастап, өзге әйелге кетті дейтін әйел көп. Менің оларға айтарым: екінші әйелді кінәлаудың қажеті жоқ, бәлкім ол да ер азаматыңыздың жүрегінің жыртық жерін жамағысы келген адам шығар. Мүмкін күйеуіңіздің өзі “маған көмектесші” деп келген шығар. Менің жағдайымда да осындай жағдай болды. Ол кісі “әйелімді жақсы көрген жоқпын, қосыла салдым” деген дүние айтты. Адамды жақсы көріп тұрғандықтан, оған көмектесуге тырысасың”, – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін әнші Индира Расылхан алғашқы күйеуінің екінші әйелі болғаны хабарланған еді.

Балнұр Жұмаділла
Сәрсенбі, 07 Қаңтар, 2026 20:14