Жасанды интеллект Halyk сақтандыру жұмысын қалай өзгертті?
Жасанды интеллект қарқынды дамып, күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Қазір ғылымды зерттесек те, науқасты емдесек те, құжат тапсырсақ та, тіпті тамақ пісіріп, үй жинасақ та жасанды интеллект элементтері қосылған құрылғыларды қолданамыз. Бүгінгі материалда Stan.kz агенттігі жасанды интеллект еліміздегі қандай салаларда белсенді қолданылып жатқанын шолып, несімен тиімді екенін тарқатып жазады.
Қазақстанда жасанды интеллект қалай қолданылып жатыр?
Қазақстанда жасанды интеллект мемлекеттік және жеке секторларда енгізіліп жатыр. Денсаулық сақтау, көлік, білім беру және қаржы жүйесі сияқты салаларда ЖИ қолдану халыққа қызмет көрсетудің сапасын жақсартуға көмектеседі. Мәселен, біраз жылдан бері адамдар Damumed қолданбасы арқылы ауруханаға бармай-ақ, дәрігерге жазыла алады, денсаулығына қатысты талдау нәтижелерін ала алады. Бұған қоса ЖИ негізінде істейтін технологиялардың арқасында науқастардың диагноздары ерте анықталып, дер кезінде ем-дом алуға мүмкіндік беріп отыр. Оқушылар мен студенттер түрлі технологияның арқасында сабаққа онлайн қатысып, тапсырмасын жібере алады. Дарынды оқушылар ЖИ арқылы экологияға, мүгедектігі бар азаматтарға, ІТ саласына пайдасы бар роботтар ойлап тауып жатыр. Кейбір оқу ордасына, мемлекеттік мекемелерге қауіпсіздік үшін саусақ ізі, бет-әлпетті тану арқылы ғана кіруге болады.
Мемлекеттік ресми ресурс саналатын Egov.kz те жасанды интеллект негізінде істейді. Мәселен, оның цифрлы көмекшісі ел азаматтарының түрлі сауалына жауап бере алады. Азаматтар мемлекеттік қызмет көрсету орталығына бармай-ақ, қызметтерді қашықтан ала алады.
Жасанды интеллект мүмкіндіктерін банктер де тиімді пайлаланып жатыр. Ол банкке қатысты ресми әрекеттерді қашықтан лезде істеуге мүмкіндік береді. Адамдар тауар, коммуналды қызмет, жолақысы сияқты түрлі төлемдерді онлайн төлей алады.
Жасанды интеллект Halyk сақтандырудың қызметін қалай өнімді етіп жатыр?
Жасанды интеллект элементтерін ұтымды қолданып жүргендердің бірі – Halyk cақтандыру. Halyk сақтандыру қызметін жақсарту үшін әрі жеңілдету үшін жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолдануды жөн көреді. Мәселен, сақтандыру компаниясы жасанды интеллектіні зақымданған көлікті талдау үшін пайдаланады. Жасанды интеллект көліктің суретіне қарап, оның қаншалық зақымданғанын, оны жөндеуге қанша қаражат кететінін, жалпы шығынын есептеп, талдап береді. Құжаттарды реттеп, деректерді өңдейді.
Зақымданған көлікті жасанды интеллект арқылы талдағанның кәдімгі әдіске қарағанда бірқатар артықшылығы бар:
- Тез әрі тиімді. Жасанды интеллект адамға қарағанда деректерді тез талдап, өңдейді. Осылайша, бұдан уақыт үнемдеуге болады.
- Нақты. Адам зақымданған көлікке қатысты ақпаратты талдап жатқанда, деректерді өңдегенде қателесуі мүмкін. Бұл – адам үшін қалыпты нәрсе. Ал жасанды интеллект алгоритмі көліктің мәселелерін, зақымдарын нақты, дәл бағалап береді.
- Бейтарап. Жасанды интеллект адам сияқты жеке көзқарасқа ие емес, сол себепті кез келген жағдайды, деректерді кез келген уақытта бейтарап өңдейді.
- Шығынды азайтады. Процестерді жасанды интеллект арқылы автоматтандырғанның арқасында операция шығындарын қысқартуға болады. Бұл компанияның және клиенттердің шығынын азайтып беруі мүмкін.
ЖИ жасаған барлық есеп пен талдауларды білікті мамандар тексереді. Олар ЖИ-дің жұмысының дұрыс-бұрысын анықтап, қажет жағдайда түзете алады. Сондай-ақ мамандар алгоритмнің қаншалық анық әрі дәл нәтиже беретінін жүйелі түрде тексеру үшін оны тестілеп отырады. Тұтынушылар өзінің зақымданған көлігіне қатысты ақпаратты талдағанда қандай құралдар қолданғанынан толық хабардар болады. Клиенттер жасанды интеллект алгоритміне күмән келтірсе, аппеляцияға бере алады. Кейін ол адамның деректерін кәсіби мамандар қарап шығады.
Сонымен қатар ЖИ деректерді талдап, күдікті үлгілерді анықтай алады. Ал бұл алаяқтықтың алдын алуға мүмкіндік береді. Алайда бұл үлгілерді қолдану үшін белгілі бір көлемде зерттелген ақпарат қажет.
Қорытындыласақ, Қазақстандағы жасанды интеллект технологиялары елдің түрлі саласын дамытуда маңызды рөл атқарады. Halyk Сақтандыру компаниясының тәжірибесі бұл технологияның тиімді тұсы мен әлеуетін нақты көрсетіп отыр. Жасанды интеллект жұмыс процесін жеңілдетіп, уақыт пен ресурстарды үнемдеп қана қоймай, халыққа көрсетілетін қызмет сапасын жаңа деңгейге көтереді. Бұл технологияның болашағы зор. Ал Қазақстан оның мүмкіндіктерін толықтай пайдалануға дайын.