Депутаттар Роза Рымбаеваның құқығы бұзылып жатқанына алаңдаулы
Фото: Жеке парақшадан алынды
Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков қазақстандық орындаушылардың авторлық құқығының бұзылып жатқанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Айта кетейік, мәжілісте зияткерлік меншік мәселелері жөніндегі заң жобасы бірінші оқылымда қаралып жатыр. Талқылау барысында Олжас Құспеков қазақстандық орындаушыларды жақтап, Роза Рымбаеваға қатысты Әділет министрінен пікір сұрады.
"Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңның 16-бабына сәйкес авторлар мен өзге де авторлық құқық иеленушілер туындыларды пайдаланудың әрбір түрі үшін сыйақы алуға құқылы. Алайда біздің заңнама авторлар мен орындаушылардың авторлық және сабақтас құқықтар объектілерін қайта жіберуге қатысты мүліктік құқықтарын қарастырмайды. Мысалы, Роза Рымбаеваның әндері эфирге шыққанда ақы төленбейді. Сол үшін әншінің құқығы бұзылып жатыр. Осы олқылықтарды жоюды қалай жоспарлап отырсыз? – деп сұрады Құспеков.
-
Әділет министрлігі қазақстандық әртістердің музыкасы Instagram желісіне қайта шыққанын растады
-
Қазақстан авторлар қоғамы танымал әншілерге “іздеу” жариялады
Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев депутаттың пікірімен келісетінін жасырмады.
"Мәселе мынада, бұл ретте 16-бапта теле және радиоарналардың меншік құқығы ретінде ретрансляция туралы сөз болып отыр. Осылайша, заң жобасында бұл бөлімде тек хабар тарату ұйымдарының құқықтарына қатысты түзетулер қарастырылған. Орындаушылардың құқықтарына келсек, (олардың құқығы) бұзылмайды және бұл норма заңнамалық тұрғыда ешқандай проблемаларды қарастырмайды", – деп жауап берді министр.
Заң жобасын әзірлеушілер авторлар мен өзге де құқық иелерінің ретрансляцияға қатысты құқықтарын нақтылау үшін түзетулер енгізуді ұсынып отыр. Сондай-ақ тауар белгілерін тіркеу мерзімін бір айдан 10 күнге дейін қысқарту ұсынылды. Бұл авторларға үшінші тұлғалардан адал емес әрекеттер болған жағдайда өз брендін қорғауға мүмкіндік береді.

Алматы облысында екі көлік соқтығысып, жаяу жүргінші өткеліндегі адамды қағып кетті
