Тасмағамбетовтың қызы Алматыда жекеменшік институтының жаңа ғимаратын салмақ (фото)
Алматыда Орталық Азия экологиялық зерттеулер институтының жаңа ғимараты пайда болады. Жаңа нысанның жобасын Алматы қалалық құрылыс кеңесі қарап, бекіткен. Институттың заманауи жаңа ғимараты Достық даңғылының жоғарғы жағында орналаспақ.
Ал, қазір институт «Достық даңғылы, 250» мекенжайында орналасқан, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».
Бұл институт қоршаған ортаны қорғау саласында қызмет көрсетіп, жұмыс істей алатындығы туралы лицензияны 2012 жылы 16 қазанда Қоршаған ортаны қорғау министрлігінен алған. Яғни, ресми түрде 2012 жылы тіркелген. «Орталық Азия экологиялық зерттеулер институты» ЖШС-ның құрылтайшысы – ҚР Премьр-Министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетовтің үлкен қызы – Әсел Тасмағамбетова. Институттың қазір бес зертханасы бар.
«Қазақстан әлемдегі өнеркәсібі дамып келе жатқан елдердің бірі. Біздегі кәсіпорындардың көбі мұнай, метал, тағам, медицина салаларында жұмыс істейді. Тәуелсіздік алғаннан кейін ТМД-ның өзге елдері сияқты Қазақстан да қоршаған ортаны қорғау мәселелері жөніндегі халықаралық құжаттарға қосылып, халықаралық қауымдастық алдында қоршаған ортаны қорғау міндетін иеленді. Біздің институттың қызметі өнеркәсіптік күштердің экологиялық-экономикалық тепе-теңдігін сақтау, халықаралық ынтымақтастық аясында жұмыс істеу миссияларын көздейді. Институттың 6 департаменті, 7 басқармасы және 5 зертханасы бар», – делінген институттың сайтындағы ақпаратта.
Жалпы, Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, институт жаңа ғимаратының құрылысын энергия үнемдейтін технологиялар мен экологиялық таза құрылыс материалдарынан салуды жоспарлап отыр екен.
Әсел Тасмағамбетова – Қазақстандағы танымал кәсіпкер, «Казкоммерцбанк» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Кеңес Рақышевтің әйелі, премьер-министрдің орынбасары Иманғали Тасмағамбетовтің үлкен қызы. Екі ұлы бар. «Сәби» жекеменшік қайырымдылық қоры» арқылы қайырымдылықпен айналысады. Бұл қор – жетім балаларға, денсаулығында айтарлықтай кемістігі бар сәбилерге, сондай-мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмек беретін ұйым. Әсел Тасмағамбетова «Орталық Азия экологиялық зерттеулер институты» ЖШС мен «Telli Kazakhstan» компаниясының ресми иесі. Институттың қандай салада жұмыс істейтінін жаздық, ал екінші компания сұлулық пен денсаулыққа арналған «люкс» класты био-бутиктер желісі.
Әсел Тасмағамбетованың суретші сіңілісі (Софья Тасмағамбетова) және бауыры (Нұрсұлтан Тасмағамбетов) бар.
Жіберіп алмаңыз:
Италияда қылмыс әлемінің белді өкілі өз үйіндегі шкафта бес жыл жасырынған
24 жастағы бойжеткен байқаусызда 68 жастағы өзінің туған атасына күйеуге шыққан
Мұхтар Әуезов Әзірет Әлидің қырық бесінші ұрпағы болып шықты (фото)