"Ханның қызысың ба": Әбдіхалықованы сынға алған Сандуғаш Тұрлыбекова халыққа тағы да үндеу жолдады

Жаңақорған қаласының тұрғыны Сандуғаш Тұрлыбекова Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіхалықованы жолдардың жабылып қалғанына байланысты сынға алған болатын. Осыдан кейін әйел көпшілікке тағы да үндеу жолдады,  деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Сандуғаштың айтуынша, кейбіреулер одан даулы видеоны алуын талап етіп отыр екен.

Сандуғаш Тұрлыбекова Гүлшара Әбдіхалықованы аудандарға жұмыс сапары кезінде жолды жабуға тапсырма берді деп айыптаған болатын. Әкіммен бет-бетпе кездескен кезін видеоға түсірген ол, Әбдіхалықоваға дүрсе қоя берді.

"Сіз жолды жабуды бұйырдыңыз ба? Сіз ханның қызысыз ба? Неге сіз халықты қинайсыз, неге халықпен бірге емессіз?", - деді Сандуғаш Тұрлыбекова.

Кейіннен Гүлшара Әбдіхалықова ешкімге жолды жабуға тапсырма бермегенін мәлімдеді.

"Мен де, аудан әкімі де мұндай тапсырма берген жоқпыз. Егер шешімді учаскелік полиция қызметкері қабылдаса, оның іс-әрекеті қарастырылатын болады", - деді әкім.

Қызмет қарау нәтижесіне сәйкес, видеодағы Шыңғыс есімді учаскелік полиция қызметкеріне қатаң сөніс жарияланыпты. Оған өз аймағында қоғамдық көлікті себепсіз тоқтатты деген айып тағылған. Рас-өтірігін білмек болып телеарна тілшілері полицейге хабарласқан, бірақ ол жауап беруден бас тартты.

"Оған жауап бере алмаймын. Басқалардың айтуымен ғана сөйлесе аламын, сол кісілердің, басшылардың рұқсатымен", - деді учаскелік полицей Шыңғыс.

"Иә, басшысының рұқсатынсыз саусағының ұшын да қимылдата алмайтын қызметкердің өз бетінше шешім қабылдады дегенге сену қиын-ақ", - деп атап өтті телеарна тілшісі.

Осы орайда видеоңды өшір деп Сандуғаштың мазасын алып жатқандар да бар екен.

"Айран ішкен құтылады, шелек жалаған тұтылады" деп, сонда жолды жапты деп ана учаскелік полицей кінәлі, қолғап сұрады деп санитар кінәлі, екеуін жұмыстан шығарайын деп жатыр деп естідім. Тағы да заңсыз әрекетке барып жатырсыздар. Мені мазалауды тоқтатыңыздар, Сандуғаш видеоны ал деп. Мен ешқандай видеоны алмаймын", - деді ол.

Сандуғаш осыған дейін де сан мәселені көтеріп келген. 

Дегенмен соңғы кездері Сандуғаш Тұрлыбекованың жеке басын қорлайтын видео желіде тараған. Осыған орай белсенділер наразылық білдіріп, Сандуғашты қорғауда.

"Қатын көп болса шөмішті ит жалайды! Індет өршіп тұрғанда , қатыны бар еркегі бар екі жаққа бөлініп алып неге Сандуғаш Тұрлыбекованы жерден алып жерге салып жатсыңдар? Іш тарлық! Басқа ештеңе де емес! Бастығының табанын жалаған қара күшіктер! Түңгі видеосын салып жібергенде жүректерің бүлк етпеді ме? Бір аудандағы кішкентай қызмет үшін адамның өміріне балта шабуға қалай жүректерің мен ар-намыстарың жіберді ? Енді Сандуғашты қараламақ түгілі , аспаннан пайғамбарлардың бәрі келіп , араша түссе де мына халық әкімдікдікі дұрыс деп айтпайды! Пікір естуге дайын болмасаңдар басқа жұмыс істеңдер! Халық ерігіп жүрген жоқ! Халық сендерге сеніп отыр!", - деп жазды желі қолданушысы Қайрат Шайхиев.

Осы жағдайға байланысты Сандуғаштың өзі де пікір білдіріп, тағы да үндеу жолдады.

"Сіздердің сұрауларыңыз бойынша үндеу жарияладым.Мен ешқандай биліктің жобасы емеспін, қарапайым анамын! Билікке қызықпаймын! Тек әділдік керек! Мен жайлы әңгіме қозғауды доғарыңыздаршы, жеке өмірімді де. Өзіммен өзім дарылдап жүрген адаммын! Билікке қатысым жоқ! Бұлай бір біріңізді ондай мұндай екен деп талай берсеңіздер әділдік орнамайды, біріңнің етіңді бірің жеуді қашан тоқтатасыздар!", - деді Сандуғаш Тұрлыбекова.

Сонымен қатар, ол Қызылорда қаласы бойынша "Ақжүніс" аналар қозғалысының жетекшісі екенін мойындады. Ал осы өозғалыстың басты жетекшісі Сәуле Әбілдаханқызы Гүлшара Әбдіхалықовадан өзінің баспасөз хатшысы Нұрбол Бакировты жұмыстан шығаруды талап еткен.

"Жаңақорған аудандық әкімшілігінде баспасөз хатшысы болып қызмет атқаратын Нұрбол Бакировтың қызметінен кетуін талап етеміз . Сіздің Жаңақорған ауданына барған іс-сапарыңызда, жолдың жабылуын Нұрбол Бакиров өз мойнына алып , Жаңақорған ішкі істер органдарының учаскелік полиция қызметкері Шыңғысқа ( тегін анықтай алмадық ) жол жабу туралы өтініш айтқаны белгілі болған. Жаңақорған кентінің тұрғыны , Ақжүніс белсендісі – Сандуғаш Тұрлыбекованың тікелей эфирінен кейін әртүрлі фэйк аккаунттардан Сандугаш Тұрлыбекованың жеке бас мүддесін қорлайтын видео, публикациялар жарияланды. Нұрбол Бакировтың өз қызметін асыра пайдаланғаны , оның ережеге сай келмейтін іс - әрекеттері Қызылорда облысының әкімі – сіздің және Жаңақорған ауданы әкімдігінің мемлекеттік мүдделеріне кір келтірді деп есептейміз", - деп жазды Сәуле Әбілдаханқызы.

Ол Нұрбол Бакировты жұмыстан босату туралы талап қойды.

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр