Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"500 күн өтсе де әділдікке қол жеткізе алмадым": Алматыда 7-қабаттан құлап қаза тапқан Ақнәрдің анасы Тоқаевтан көмек сұрайды

марқұмФото: Коллаж Stan.kz

Былтыр шілде айында 22 жастағы Ақнәр Гүлстан Алматыдағы тұрғын үйлердің бірінің 7-қабатынан құлап, қаза тапқан еді. Арада 1 жарым жыл өтсе де бұл іске қатысты тергеу әлі күнге дейін жалғасып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ақнәрдің анасы Гүлстан Хамитова істің қазір қалай жүріп жатқанын айтты. Сөзінше, Антикор істі тергеуді 25 тамызда бастаған. 

“25 тамыздан бастап Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі тергеуді бастады. Қазір тергеп-тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Сот-медициналық, психологиялық сараптама жүріп жатыр”, – дейді марқұмның анасы.

Десе де Гүлстан Хамит бұл істің 1 жарым жылдан бері әлі тергеліп жатқанына таңданысын білдірді.


"Жақсы достар шынымен де жақсы бола бермейді": Терезеден құлап қаза тапқан 22 жастағы Ақнәрдің күнделігі жария болды


"Құрбысы алдап шақырып, шығармай қойған": Алматыда терезеден құлап қаза тапқан қызға қатысты жаңа видео тарады


“Бұл – резонанс тудырып отырған іс. Оның талқыланып жатқанына да міне 7 ай болды. Үмітім мен күдігім 50-50. Істі Астанаға апарып, комиссия құрып, тағы тергесін деп шағым білдірдім. Себебі Алматы қалалық прокуратурасының табалдырығын тоздырып, жылап-еңіреп жүргеніме 1 жылдан асты. Бұл істен олардың хабары бар ғой. Неліктен тергеу аяқталмай жатыр”, – дейді Гүлстан Хамитова. 

Марқұмның анасы құқық қорғау органы өкілдері тергеуді дұрыс жүргізбесе халықаралық ұйымдардан көмек сұрайтынын айтты.

“Істе қанша ағаттық бар. Оқиға орнына барған жедел-тергеу тобы, құқық қорғау органы өкілдері мен тергеушілер істі созып, мені шаршатқысы келетін шығар. Алайда мен шаршамаймын, соңына дейін барамын. Құқық қорғау органы өкілдері істің ақ-қарасын шеше алмаса Халықаралық ұйымдардан көмек сұраймын. Халықаралық сарапшыларды да шақыруға дайынмын”, – дейді марқұмның анасы. 

Тоқаевқа үндеу

Марқұм Ақнәр Гүлстанның анасы әділдікке қол жеткізе алмай жүргенін айтып, президент Тоқаевқа үндеу жолдады. 

“Қызымның қайтыс болғанына тұп-тура бес жүз күн болды. Осы бес жүз күннен бері әлі әділдікке қол жеткізе алмай келе жатырмын. Үздіксіз шағымдануымның нәтижесінде іс Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеуіне берілді. Десе де әлі де толыққанды шешім шыққан жоқ. Менің жалғыз қызымды өлтіргендер жазаланбай жатыр. Бұл істі жабуға болмайды. Мемлекет басшысы араласып, әділ шешім шығаруға көмектеседі деп әлі де үміттенемін”, – деді қайғы жұтқан ана.

Гүлстан Қамит әділ шешім шығатынынан үмітті екенін жеткізді. 

“Күдіктілер әлі ұсталмады”

Гүлстан Хамиттың сөзінше, күдікті делінген екі қыз әлі ұсталмаған. Қазір Алматыда жүр екен. Осылайша марқұм Ақнәрдің анасы 2024 жылы 20 шілдеде Бас прокурор Берік Асыловқа ресми арыз-шағым жолдағанын айтты. Гүлстан Қамит Бас прокурордан төмендегі шараларды қабылдауды сұраған:

Тергеудегі барлық заң бұзушылықтарды толық зерттеп, тексеру жүргізу;

Ақнәр Гүлістанның өліміне қатысты №24751403101194 қылмыстық істі 105-баптан (Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу, өзін-өзі өлтіруге көндіру немесе өзін-өзі өлтіруге ықпал ету) 99-баптың 2-бөлігіне (кісі өлтіру) қайта дәрежелеу:

Шекарадан заңсыз өткен Мұхият Дидарды Қазақстанға қайтаруды қамтамасыз ету;

Қылмыстық істің объективті жүргізілуін қатаң бақылауға алу;

Барлық дәлелдердің бар екеніне сүйеніп, Мұқият Дидар мен Рана Асқарды күдікті деп танып, қамауға алу;

Қылмыстық істің осы уақытқа дейін бұрмаланғанын анықтап, кінәлі қызметкерлерді жауапқа тарту.

Гүлстан Қамит Бас прокуратурадан бұл істің әділ тергелуін, өлімі жұмбақ жағдайдағы қыздың құқығы қорғалуы керек екенін жеткізеді. Оның айтуынша, қазір тергеудің сапасы мен полиция қызметкерлерінің әрекеті қоғам тарапынан да, құқықтық нормалар тарапынан да күмән туғызып отыр.

Марқұм Ақнәр Гүлстанның қазасы бойынша адвокат Инга Иманбайдың айтуынша, қазір іс тергеліп жатыр. 

“Айтарлықтай жаңалық жоқ. Қазір Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі тергеуді жүргізіп жатыр”, – дейді адвокат Инга Иманбай.

Ақнәрдің қазасы

Айта кетейік, қайғылы оқиға 2024 жылдың шілде айында болды. 22 жастағы Ақнәр Алматыдағы тұрғын үйлердің бірінің жетінші қабатынан құлап қайтыс болған. Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, полиция әлі күнге дейін істі тергеп жатыр. 

Арада бір жылдан аса уақыт өтті. Марқұмның туыстары істің созбаққа салынғанына наразылық білдіріп, дабыл қағып жатыр. Арнайы ұйымдастырылған баспасөз конференциясында Ақнәрдің анасы Гүлстан полиция қыздың өлімін суицид деп квалификациялап отырғанын, бірақ қыздың денесінде зорлық-зомбылық белгілері анықталғанын айтты. Оның сөзінше, марқұм қызының денесінде тістелген, тырналған жерлер бар. Сондай-ақ тырнағы сынып, шашы жұлынған екен.

Марқұмның туыстары қыздың телефонынан алынған видеоларды да жариялады. Олардың пікірінше, бұл видеолар Ақнәрді терезеден лақтырмас бұрын түсірілген. Видео қызды қорлап, азаптағанын дәлелдейді.

Ақнәрдің анасы қайғылы оқиға күні қызының жанында болған екі құрбысын оқиғаға қатысы бар деп есептейді. Алайда олар жауапқа тартылмаған, тек куәгер ретінде жүр. Бұдан кейін марқұмның анасы тергеудің созылуына шағымданып, Президентке видеоүндеу жолдап, әділ тергеуді талап етті.

Тергеуді созып жатыр деген айыптауларға полиция ресми ақпаратпен ғана шектелді:

материалдарды жинау және талдау жалғасып жатыр;

куәгерлерден жауап алынып жатыр;

оқиға орнындағы видеолар да зерттеліп жатыр. 

Сонымен қатар, тергеу барысы қалалық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында екенін хабарлады.

Жұмаділлә Нұрила
Дүйсенбі, 24 Қараша, 2025 15:00