Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Имамдар жерлеу рәсімі мен ас берудегі ысырапшылдыққа қарсы екенін айтты

Қазақстан мешіттерінде жерлеу рәсімі мен ас берудегі ысырапшылдыққа қарсы жұмыс жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап. 

Қарағанды имамдары көпшілікпен кездесу өткізді. Олар адамшылықтың қарапайым қағидалары жайлы сөз қозғап, дін жолында жүргендерге тәкаппарлықтан бойын аулақ ұстауды насихаттады. 

Қонысбай Батаевтың айтуынша, зиратта қызмет еткен 5 жылдың ішінде зәулім сарай сияқты салынған мазарды, алтынмен апталған маңдайшаларды көрген. Қайтқан адамға мұның қажеті бар ма белгісіз, ал тірілер өз кереметтігін көрсетуде дейді ол.

"Алтынмен аптап, күміспен күптеудің қажеті жоқ. Мал аяғы баспасын деп қоршау салып қойса болғаны. Қазір осы бір қарапайымдылықты сақтайтындар аз", - деді. 

Зират қызметкерінің айтқанын мешіттегілер де қолдап отыр. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жерлеу рәсіміне қатысты ереже бекіткеніне 2 жыл болды. Алайда қазақстандықтардың арасында ол ережелерге мән беріп жатқандары аз. Десе де қарапайым халыққа жерлеу мәселесіне байланысты сұрақтар жиі түсіндіріліп жатады. 

Ақтөбе қаласы мешітінің бас имамы Амантай Садиев жерлеу рәсімінде кездесетін көп қателіктің бірі - адамның басын Қасиетті Меккеге қаратпай жерлеу. "Биіктен қарасаңыз, зираттардың дұрыс орналаспағанын байқайсыз", - деді.

Имамдар мазардың тым үлкен әрі әшекейленіп салынуына қарсы. Жан-жануар кріп кетпейтіндей қоршауға алынса жеткілікті дейді.

Сонымен қатар, аса көп шығын жұмсап ас өткізу мен ысырапшылдықтың дұрыс емес екендігі айтылып келеді. Діни басқарманың өзі бекіткен 16 тамақ түрінен тұратын ас мәзірі де бар. Олардың қатарына торт, салат, жеміс жоқ. 

Мұндай шаралар кредитке ас берудің алдын алып, қарапайым ережелерді сақтау арқылы жерлеу ережесін сақтауға бағытталған. 

STAN.KZ
Жұма, 29 Қараша, 2019 11:00