"Халықтың 500 миллион теңгесі қайда кетті?": Теміртауда тұрғындар кішкентай алаңның үш жылдан бері салынып бітпегеніне наразы
Фото: Видео кадрларынан
Теміртауда жергілікті тұрғындар бірнеше жылдан бері аяқталмай келе жатқан демалыс алаңының құрылысына байланысты наразылық білдіріп жатыр. Бұл жобаға мемлекеттік бюджеттен 423,5 миллион теңге бөлінген. Алайда алаңда ағаштар қурап, аумақ қоқысқа толған. Ал балалар ашық жатқан электр сымдарының қасында ойнап жүр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Деректерге сүйенсек, жобаны екі жыл ішінде аяқтау көзделген. Мердігер ретінде астаналық "ИКАС" ЖШС таңдалған. Алайда құрылыс басталғанына үш жыл өтсе де, демалыс алаңы пайдалануға әлі берілмеген.
"Халықтың 500 миллион теңгесі қайда кетті? Қайда сол ақша? Үш жылда қайда жұмсалды? Мұнда 500 миллион теңге тұр деп ойламаймын. Қарасаңызшы, осы жер ме сонша ақшаны қажет еткен?", – деді жергілікті тұрғындардың бірі.
Тұрғындардың айтуынша, мұнда қураған қайыңдар, арамшөп, шашылған қоқыс, жерден шығып жатқан электр сымдары мен сынық құрылымдар ғана бар. Ал бұл жағдай үшін аудан депутаты Алексей Ломакин мен жобаны бақылауға тиіс қалалық әкімдік жауапты екен.
-
Қазақстан Қарашығанақта газ өңдеу зауытын салу үшін шетелдік акционерлерден бас тартты
-
Олигархтардан қайтарылған 160 миллиард теңге Қазақстанды сумен қамтуға жұмсалады
"Мәселе неде? Үш жылда мына алаңды ретке келтіре алмай отырғандары несі? Үлкен де емес. Басқа елдерде қалалар, парктер, тұтас шағынаудандар салынып жатыр. Ал бізде кішкентай алаңды үш жылда аяқтай алмай отыр. Бұл – күлкілі жағдай", – деп ашынды ол.
Тұрғындар сонымен қатар бұл орында бейнебақылау камералары босқа тұрғанын да алға тартты. Ал олардың жұмысына бюджеттен ақша бөлінуі жалғаспаған.
Ресми түрде алаң пайдалануға берілмегендіктен, оны күтіп-ұстау мен тазалыққа жауапкершілік – мердігер компанияның мойнында. Алайда тұрғындар мердігер де, әкімдік те, депутаттар да бұл жобаны аяқтауға енді қызығушылық танытпай отыр деп санайды.

Қазақстандық блогерлер "лотереяға" тыйым салатын заңды айналып өтудің жолын тапты
