Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Хаби Алонсо: "Қайрат" бізді бар күшімізді көрсетуге мәжбүр етеді"

Фото: kursiv.media

Мадридтік "Реалдың" бас бапкері Хаби Алонсо Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі "Қайратқа" қарсы ойын алдындағы баспасөз жиынында пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Екінші турдағы матч 30 қыркүйекте Алматыда өтеді.

Испандық маманның айтуынша, "Реалдың" мақсаты өзгермейді — қай жерде және кімге қарсы ойнаса да, команда тек жеңіс үшін алаңға шығады.

"Чемпиондар лигасы — маңызды турнир. Қай қалада ойнасақ та, бастысы — жеңіске жету. Біз алғашқы ойында ұттық және сырт алаңда да осы нәтижені жалғастыруды қалаймыз", — деді Алонсо.

Сондай-ақ ол ұзақ сапардың әсері туралы сұраққа жауап берді.

"Бейімделе білу — маңызды қасиет. Біз жоспарда кейбір өзгерістер жасадық, бірақ қашықтық ешқандай сылтау болмауы тиіс. Футболда кім жақсы бейімделеді, артықшылықты сол алады ", — деп атап өтті бапкер.

Ал алматылық "Қайратқа" қатысты мадридтік команданың бас бапкері оң бағасын берді.

"Бұл олардың алғашқы маусымы. Олар жақсы ойнап жүр, бәрін дұрыс жасап келеді. Сондықтан бізге барынша дайындалып, толық күшімізді көрсетуге тура келеді", — деді Алонсо.

Абылайхан Палмағанбет
Дүйсенбі, 29 Қыркүйек, 2025 19:07
Талқылау