"Халықтың 1200 гектардан аса жер телімін өткізіп алған": Алматы облысында тұрғындар мен серіктестік арасында жанжал туды
Алматы облысындағы Көктал ауылының тұрғындары бір ғана серіктестікке берілген мың гектардан астам жердің халыққа қайтарылуын талап етуде, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Информбюро” жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.
Айтуларынша, "Көктал агро" серіктестігінің қожайындары ауылдағы 1200 гектардан аса телімді қоршап, жан-жағын қазып, халықты жерсіз қалдырған. Ал, серіктестік басшылары жерді заңды түрде алып отырмыз, жұмысшымыздың көбі осы ауыл азаматтары дейді.
13 мың адам қоныстанған ауылда отырып не мал ұстай алмаймыз, не егін еге алмаймыз деген көкталдықтар шыдаудан шаршадық дейді. 300-ден аса тұрғын жиналып, "Көктал агроға" қатысты реніштерін тізіп берді.
“Мұны мал кірмес үшін қоршап тастаған. Мың гектар жерімізді алып, оны қоршап, сыртын қазып тастаған. Бұл сұмдық қой”, – дейді Көктал ауылының тұрғыны Айдос Малыбаев.
Ауыл тұрғындарына келген "Көктал агроның" директорын халық тыңдамады. "Көктал агро" серіктестігінің директоры қазір 1150 бас сауынды сиыр ұстап, тәулігіне 13 тонна сүт алып, оны Талдықорғанға жөнелтеміз дейді.
Ол мың гектардан аса жерді қоршап алғанын жасырмайды.
Тұрғындардың айтуынша, мыңнан аса сауынды сиыр ұстап отырған "Көктал агро" тура ауылға тиіп тұр және онда санитарлық талаптар мүлдем сақталмайды. Серіктестік болса, барлық талап сақталған дейді. Ал аудан әкімі әдеттегідей бір серіктестікке жердің қалай берілгенін тексереміз деп шектелді.
“Жердің мәселесін біз тексереміз. Заңды түрде. Осы жерде тұрып алып, жәй сөзбен "жерді тартып аламыз, мына жерді тартып береміз" деп мен айта алмаймын. Мен Үкіметтің адамымын”, – дейді Панфилов ауданының әкімі Талған Өмірәлиев.
"Көктал агро" мемлекет қойып отырған талаптың бәрін орындап жатырмыз дейді. 150 адамды жұмыспен қамтығандарын, оның сыртында 700 миллионға дейін инвестиция тартып жатқандарын айтады. Ал халық "Көктал агро" ашылғанда мыңдаған адамды жұмыспен қамтимыз деп уәде берген дейді. Сондықтан, "құрғақ уәдеге сеніп қалдық" деген көкталдықтар жерді қайтарып алғылары келеді. Самал Қабышева, Мерей Толқыновм

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
