"Хайп па, әлде сексуалды тақырыптардан ләззат аласыздар ма?": Желі қолданушылары "Астарлы ақиқат" бағдарламасын жабуды талап етті
Қазақстандық желі қолданушылары КТК арнасынан көрсетілетін "Астарлы ақиқат" бағдарламасын жабуды талап етті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Facebook желісіндегі "Айта берсін" тобында желі қолданушылары ток-шоудың "Қайын ата, қойын ата" шығарылымын сынға алып, бағдарламаны жабуды талап етті. Ұлт тағдырына алаңдаған жұртшылық ток-шоудың ұрпақ санасын улап жатқанын айтты.
Еске салайық, бағдарламаның бұл шығарылымы келінімен 8 жыл бойы жақындасып, кейін оған үйленіп алған Үсен есімді ер адамды көрсетті. Оның бұрынғы әйелі Гүлнар өз ақиқатын айтып, күйеуінің опасыздығын ел алдында жайып салды.
Ал Үсеннің баласы Рүстем әкесі мен әйелі арасындағы жақындықты кездейсоқ білген. Рүстем үлкен ұлының өзінен екеніне сенімді, ал одан кейінгі қызы мен тағы бір ұлын мойындау үшін ДНҚ сараптамасын жасамақ. Үсен де сынама тапсырады.
Бұдан басқа шығарылым кезінде Үсеннің қайын енесімен де жыныстық қатынаста болғаны белгілі болды.
"Түркістан - көне шаһар. Қазақтың рухани орталығы. Жалпы, Оңтүстікті қазақы тәрбие, салт-дәстүрді берік ұстанған деп жатамыз. Қыздары ибалы, келіндері инабатты.
Халқым ренжімесін. КТК телеарнасындағы "Астарлы ақиқат" бағдарламасын көріп, Қасиетті Түркістанда азғындар тұра ма деп қаласың?
Кәмелет жасқа толмаған қызды зорлаған, енесі мен келіні дүние бөлісе алмаған, тағысын тағы. Енді бүгінгі шығарылымы тіптен сұмдық. Қайын атасы келінімен төсектес болып, қашып кеткен. Не деген сұмдық. Мен ашудан өз ойымды жеткізе алмай отырмын. Сонда Түркістан облысында қоғамдық тәрбиемен айналысатын ешкім жоқ па? Ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелеріміз қайда? Әкімшілік қайда? Бұндай бағдарламалардың түсірілуіне неге жол бересіздер?
"Астарлы ақиқаттың" редакторы мен жүргізушісі хайп па, әлде осындай сексуалды тақырыптардан кайф аласыздар ма? Неге кейіпкерлердің көбі оңтүстіктен? Сонда ол жақта өңшең сексуалдық сипаттағы проблемалар ғана бар ма екен? Намысты жастар қайда? "Астарлы ақиқат" бағдарламасына шектеу қою керек!
Дина Төлепберген рейтинг үшін өлдің бе? Кім жазып берсе де 18 млн халықтың алдында ұятсыз сұрақтарды қалай қоясыз, аузыңыз қисаймай? "Назакат, айтып берші Керім екеуің қалай болдыңдар?" деп қайта-қайта сұрайды. Сонда ол қандай жауап естігісі келіп тұр... К..ттің проблемасы КТК каналының өзектілігіне айналғандай. Бүгінгі қойын ата тақырыбындағы бағдарламаны көріп жағамды ұстап отырмын. Ешқандай мән-мағанасы жоқ, арсыз бағдарлама.
Мен ертең көрсетілетін бағдарламаның жалғасы көрсетілуге қарсымын", - деп жазды Бақытты Денсаулыққызы.
Оның бұл бастамасын желі қолданушылары қолдай кетті.
"Расымен жүрек ауыртатын уақиғалар. Еркектеріміз ойлары бұзылып есілдерттері төсек, екі әріптен аспай тұр. Жесір қатын мен жалғыз басты аналарды көрсе қамқорлық танытып, жетімдерінің басынан сипап, азаматтық танытудың орнына, саған секс керек, сенің организмің қажет етеді деп әуле сынақ боп өздерінің арам ойын жетегімен өз өздерін солай еркектігін көрсетіп жатқандары. Нағыз қазақ қандай болған. Ертеректе аталарымыз қандай болған бұрыннан барма осындай азғындау. Біз тек техника дамып интернет желісі таралғаннан бері сол шындықтар ашылып масқара екенімізді көрсетіп енді әділдікке жетіп жатқандаймыз. Бұл бұрыннан бар болып тұр. Тек Дина ашып отқан уақиға емес екенін ажырата білейік, қазағым. Одан да ер дейтін ер азаматтарымыз, ақыл айтып отыратын ақ сақалды аталарымыз ететін жиса екен. Екі әріптен аса алмай масқара бола бермей!", - деді Феруза Тұнғышбаева.
"Қарсымын, мән мағынасы жоқ, көрпенің астындағы тірліктен басқа айтары мен көрсетері қалмаған сияқты. Соған кейіпкерлер де ұялмай шыға береді. Шамасы ақша төленсе керек. Қазір қоғам ақша табуды ғана ойлап кетті ме дейсің. Елдің осындай төмен деңгейге жетуін қарастыратын адам жоқ", - деп пікір білдірді Ақнұр Түркістанбаева.
Сонымен қатар кейбір азаматтар арсыз қайын ата мен келінді жазалауды ұсынды.