Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

HUAWEI MateBook D 14: Жұмысты жеңілдетіп, таптырмас көмекшіге айналған шағын ноутбук

Қазіргі уақытта, қарбалас тіршілік қарқынында көптеген маман бір уақытта бірнеше тапсырманы орындап, міндеттерді тиімді басқару қажеттілігіне тап болды. Бұл тек жұмысқа ғана қатысты емес, үнемі байланыста жүруді қажет ететін оқу процесінде де маңызды. Әдетте мұндай адамдар уақытты тиімді пайдаланып, тапсырмаларды басқаруға мүмкіндік беретін қуатты құрылғыға зәру. Бұл пікірді тілшіміз, магистрант Назархан Уән де растап отыр. Оның сөзінше, осындайда көмекші құрал – ноутбук неғұрлым қуатты болса, жұмыс уақытын соғұрлым тиімді пайдалануға болады. Сондықтан тілшіміздің таңдауы HUAWEI MateBook D 14-ке түскен. 

хуавей

HUAWEI MateBook D 14-ті қолға алғанда бірінші "Не деген жеңіл ноутбук?" деп ойлайсың. Бұрындары ноутбук неғұрлым үлкен әрі ауыр болса, қуаты да соғұрлым көп деп ойлайтынмын. Бірақ Huawei бұл таптаурынды бұзғандай. Осылай деуімізге бірнеше себеп бар.

Титаннан әзірленген корпус және минималистік дизайн

Қазіргі уақытта магистратурада оқып жүріп, жұмыс та істеймін. Кейде шұғыл тапсырманы орындау қажет болады. Кейде оқиға орнынан ақпарат тарату керек. Мұндай кезде ұялы телефоның қаншалықты озық технологиямен жабдықталса да, ноутбуктің орнын баса алмайды. Сондықтан алып жүруге ыңғайлы, кез келген жерде мақала жазуға мүмкіндік беретін ноутбук алу туралы шешім қабылдадым. Осылайша таңдау HUAWEI MateBook D 14-ке түсті.

хуавей 

Huawei – өз құрылғыларының қуатына ғана емес, беріктігіне де баса мән беретін компания. HUAWEI MateBook D 14 корпусы толығымен титан қоспасынан әзірленген, сөмкеде жатқанда немесе далада алып жүргенде ноутбук бұзылады деп қорықпаймын. Титан корпус майысса да, ішіндегі маңызды бөлшектерге зақым келмейді. 

Ноутбуктің дизайны кез келген талғампаз жанның көңілінен шығады. "Ғарыштық сұр" түске боялған HUAWEI MateBook D 14 минималистік сипатта дайындалған, артық жазу немесе сурет жоқ. Салмағы небәрі 1,4 келі, керек жағдайда сөмкеге салып, керек болса қолға ұстап та кете беремін. 

хуавей

Жаңартылған процессор – шексіз қуат көзі

Ноутбук 12-буындағы Core i5 процесімен жабдықталған. Осының арқасында ақпаратты тез өңдеп, өнімділікті арттырады. 
Жұмыс барысында бірнеше бағдарламамен қатар жұмыс істеуге тура келеді. Тіпті оқиға орнында түсірілген видеоны жылдам өңдеп, әлеуметтік желіге жариялайсың. Мұндай сәтте қолыңдағы лептоптың тұрақтылығы мен қуаты қызметіңе де әсер етпей қоймасы анық. 

HUAWEI MateBook D 14 8 ГБ жедел жады мен 512 ГБ сыртқы жадпен жабдықталған. Ал біріктірілген Intel Iris видеокартасы графиканың сапалы болуын қамтамасыз етеді. Айта кетері, ноутбукте жедел жады ауыстырылмайды, яғни қажет болса жадын көбейту мүмкін емес. Бірақ HUAWEI MateBook-тің ойын ойнауға емес, жұмыс істеу процесін жеңілдету үшін дайындалғанын естен шығармаған жөн. 

Лептоп заманауи суыту жүйесімен жұмыс істейді. Бұл HUAWEI MateBook D 14-тің шамадан тыс қызып кетуінің алдын алады. HUAWEI Shark fin желдеткішінің қалақтарының қалыңдығы небәрі 0,2 мм. Сонымен қатар бір түтік пен бір желдету арнасы бар. Тіпті ауа ағыны көбейсе де, артық дыбыс естімейсіз. 

Қашықтан жұмыс істейтін жандар үшін тағы бір маңызды аспект – ноутбуктің батареясы. Университетте немесе іссапарда жүргенде ноутбукті үнемі қуаттап отыру мүмкін болмайды. Осы себепті лептоп таңдағанда оның батареясы мен жұмыс істеу уақытына баса назар аудардым. 

Ал HUAWEI MateBook D 14 толық қуатымен 16 сағатқа дейін тоқтаусыз жұмысты қамтамасыз етеді. Егер фильм тамашалап, видео монтаждаса, жұмыс істеу уақыты 10 сағатқа дейін азаяды. Оның үстіне 65W болатын қуаттағышы 30 минутта 46%-ға қуаттайды. 

хуавей

Үлкейтілген дисплей мен сапалы бейне

HUAWEI MateBook D 14 экранының диагоналі 14 дюйм. Сондай-ақ лептоптың 2023 жылғы нұсқасында экранның қатынасы үлкейтілген. Мысалы, 2022 жылға дейін экран ені мен ұзындығының қатынасы 16:9 болса, 2023 жылғы нұсқада дисплейдің жақтауы кішірейтіліп, қатынасы 16:10 болып өзгерді. Бұл презентация дайындап, видео монтаждағанда өте ыңғайлы, себебі күрделі жобалармен жұмыс істегенде экранда бос орынның көп болғаны – мен үшін үлкен көмек.

хуавей

Инновациялық технологиямен дайындалған дисплей көзге түсетін ауыртпалық пен зиянды барынша азайтуға бағытталған. Көзді қауіпті көк сәулелерден қорғайды, тіпті мұны растайтын TÜV Rheinland сертификатын алған. Күн түскенде жарықты шағылыстырмайды, бұл тек ғимараттың ішінде емес, жарық көп түсетін орында немесе далада да ноутбукті пайдалануға мүмкіндік береді. HUAWEI MateBook D 14-пен ұзақ уақыт жұмыс істегенде көз шаршамайды. 

Ноутбукте экранның жарықтығын автоматты түрде реттейтін датчиктер жоқ. Дегенмен бұл жұмысқа еш кедергі келтірмейді. 

хуавей

Суперқұрылғыдағы инновациялық технологиялар

HUAWEI MateBook D 14-те жоғарыда аталған мүмкіндіктерден бөлек өзге де инновациялық технологиялар бар. Мәселен, ноутбукті өшіріп, қосуға арналған батырмаға саусақ ізімен ашуға арналған датчик орналасқан. Құрылғының толық қосылуына бар болғаны 8 секунд қажет. 

Ал Wi-Fi-мен жұмысты жеңілдету үшін антенналарына жаңа конструкция енгізілген. Арнайы метаматериал байланысты қабылдау қашықтығын 70%-ға үлкейтеді. 

Қазір ғимараттардың толығымен темір-бетоннан салынуы байланыстың әлсіреуіне алып келді. Бірақ HUAWEI MateBook D 14-тің бұл технологиясы мәселені шешті деп ойлаймын. Өйткені сынақ кезінде Wi-Fi қондырғысы мен ноутбукті екі қабырға бөліп тұрса да, интернетте жұмыс істеу жылдамдығы 43%-ға артқаны анықталды. Ашық кеңістікте ноутбук 270 метрден Wi-Fi байланысын қабылдай алады. 

хуавей

Коронавирус пандемиясынан кейін университеттегі оқу процесі гибридті режимге ауысты. Сондықтан емтихандардың басым бөлігін бейнебайланыс арқылы тапсырамыз. Айта кетері, HUAWEI MateBook D 14 осындай қоңырау кезінде дауысты күшейту үшін арнайы технологиямен жабдықталған. Аталған функция сымсыз немесе сымды құлаққаптарды пайдаланғанда іске қосылады. Камерасының рұқсаттамасы жоғары және бейненің сапалы болуын қамтамасыз етеді. 

Ал бірнеше құрылғымен жұмыс істейтіндер үшін ноутбукте файлдармен жылдам бөлісуге арналған SuperHub функциясы бар. Сондай-ақ қосымша экран қажет болса, артық сымсыз ноутбукке планшетті жалғауға болады. Осылайша файлдар мен суреттер ноутбукте де, планшетте де ашылады. Бұдан бөлек 2 USB мен HDMI порты бар. 

HUAWEI MateBook D 14 – бағасына сапасы сай заманауи құрылғы. Шағын корпустағы шексіз қуат кез келген орында жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Ықшам, жеңіл әрі берік лептоп тек студенттерге емес, онлайн жұмыс істеп, фрилансер болып қызмет ететіндер үшін таптырмас көмекші дер едім. 

Талқылау