Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Home Credit Bank тартуы: Қостанайдағы Жедел жәрдем қызметкерлеріне униформа табысталды

Қостанайдағы Жедел жәрдем станциясының фельдшерлері мен көлік жүргізушілердің киім үлгісі жаңарды. Жедел жәрдем қызметкерлері бүкіл маусымға арналған су жаңа формамен қамтамасыз етіліп отыр.  

Бүгін униформаларды табыс ету, таныстыру рәсімі өтіп, оған демеуші Home Credit Bank басшылығы және облыстық Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері, медицина қызметкерлері қатысты. Қызыл түсті қызмет киімі көзге тартымды, жүріс-тұрысқа ыңайлы әрі сапалы, ерекше талғаммен тігілген. Қостанайлық дәрігерлердің қолына тиген 614 форманың жалпы құны – 28,5 млн теңге. Жиынтыққа поло футболка, шалбар, жылы флис кофта, алынатын жеңдері бар күртке және бас киім кіреді. 

"Home Credit Bank бұл жобаны пандемиядан кейін медицина қызметкерлеріне алғыс білдіру мақсатымен іске қосты. Бүгінгі таңда бұл бастама үлкен сұранысқа ие, сондықтан банк оны жалғастырып келеді. Екі жыл ішінде осы жоба аясында Алматы мен Астана Жедел жәрдем станцияларына барлық маусымға арналған жалпы құны 187,5 млн теңге тұратын 8000-нан астам сапалы форма жиынтықтары табысталды. Қостанай облысының да осы әлеуметтік жобаның құрамына қосылғаны – зор қуаныш. Әлбетте, біз үшін жедел жәрдем қызметкерлерінің өздерін жайлы сезінуі маңызға ие, себебі қазақстандықтардың өмірі осы абзал жандардың қолында", - дейді Қостанай қаласындағы Home Credit Bank филиалының директоры Максим Басов.

Форманы табыстау рәсімі Home Credit Bank-тің 20 жылдық мерейтойына тұспа-тұс келіп отырғанын да айта кету керек. Мұны банк бастамашы болған "Көмектесуге қуаныштымыз" әлеуметтік жобасының жалғасы деуге болады. Жұмыс киімі мамандарға құйып қойғандай жараса кетті. Станция басшылығы форма ұжымға сән ғана емес, қызметтеріне сапа мен мән беретінін алға тартты.  

"Бұл жай ғана жұмыс киімі емес, бұл – ыңғайлылық пен қауіпсіздіктің, өмірін тәуекелге тігіп, борышын атқарып жүрген медицина қызметкерлеріне деген қоғам қамқорлығының белгісі. Home Credit Bank-ке көрсеткен қолдауы үшін алғыс айтамыз. Сапалы формалар ерекше ықыласпен, ұқыппен жасалған, сондықтан біздің фельдшерлер мен жүргізушілер оларды бірден ұнатты. Медицина қызметкерлері үшін униформа сапасының зор маңызы бар. Себебі олар – адам жанының арашашысы. Өңір тұрғындарының өмірін құтқару миссиясын орындаушылар жан-жақты қамтылымға ие болуы керек", – дейді Қостанай облыстық медициналық кезек күттірмейтін жедел жәрдем станциясының бас дәрігерінің міндетін атқарушы Олег Мелешенко.

Бір айта кетерлігі, униформа Қостанайға салтанатты рәсімге дейін келіп қойған. Қызметкерлер алдын ала өлшеп киіп қана қоймай, сапасын іс жүзінде сынға салып үлгеріпті. Қостанайлық үш қызметкер осы жұмыс киімімен республикалық жарысқа қатысып, 23 команданың ішінен "Балалар реанимациясы" аталымынан жүлделі 3-орын иеленіп келген. Топтың сайыстағы белсенді іс-әрекеті жөнінде бейнеролик те көрсетілді.

"Каспий жағалауында өткен чемпионатта кәсіби деңгейімізді көрсете алдық. Мұндай жарыстарға үнемі қатысып жүрміз, бірақ осы жолы жүлде иелендік. Ерекшелеп айта кетеріміз, жаңа формамыз – өте ыңғайлы, жайлы. Себебі күндіз 25 градусқа дейін ыстық, кешке салқын болды да, жаңа киім терлеткен де, тоңдырған да жоқ. Демек, алдағы уақыттағы қызметімізде де оның қолайлылығын мейлінше сезінеміз деген сенімдеміз", – дейді фельдшер Диана Ермекқызы.

Жалпы Қостанай облысытық жедел жәрдем станциясы – өңірді толық қамтитын 6 қалалық және 17 ауылдық бөлімшеден құралған желі. Күн сайын 103 желісі бойынша 56 бригада дамыл білмей жұмыс істейді. Олар күннің ыстық-суығына, дауыл-жауынына қарамай, облыстың кез келген нүктесіне, қиырдағы ауданға, шалғай жатқан ауылдарға шығуға қашанда даяр. Сондықтан банктің бұл демеушілігі ұжымға ынта-жігер сыйлай түскендей. 

"Станцияның қызмет штатында шамамен 700 адам бар. Олардың әрқайсысы жоғары қарқынмен жұмыс істейді, өйткені станция орташа есеппен тәулігіне мыңнан астам қоңырау қабылдайды. Шұғыл көмек, құтқарылған жандар, асқан сабыр мен шынайы жанашырлық, жауапкершілік – бұның бәрі қызметкерлердің ерең еңбегінің көрінісі. Қостанай облысы тұрғындарының денсаулығы үшін жедел жәрдем сенімді тірек пен қорған болып келеді. Олай болса, мұндай қолдау-демеу олардың қажырлы қызметіне дем бере түсері сөзсіз. Әріптестерімізді шын жүректен құттықтаймын", – деп лебіз айтты облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысының орынбасары Ерболат Доспанов. 

Әр тәулік үзіліссіз қызметте жүретін "бейбіт күннің батырлары" еселі еңбектерін елеп-ескеріп, жаңа униформа тарту еткен демеуші банк өкілдеріне алғыстарын жаудырды.  

Айта кетейік, Home Credit Bank медицина мекемелеріне ұдайы қолдау көрсетіп жүргені үшін Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының Алғыс хатын иеленген еді. Марапаттау "Altyn Shipager-2025" салтанатты рәсімінде өткен-ді. Аталған іс-шарада банк еліміздің медицина қызметкерлері мен денсаулық сақтау жүйесін қолдауға елеулі үлес қосып жүрген әлеуметтік серіктес ретінде ардақталды. Биыл банк Қазақстандағы қызметінің 20 жылдығын атап өтіп жатыр. 

STAN.KZ
Бейсенбі, 25 Қыркүйек, 2025 17:14
Талқылау