Халық бюджеттен қағылады: Қарағанды облысында ауыл әкімшілігіне дала өртінде әрекетсіздік танытты деп айыппұл салынған
Қарағанды облысында дала өрті кезінде әрекетсіздік танытқаны үшін тұтас бір ауылға 17 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды. Ауыл тұрғындары соттың бұл шешіміне наразылығын тудырды. Халық өртті сөндіруге бүкіл ауыл көмектесті дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Видеодан скриншот
Мың тұрғыны бар Талды ауылының тұрғындары өткен жылы маусымда дала өрті кезінде әрекетсіздік танытпағанын айтады. Әйелдер құтқарушыларға тамақ әзірлеуге бір аптадан астам уақыт жұмсаған. Ал енді мемлекет қорына келтірілген шығынның барлығын шағын ауылдың бюджетінен өтеуге тура келеді.
“ Біз не істей алар едік? Ол рельефі тасты жер, өздері көлікпен де жете алмады. Әр отбасы – балалар да, үлкендер де шетте қалған жоқ, күні бойы сонда су таситын. Бірнеше күн қолдарынан келгенше көмектесті. Бірақ жел күшті болғандықтан, жалынды тоқтату мүмкін болмады. Ал енді айыппұл салып жатыр. Бюджетсіз ауылымыз қалай күн көреді? Онда бізді жауып тастасын”, – деді Сағындық Әукешов.
Салдарынан 120 отбасы зардап шегіп отыр.
Қатты жел 2 мың гектарға жуық жерді өртке орады, жергілікті орманға да жетті. Өртті 137 адам сөндірді, 22 арнайы техника тартылды, тікұшақ жұмылдырылды. Өрт 8 күннен кейін ғана ауыздықталып, тағы 8 күннен кейін толық сөндірілді.
Төтенше жағдайдан кейін мамандар оқиға орнына барып, келтірілген шығынды анықтап, кінәліні тапты. Жергілікті билік белгілі бір әрекет алгоритмін орындамаған болып шықты.
“Ауылдық округ әкімшілігінің ерікті өрт сөндіру жасағын дұрыс ұйымдастырмауынан дала өрті мемлекеттік орман қорына жайылды. Өрт салдарынан 169 гектар орман алқабы өртенді. Іс сотта мұқият қаралып, шешім шықты. Екі жылдан бері сот процесі жүріп жатыр. Әзірге орманшылардың пайдасына шешім шықты”, – деді "Ақтоғай орман және жануарлар дүниесін қорғау шаруашылығы" мемлекеттік мекемесінің директоры Мирас Қасымхан.
Бұл тұрғындардың, аудан әкімдігінің наразылығын тудырды. Талды айыппұлдың кесірінен жол, ғимарат жөндеусіз, тіпті сусыз қалады деп алаңдаулы.
“Жалынды Талды ауылының тұрғындары ғана емес, көрші ауылдардан келгендер де сөндірсе де, біз әрекетсіздік таныттық деп отыр. Мектепте, мәдениет үйінде, балалар клубтарында жөндеу жұмыстары бар. Жол, су құбыры үшін қаражатты қайдан аламыз? Бізді өз әріптестеріміз айыптап, айыппұл салса, Талдыға, басқа ауылдарға қаржыны қайдан аламыз?”, – деді Шет ауданы әкімінің орынбасары Дәурен Кәрсенбаев.
Жылдық бюджеті небәрі 2 жарым миллион теңге ауыл әкімдігі үндеу әзірлеп жатыр. Өйткені орман шаруашылығына айыппұл төлеу үшін кем дегенде жеті жыл шаруашылық шығындарын үнемдеуге тура келеді.