Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ілияс Храпунов АҚШ-тың федералдық сотында кінәлі деп танылды

Ілияс ХрапуновФото: interpol.int

Ілияс Храпунов Нью-Йорктің федералдық сотында сотты құрметтемеу айыбымен кінәлі деп танылып, Алматы қаласы мен "БТА Банкке" сотты құрметтемеуі салдарынан келген шығындарды өтеп беруге міндеттелді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қазақстан Республикасы әділет министрлігінің мәліметінше, 2025 жылғы 6 тамызда АҚШ-тың Нью-Йорк Оңтүстік округі бойынша округтік соты дәлелдемелерді зерттеу арқылы өткен тыңдау қорытындысында талапкерлер – Алматы қаласы мен "БТА Банк" АҚ пайдасына шешім шығарып, Ілияс Храпуновты сотты құрметтемеу айыбымен кінәлі деп таныған.

"Бұған дейін қабылданған $221,285.31 төлеу жөніндегі міндеттемеге қоса, федералдық судья Джон Г. Кёлтл Храпуновтың өз активтері туралы тұрақты түрде есеп беруді міндеттеген соттың нақты әрі айқын бұйрығын бұзғанын анықтады. Мұндай есептерді ұсыну міндеті оған бұрын сотты құрметтемеу айыбы бойынша кінәлі деп танылғаннан кейін жүктелген болатын", – делінген министрлік хабарламасында.

Жаңа сот шешіміне сәйкес, Ілияс Храпунов өз активтері және оған қарсы шығарылған сот шешімдерін орындау үшін ақша алуға жасалған әрекеттер туралы толық мәліметті тұрақты түрде ұсынуға міндетті. Бұл талап орындалмаған жағдайда, оған қосымша қаржылық санкциялар қолданылуы мүмкін.

Сондай-ақ Ілияс Храпунов Алматы қаласы мен "БТА Банкке" сотты құрметтемеуі салдарынан келген шығындарды өтеп беруге міндеттелді.

Аида Тақабаева
Сәрсенбі, 27 Тамыз, 2025 11:01
Талқылау