Илья Ильин ағасының ұсталуына қатысты пікір білдірді
Танымал қазақстандық спортшы Илья Ильин үлкен ағасы Алексейдің ұсталғаны туралы ақпаратқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Ол ағасы Алексей Ильиннің 16 ақпанда ұсталғанын, қазір оқшауланғаны туралы айтты.
"Ағам туралы жақында білдім. Мен үшін де, бүкіл отбасым үшін де бұл қорқынышты жаңалық болды. Қазір бұл мәселе бойынша ашық айту менің құзіретіме жатпайды деп ойлаймын. Бұл іспен тергеу органдары айналысуда. Заңгер оған тағылған айыптар бойынша жұмыс істеп жатыр. Мен онымен әлі сөйлескен жоқпын. Қазір бүкіл отбасы болып оны кепілге шығарумен айналысып жатырмыз", - деді Ильин Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында.
Илья Ильин БАҚ өкілдерімен сөйлеспегенін, Алексей есімді ағасы жоқ екенін де айтпағанын айтты.
“Мен ағам жоқ деп айтты деген жалған ақпараттар тарап жатыр. Мен ешкімге олай айтқан жоқпын. Мұның бәрі өтірік және арандатушылық. Қолдауларыңызға рахмет, достар. Мен ағамнан бас тартпадым және бас тартпаймын ", - деп түйіндеді сөзін спортшы.
Бұған дейін Илья Ильиннің үлкен ағасын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ұстағаны туралы ақпарат пайда болған.