Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ханкөл ауылының тұрғындары қыздың елесі туралы шындықты айтты

"Уральская неделя" журналистері қыздың елесі туралы ақпарат тараған Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданының Ханкөл ауылына барып, жергілікті тұрғындардан оқиғаның жай-жапсарын біліп қайтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Ханкөл Оралдан шамамен 250 шақырым жерде орналасқан. Тілшілер жергілікті тұрғындармен сөйлесу үшін ауылға баруға және мүмкін болса, елес көргендерді табуға бекінген.

Жусандой ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Ербол Бақытжанов келген журналистерге елес туралы қауесетке сенбейтінін айтты.

"Біздің ауылдық округ үлкен. Оның құрамына Ханкөл ауылы кіреді. Онда 494 адам тұрады. Бұл қауесет сол жерден шыққан. Ауылға "КамАЗдың" келгені, оның жүргізушісі көлігінде елес бар деп сендіргені - рас. Мұндай факт болды. Бірақ жолда аққұба қыздың елесін көрген деген нәрсе - бұл қауесет, басқа ештеңе емес. Біз бұл елесті көрген адамды таппадық. Бұл анық өтірік. Ол жай әлеуметтік желілер арқылы тарады. Садақа шынымен де таратылды, бірақ бұл елеске байланысты емес. Мен өзім бұған сенбеймін. Біз жыл сайын салт-дәстүрді ел мен жердің игілігі үшін өткіземіз. Биылғы жылы ауыл әкімімен және ақсақалдармен ақылдасып, аз ғана адаммен балабақшада өткіздік. Әлеуметтік желілерде таралған бейнелер мен фотосуреттер бізде түсірілмеген, өйткені бұл фотосуреттерде жол асфальтталған, белгілері бар. Сіз өзіңіз, бізге келгенде, асфальттың жоқ екенін көрдіңіз. Сондықтан, бұл жалған, және бізге ешқандай қатысы жоқ. Бұл өсек әлеуметтік желілерде тарай бастады, бұл жерде елестер үйлердің терезелерін қағып, жолдармен жүретін сияқты. Мұның бәрі - өтірік. Мен ешқандай елес көрген жоқпын, және мен оған сенбеймін", - деді әкімдік қызметкері.

Ханкөлде журналистер 77 жастағы қария және ауыл ақсақалы Беркин Оразовпен кездесті.  Қария қыздың елесімен болған сенсациялық оқиға туралы естіген екен.

"Елес туралы соңғы рет садаққа бара жатқанда естідім. Салтанатты шараға Егіндікөл мен Қоскөлдің тұрғындары қатысты, солар елес көрген. Олардың айтуы бойынша, Ханкөлге келе жатқанда елес көрінген. Егер елес шын болғанда, оны біздің, жергілікті тұрғындардың бірі көрген болар еді. Біз көптеген жылдардан бері далада мал бағып келеміз, түн ортасында жүреміз, неге оны көрмедік?", - деді зейнеткер.

Осыдан кейін басылым қызметкерлері орта жастағы екі ер адаммен сөйлесті.

"Біз осы ауылда туып-өстік, ешқандай елес көрмедік. Бұл оқиға қайдан шыққанын және оны кім тарата бастағанын білмеймін, бірақ ол бүкіл елге тарады. Алайда ауыл тұрғындарының ешқайсысы ешқандай елес көрмеді. Мен бұған сенбеймін", - деді Қазбек есімді ауыл тұрғындарының бірі.

Оны Серік есімді қасындағы адам да қолдады.

"КамАЗ жүргізушісі елесті көргенін немесе оның көлікке отырғанын айтқан жоқ. Ол ауылға түнде емес, таңертең 10-да келді. Мен сол жүргізушіні көрген таныстарымнан сұрадым - жүргізуші оларға ауырып қалғанын айтып, оны Қаратөбеге апаруды өтінген. Бұл жағдай шілде айында болды, ал қазір мұның бәрі жақында болды деген ақпарат таралып жатыр. Адамдарды олай қорқытуға болмайды.  Енді бізде адамдар түнде дәретханаға шығуға немесе түнде бір жерге баруға қорқады. Мен адамдарды бұл қауесеттерге сенбеуге шақырамын", - деді Серік.

Ауылды мекендеген басқа азаматтар да қауесетті жергілікті тұрғындар таратпағанын, және ешқандай елес жоқ екенін айтты. Алайда, КАМАЗ жүргізушісіне қатысты әртүрлі нұсқалар болды - біреулері оның жергілікті тұрғындардан ауруына байланысты өзімен бірге баруды сұрады десе, басқалары жүргізуші жолдағы елестер туралы айтты деп мәлімдеген.

Ауылдан кетіп бара жатып, журналистер қыздың елесін көрген жолмен жүрген. Дегенмен олар таңқаларлық ешнәрсе көрмеген.

Талқылау