"Хайп жасауға кеш": Салық кодексіне дауыс беруден кейін депутаттар арасында келіспеушілік шықты
Фото: parlam.kz
Депутат Ерлан Стамбеков желідегі парақшасында жаңа Салық кодексі бойынша дауыс беру кезінде неге қалыс қалғанын түсіндірген жазба жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Стамбеков дауыс беруден қалыс қалуының себебін, жаңа өзгерістердің ел экономикасын, шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталмаған деп есептейтінімен түсініндірді.
"Ешкімге құпия емес, өткен жылдың соңында, сондай-ақ жедел түрде енгізілген жаңа Салық кодексінің пайда болуы үкіметтің макроэкономикалық "қысымда" екенін көрсетеді. Қысқаша айтқанда, салықтық түсімдер азайып, бюджет тапшылығы қауіпті деңгейге жетті. Ұлттық қордан алынған қарыздар ағымдағы шығындардың кассалық жетіспеушілігін жаба алмайды", – делінген Стамбековтың жазбасында.
Сонымен қатар депутат неге "қарсы" дауыс бермегенін де түсіндірді. Оның айтуынша, депутаттар мен сарапшылар екі ай бойы үлкен жұмыс атқарып, "үкіметтің ҚҚС-ты көтеру және B2B жүйесі бойынша ҚҚС төлеу шегін төмендету туралы талаптарын жеңілдетуге" тырысқан.
"Мен елдегі болып жатқан оқиғаларға депутат ретінде қатыстым деп ойлаймын. Менің дауысым "Аманат" партиясының көпшілік дауысының жанында ешқандай әсері жоқ екенін білсем де, осы өзекті тақырыпта "қарсы" дауыс беріп, хайп жасап көрсем де болар еді. Бірақ олай жасамадым. Оның үстіне, мен "хайп қуалауды" бастауға кеш қалған сияқтымын", – деп жазды депутат.
Депутаттың жазбасын өз Telegram арнасында журналист Михаил Козачков та жариялады. Ол сондай-ақ "депутат Ерлан Стамбеков жаңа Салық кодексіне қарсы дауыс берген депутаттарды хайпқұмарлар деп атады" деп мәлімдеді.
Оған "Ақ жол" партиясының басшысы Азат Перуашев жауап беріп, партиясы мәжілісте жаңа Салық кодексіне бірінші және екінші оқылымда да қарсы дауыс бергенін еске салды.
"Козачковтың біздің әріптесіміз Е. Стамбековтың бұл дауыс беру жайлы айтқан пікірін "хайпқұмарлық" деп түсіндіргеніне қатысты, біздің заңгерлер осы мәселеге парламенттік этика мен депутаттардың құқықтарын бұзылуын анықтау тұрғысынан зерттеу жүргізеді. Әр жағдайда да әркімнің өз пікірін білдіруге, соның ішінде парламентте дауыс беру арқылы айтуға құқығын құрметтеу қажеттігін санаймыз", – деп жазды Перуашев өз Telegram арнасында.
Жақында Стамбеков тағы бір жазба жариялап, өз сөздерін жеке қабылдаған әріптестерінен кешірім сұрады. Депутат жаңа Салық кодексіне қарсы дауыс берген әріптестерінің пікіріне құрметпен қарайтынын атап өтті.
Перуашев өз Telegram арнасында Стамбековтың кешірім сұраған жазбасына сілтеме жасап, "мәселе шешілді" деп мәлімдеді.
"Ерлан Стамбеков "хайпқұмарлық" туралы айтқан сөздерін түсіндіріп, "Ақ жол" фракциясындағы әріптестерінен, оның ішінде кодекстің қабылдануына қарсы дауыс берген депутаттардан кешірім сұрады", – делінген жазбада.
Еске салсақ, бұған дейін мәжіліс депутаттары Салық кодексіне енгізілген өзгерістерді екінші оқылымда мақұлдаған еді. Жаңа Салық кодексіне сәйкес, үкімет алғашында ұсынған қосылған құн салығына қатысты 20 пайыздық мөлшерлеме 16 пайызға дейін төмендетілді. Сондай-ақ ҚҚС бойынша міндетті тіркеудің шекті мөлшері 15 миллионнан 40 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды.

"Мәһрге наубайхана ашып беруді сұрадым": Египеттік жігітке тұрмысқа шыққан қазақ қызының тойы желіде қызу талқыға түсті
