Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ІІМ қазақстандықтарды есірткі тәуелділігін анықтау тестінен міндетті түрде өткізу туралы ұсынысты қолдады

Ішкі істер министрі есірткіге тәуелділікті анықтау үшін қазақстандықтарды скринингтік тексеруден өткізу қажеттігін айтты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

"Өкінішке орай, әлі күнге дейін студенттер арасында есірткі қолдану фактілері анықталып отыр. Сондықтан алдағы уақытта скринингтік жүйені енгізу жоспарлануда", - дейді министр.

Министрдің айтуынша, скрининг жағдайды объективті бағалауға көмектеседі және есірткіге тәуелділерді, әсіресе жасөспірімдер арасында ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді.

"Жұмысқа орналасу, мемлекеттік қызметте, жүргізуші куәлігін алу кезінде биоматериалдар сараптамадан өтеді. Есірткі қолданған жағдайда мұны скрининг көрсетіп береді. Сіздер түсініңіздер, бәріңіздің балаларыңыз бар. Бүгінгі күні синтетикалық препараттар кең таралған және оңай қол жетімді. Бір дозасы 10 мың теңге тұрады. Оны сізге ғаламтор арқылы да жеткізіп бере алады. Ғылыми сараптама көрсеткендей, тұтыну ерте жаста анықталса, 95 пайызын қалыпты жағдайға қайтаруға болады. Үшінші кезеңде тек 15 пайызы ғана қалыпты өмірге орала алады", - деді Ахметжанов.



Ішкі істер министрі таратылатын есірткі түрлерінің көбейгенін айтады.

"Біз мұны жасырмаймыз. Бүгінгі күні нақты тіркеу есебі жоқ. Мен кәсіби тексеріс кезінде биоматериалдарды скринингтеуді ұсынамын. Бұл денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысы, бірақ біз оны қолдаймыз. Бұл тексеріс оқу орындарына түсу кезінде және жұмысқа, мемлекеттік қызметке, әскери қызметке орналасу кезінде жүргізіледі", - деді Марат Ахметжанов.

Ол биоматериалдардан есірткіні анықтауда қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік болмайтынына сендірді. Барлық ақпарат балалардың ата-аналарына жіберіледі.

Талқылау