Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Имам: Жат ағымдар жасырын жиналыс өткізеді

Ислам – барша адамзатқа тура жол көрсетіп, игілікке жетелеуші дін. Қасиетті Құран Кәрім аяттары осыған дәлел. Дегенмен, тарихта орын алған діни сипаттағы қилы іс-әрекеттер, қақтығыстар санада сан түрлі сауал тудырады.

1348805502_religiya

Бөлінушіліктің бүлікке алып келетініне тарих беттерінен тағы куә боламыз. Дініне берік, бірлігіне бекем қазақ жұртында да жаңылыс басып, жат ағым шырмауығына іліккендер жоқ емес, деп жазады muslim.kz.

Дін саласындағы түйткілді мәселелер жайында «Әзірет Сұлтан» мешітінің бірінші наиб имамы Қуат Ерғалиұлы баяндайды.

– «Ислам адамзат игілігі, бейбіт тіршілік үшін келген дін» дейміз. Дегенмен, дін атынан жасалып жатқан қиямпұрыс әрекеттер жиі көрініс тауып келеді. Қазақ бұрын дінге бөлінбейтін, бүгінгі күні бір дінді бөліске сала алмай жүр. Бұл бізге қайдан жұққан дерт?

– Өзіңіз айтып өткендей, бүгінгі таңда асыл дініміздің айналасындағы дау-дамайдың ушығып тұрғаны рас. Алайда, бұл дау-жанжалдар Алла Тағаланың адамзат баласына түсірген асыл діні – Исламның анықтамасы болмауы тиіс. Ислам – адам баласын ақиқатқа жетелеп, қараңғылықтан құтқарған бейбітшілік діні. Асыл дініміз бауырың былай тұрсын, өзге дін өкіліне құрметпен қарауға шақырады. Тіпті, тірі жәндікке титтей қиянат жасаудан тыяды. Ал, қазіргі таңда қолына қару алып, қан төгіп, жиһадшылап жүргендердің немесе ата-анасы, ағайын-туысынан безініп, айналасындағыларға залалын келтіріп жүргендердің әрекеті Ислам дінімен қанша қайнаса да сорпасы қосылмайды. Бұл қой терісін жамылған қасқырдың тірлігі іспеттес.

Ал, енді дін төңірегіндегі дау-дамайға тоқталар болсақ, «әліпті таяқ деп білмейтін» жандардың да бұл тақырыпқа келгенде даурығып қоя беретінін көзіміз көріп жүр. Атам заманнан Аллаға ғана бойұсынған Алаш жұртының бүгінгі ұрпағы бір-бірімен «анау ширк, мынау бидғат» деп бос таласқа бой алдырып жатуының бірнеше басты себептері бар. Солардың бастысы ретінде соңғы кездері жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен түрлі теріс ағымдар жұмысын атап айту керек. Сонау тоқсаныншы жылдары елімізге ептеп енген түрлі теріс ағымдар қазіргі таңда қазақ топырағында айтарлықтай тамырланып алғаны ешкімге жаңалық та емес. Жетпіс жыл «құдайсыз қоғамда» өмір сүрген қазақ руханиятындағы бос кеңістікті сол кездерден бастап жаулап алған жат пиғылды ұйымдардың көздегені біреу-ақ. Халық арасында іріткі салып, елді ішінен бөлшектеу.

Осыны мақсат еткен олар бағзы заманнан қалыптасқан дәстүрлі дінімізді мансұқтап, кереғар қағидаларын енгізе бастады. Жасырын жиылыстарында еліміздегі құлшылық ордаларын, ондағы қызмет етіп жүрген имам-молдалардың мәртебесін төмендетіп, адасқан етіп көрсетуге тырысты. Сан заман бойы салтымызға сіңісіп, дәстүріміздің діңгегіне айналған асыл дініміздің ақиқатын теріс бұрмалап, тек өздерінің ұстанған жолын дұрыс деп көрсетіп бақты. Нәтижесінде намаз оқымайтын ата-анасынан кәпір деп теріс айналған, ата-бабасының мазарын қиратқан, бейбіт күнде қолына қару алып, қан төккен дүбәра «діншіл» қауым пайда болды. Кешегі Ақтөбедегі қанды қырғын, Алматыдағы атыс-шабыс, бұлардың барлығы да осы теріс ағым жетегінде кеткендердің әрекеті. Қарап тұрсаңыз, теріс ағым өкілдері ел арасында дау-дамай тудыруды былай қойып, бүлік салуға көшті. Бұл – сіз айтқан қоғамдағы дерттің ең жанды жері.

Сөзіміздің басында дін тақырыбына келгенде ділмарсып кететіндердің көп екенін айтып өттік. Солардың қатарына кеңестік идеологиямен сусындап өскен алдыңғы буын өкілдерін ішінара жатқызуға болады. Бір ауыз аят немесе хадис білмейтін кей ағаларымыздың мәселенің мән-жайына тереңдеместен түрлі пікірлер айтып жүргеніне куә болып жатамыз. Қазақта «шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген аталы сөз бар. Тура біз сөз етіп отырған жандарға арналғандай. Діни білімі болмаса да өзімбілемдікпен айтқан ол кісілердің пікірі де онсыз да өршіп тұрған дау-дамайға тамызық болып жатады.

– Хадистердің бірінде мұсылмандардың 73 тармаққа бөлініп, бір тармағының ғана тура жол табатыны айтылады. Барша мұсылманның Құраны бір, құбыласы ортақ бола тұра, өзара ағымға ажырауының себебі неде?

– Адам баласына асыл дінімізді жеткізген Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың өзі үмбетінің 73 тармаққа бөлінетіні жайлы сол заманда-ақ айтып кетті. Иләһи құдіреттің күшімен келер ұрпақты содан сақтандырып, көпшілікпен бірге болуға өсиет еткен. Қалың жамағаттан қол үзбей, басым көпшілігі мақұлдаған жолды ұстануға шақырған. Ал, қазіргі таңда жер шарындағы мұсылмандардың басым көпшілігі Ханафи мәзһабын ұстанатыны бәрімізге де мәлім.

Ал, неліктен мұсылмандар өзара ағымдарға бөлінеді? Әлемдік тарихқа үңіліп қарар болсақ, әуел бастан адамдардың Жаратушыға деген (кез келген дінде) сенімін саяси күштер құрал ретінде пайдаланып келген. Христиан дінін алып қарайтын болсақ та, ертедегі алып мемлекеттердің шіркеу қызметін саяси мүдделеріне қолданғандарына куә боласыз. Ислам дінінде сол сияқты. Сыртқы күштердің араласуымен, өзіңіз айтқандай, Құраны бір, құбыласы ортақ екі мұсылман бүгінде бір-біріне қару көтеріп, дұшпан болып тынды. Яғни, дін – әлдекімдердің қолындағы құралға айналды. Бұл – өзара бөлінушіліктің басты себебі.

Тағы бір себебі ретінде дінге енгізілген жаңашылдықтарды айтуға болады. Белгілі бір аумақтағы белгілі бір халықтың ұстанған ұстанымын басқа бір аймақтағы мұсылмандардың мойындамауы. Кереғар келген екі пікірді ұстанушылардың жолы да екіге айырылатыны сөзсіз. Осыдан келіп тек өздерін дұрыс санаған сансыз ағымдар пайда болады.

Бұған енді жалпы халықтың діни білімсіздігін қосыңыз. Дін дегеніміз осы екен деп көсемдерінің сөзіне иланған жастардың ақ-қарасын ажыратып жатпастан, соқыр сеніммен адасуларының бір ұшығы осы білімсіздікте жатыр. «Өзің білме, білгеннің тілін алма» деген сөз бар. Қазақ халқы бұл сөзді қарғыстың ең ауыры деп те жатады. Бүгінде бұрылмасқа бет алған кейбір бауырларымыздың өзінікін ғана жөн деп, күллі мәзһаб ғалымдарын жоққа шығарып, аты-жөні белгісіз біреулердің айтқанына құлдық ұруы осы білімсіздіктен туындап жатыр. Ал, білімсіз адамның бойын тәкаппарлық пен менмендіктің меңдей түсетінін түсіндіріп жатудың қажеті де жоқ деп ойлаймын.

– Жат ағым жайын қозғай қалсақ, «мәзһаб», «ақида», «талақ», «жиһад» мәселелерін айналып өте алмаймыз. Ғалымдар ортасында өз уақытында шешімін тапқан тақырыптарды қарапайым халық арасында қозғау кімдерге және не үшін қажет болды?

– Бұл айтып отырғандарыңыз – теріс ағым өкілдерінің жұмыс жүргізу тәсілдерінің бірі. Қазіргі таңда жаңа кездескен екі мұсылман бір-бірінен ру сұрасқандай «қай мәзһабтасың?», «ақидаң қандай?» деп жататын жағдайға жетті. Себебі неде? Себебі, осы арқылы теріс ағымдағылар өздерін ерекшелеп көрсетіп, соңдарынан ерген соқыр сенімдегілердің кеудесіне нан пісердей күпініп жүрулеріне жол ашады. Жайнамазға жақында ғана жығылып, өзін ұлы бір міндетті атқарып жүргендей күй кешіп жүрген олардың құлағына «мәзһаб ұстанғандардың бәрі адасқан, тек біз ғана тура жолдамыз» деген сөздің майдай жағатынын айтпай-ақ қояйық. Нәпсінің қалағаны да осы емес пе?!

Енді бұл сөздердің қатарына «ширк, бидғат, ахи, ухти» деп жалғасып кете баратын бірқатар терминдерді қосыңыз. Өздерін бейнамаз жандардан айырып тұратын мұндай «асыл сөздерді» қосып сөйлеудің олар үшін орны бөлек. Қорыта айтқанда, ондаған ғасыр бұрын Ислам ғалымдарының ортақ ижтиһадымен шешімін тапқан тақырыптарды қайта қозғап, араб тілінің бір-екі сөзін араластырып сөйлеу арқылы бірте-бірте халық арасында өздерін ерекшелеп, яғни жоғары етіп көрсету – бұл теріс ағымға ерген адамдарға тән әрекет дегіміз келеді. Бірақ, бізге, халыққа қажеті бүлік емес, бірлік, ынтымақты тіршілік. Біз өз ортамызда да, бізбен бірге өмір сүріп отырған осы қоғамдағы барша азаматтарға да сыйластық, ізет-құрмет көрсетуден танбауымыз керек секілді. Нағыз мұсылмандықтың нышаны – осы.

Сұхбаттасқан Жайық Нағымаш

Талқылау