Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Халық қайта көмір мен тезек жағуға көшеді": Депутат зайсандықтарға газ тартқан компанияның банкротқа ұшырайтынын айтты

Депутат Ермұрат Бапи үкіметке Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданының бір топ тұрғындарының  өтінішін жеткізді. Өтінішке қол қойғандардың басым көпшілігі "Тарбағатай-Мұнай" (ТМБ) серіктестігінің жұмысшылары. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Депутат халық өтінішінің қысқаша мазмұнын баяндап берді. 

“2007 жылдан бері Зайсанның Сарыбұлақ кенішінде өз қаражатына барлау жүргізіп, оны өз күшімен және шетелдік инвестицияның көмегімен ашқан. Облыс әкімшілігінің сұранысы бойынша 7 миллион доллар жеке қаражатына Зайсан тұрғындарына газ тартып берген компания бүгінде банкрот болудың алдында отыр. Осы өтініштің ізін қуып, Зайсан газшыларымен және облыс әкімі Ермек Көшербаев мырзамен кездесіп, мән-жайға қанықтым. Әрине, Зайсан аймағындағы ірі жұмыс беруші компанияның банкроттық жағдайға тап болу қаупіне облыс әкімі де қатты алаңдаушылық білдіріп отыр”, - дейді ол. 

Депутат атап өткендей, компанияның банкрот болу себебі екеу. Біріншіден Зайсандағы газдың қоры түгесілуге тақау. Енді бірер жылда жергілікті халық қайтадан "таз кепешін" киіп, көмір мен тезек жағуға көшеді. Газ қорының шектеулі екені әу баста билікке ескертілген.

“Екіншіден, және ең бастысы – "Тарбағатай-Мұнай" компаниясын салық және прокуратура органдары "қылқындырып" тастаған. Салықтық міндеттерді тексерудің көпе-көрнеу бұрмалануы салдарынан серіктестікке 10 миллиард теңгенің қосымша салығы мен өсімпұлы салынған. Егер "саусақтан сорылып" салынған осы салықтың салдарынан серіктестік өз жұмысын тоқтататын болса, 200-ден астам газөндіруші жұмыссыз қалайын деп тұр. Бірақ компания құрылтайшылары газшыларды жұмыссыз қалдырмау үшін, жердің терең қабатында жатқан ауыр мұнай қорына барлау жасаған. Анықталған көлемі 100 млн тонна болатын осы ауыр мұнайды өндіріп, Қытайдың Қарамай зауытына дейін құбыр тартып, өңделген өнімнің үлесі арқылы табыс табуды көздеп отыр. Бұл өндіріске 200 миллион доллар инвестиция жұмсауға ықыласты Гонгконг компаниясы дайын тұр. Бірақ бұл жобаны жүзеге асыру мүмкін емес. Себебі заңсыз салынған салықтың салдарынан компания жабылып тынатын түрі бар, - деді депутат.

Оның айтуыша, серіктестік қосымша салынған салықтың заңсыздығын соңғы екі жыл бойы дәлелдеп, ақыры өткен жылы тамыз айында Жоғарғы сотта ақиқатқа жеткен. Бірақ арада бір ай өткенде, Бас прокуратураның шағым-талабымен тағы сол Жоғарғы сот өз ақиқатын бұзып, компанияны қайтадан 10 миллиард теңге қарызға батырып қойған.

Депутат Үкіметке бірнеше сұрақ қойды.

“Сіздің Кабинетке қай мүддені қорғау маңызды? Түп-төркіні күдікті бір реттік 10 миллиард теңгемен бюджеттің жыртығын уақытша жамап-жасқау маңызды ма, жоқ әлде бұған дейін сол бюджетке 130 миллион доллар салық төлеп, ел экономикасына 300 млн доллардан астам инвестиция әкелген компанияның жұмысына жәрдем жасау маңызды ма? Егер есеп-қисабы адал бұл компания салықтық қудалаудан құтылар болса, алағы уақытта жылына 20 миллион долларға жуық салық төлеп, 2035 жылға дейін Сарбұлақ кенішінің 100 миллион тонналық қорын игереді екен. Бұл мұнайдан қосымша экспорттық салық түсетінін Сіз білсеңіз керек”,-деді ол. 

Депутат сондай-ақ екі жылда екі миллион жұмыс орынын ашамыз деп, Үкімет басшысының парламент депутаттарына берген уәдесі жайлы айтты. 

“Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "салық салу әділетті және кәсіпкерлер ел экономикасының драйвері болуы тиіс" деп талап қойып отырғанда, ірі жұмыс беруші компанияның қарызын реструктуризация жасауға неге жәрдем бермеске? Бас прокуратура мен салықшылардың репрессиялық әрекеті президенттің экономикалық саясатына нақақ қастандық – саботаж жасау болмай ма? Сөз соңында Сізге мұнай сарапшыларының пікірін ескерте кетейін, премьер мырза. Егер жуық он жылдың ішінде Зайсанның ауыр мұнайы игерілмейтін болса, бұл кеніш ешқашан қажетке жарамай, жер астында мәңгілік қалады. Себебі, әлемде балама қуат көздерінің үлес салмағы (Британияда 17 пайыз) күн өткен сайын артып келе жатқан заманда, өзіндік құны қымбатқа түсетін, жердің терең қойнауынан өндірілетін ауыр мұнай әлемдік конкуренттік нарықта сұранысқа ие болмайды,-деп мәлімдеді депутат.

Сондықтан үкіметтен бір тиын қаржы сұрамай, өз мүмкіндігімен және үкіметтік гарантияны қажет етпейтін шетелдік инвестордың көмегімен жұмыс істеймін деп отырған "Тарбағатай-Мұнай" компаниясын салықтың қыспағынан құтқаруға араша түсудің мүмкіндіктерін қарастыруды сұрайтынын айтты.

Талқылау