Halyk Bank Жаңаөзенде 3,5 миллиард теңгеге қайырымдылық жобаларын жүзеге асыруда
"Халық" қайырымдылық қоры Жаңаөзен қаласы тұрғындарына балаларға арналған спорт пен ойын алаңдарын сыйға тартты. Алаңдардың салтанатты ашылуы жоғары деңгейде өтті. Одан бөлек, қор жыл соңына дейін қаланың 20 орнында спорт және ойын, футбол алаңдарын орнатуды жоспарлауда. Мұның барлығы Жаңаөзен қаласының 55 жылдығына орай қала тұрғындарына тарту болмақ. Жобаның жалпы бюджеті 415 миллион теңгені құрады.
Бұл Halyk Bank пен "Халық" қайырымдылық қорының Жаңаөзен қаласы мен Маңғыстау облысындағы әлеуметтік қызметтерінің бір бөлігі ғана. Тамыз айында қор мен облыс әкімдігі бірқатар меморандумдарға қол қойды. Соған сәйкес, Halyk Бейнеу астық терминалының жұмысын қайта іске қосу жобасын, Жаңаөзен қаласында тұщыту зауытының құрылысын, және Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылындағы суды тұщыту зауытының құрылысын және Жаңаөзен қаласындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенін қаржыландыруды қолға алған. Бұл жобаларға барлығы 3 миллиард 550 миллион теңге бөлу жоспарлануда.
“Республика күні және Жаңаөзен қаласының 55 жылдығы қарсаңында "Халық" қайырымдылық қоры "Мұнайлы" шағын ауданында қала тұрғындарына заманауи үлгідегі спорт кешенін сыйға тартты. Бұл нысан тек спорт сүйер қауым үшін ғана емес, барша жаңаөзендіктер үшін де өте маңызды. Өйткені салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылданғысы келетіндердің саны жыл санап артып келеді. Айта кетерлігі, өткен жылы "Халық" қорының қолдауының арқасында 14 спорт нысаны іске қосылса, биыл қосымша 20 спорттық инфрақұрылымдық жоба қосылмақ", – деді қала әкімі Айбек Қосуақов.
“Маңғыстау облысы мен Жаңаөзен қаласы әрқашан біздің назарымызда. Халықтың әлеуметтік сұранысын ескере отырып, Маңғыстау облысында жобаларды жүзеге асыруға бөлінетін қайырымдылық көмек көлемін 6 есеге жуық ұлғайтып, 3,5 млрд теңгеге дейін жеткізу туралы шешім қабылданды”, – деп хабарлады "Халық" қоғамдық қорының басқарушы директоры Нариман Әбілшайықов.
Мұнымен, Halyk балалар спорты мен ойын алаңдарын тек Жаңаөзен қаласында ғана ашқан жоқ. 100 жылдық мерейтойында банк "100 игі іс" акциясы аясында Қазақстанның 25 қаласына мүгедектерді тасымалдауға арналған жеке таксилерді, балалар алаңдарын, шағын футбол алаңдарын сыйға тартты. Бұл қайырымдылық бастамалардың құны шамамен 500 миллион теңгені құрады.
Жалпы алғанда, 2022-2023 жылдар аралығында Halyk Bank пен "Халық" қайырымдылық қорының құрылтайшылары Тимур мен Динара Құлыбаевтар республика бойынша қайырымдылық жобаларына 43 миллиард теңгеден астам қаржы аударды.