Мақсатым — Олимпиада. Жаңа бапкерлік штаб 1,5 жылда нәтиже береді — Ғұсман Қырғызбаев

Ғұсман Қырғызбаев дзюдодан 2024 жылғы Париж Олимпиадасы қола жүлдегері және еліміздегі ең тәжірибелі спортшылардың бірі. Ол Stan.kz тілшісіне ұлттық құрамаға қатысты айтылып жатқан сындарға, жаңа бапкерлік штабтың жұмысына байланысты өз пікірін білдірді.
Сондай-ақ Елдос Сметовтің қазіргі жағдайына қатысты қойылған сұрақтарға жауап берді. Сонымен қатар, Қырғызбаев алдағы мақсаттары мен жоспарлары туралы да айтты.
– Ғұсман мырза, Олимпиада ойындарынан кейін бірқатар жарыстарға қатысып, бақ сынап жүрсіз. Шыны керек, жанкүйерлер сіз қатысқан әр жарыстан жүлде күтеді. Дегенмен соңғы уақытта нақты жүлде бұйырмай жатыр. Бабыңызға толық келдіңіз бе?
– Олимпиададан кейін бірнеше жарысқа қатыстым. Сонымен қатар, бабымды қайта қалыпқа келтіру кезеңінен өттім. Әр жарысқа қатысқан сайын басты мақсат – жүлде алу. Біз әр жарысқа барғанда нәтижелі орын алу ниетімен қатысамыз. Жанкүйерлердің қолдауын ерекше сезінемін. Қазіргі таңда бабым біртіндеп қалпына келуде. Алдағы жарыстарда жақсы нәтижеге жету үшін бар күшімді салуға тырысамын.
– Олимпиададағы айтулы жетістігіңізден кейін бірқатар сый-сияпатқа ие болдыңыз. Есіңізде ерекше қалған, ең ауқымды сыйлық қандай болды?
– Олимпиададан кейін маған берілген ең үлкен сыйлық – халықтың ықыласы мен құрметі болды. Себебі әуежайдан күтіп алған сәтте және Олимпиадада жүлделі орын иеленген кезде қаншама құттықтаулар алғанымды ұмытпаймын. Кейін әртүрлі марапаттар мен сыйлықтар берілді, бірақ ең есте қалғаны – елдің батасы мен қолдауы болды.
– Бір сұхбатыңызда ендігі басты мақсат Лос-Анджелес Олимпиадасында топ жару деп айтқан едіңіз. Бұл мақсат әлі де өзекті ме? Сізді бұйырса 2028 жылғы Олимпиада ойындарынан көреміз бе?
– Иә ендігі басты мақсат 2028 жылғы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындары. Төрткүл дүние көз тігетін бәйгеге бабымды шыңдап, ел намысын қорғауға барынша тырысамын. Әрине Олимпиадаға дейін де қаншама додалар бар, мысалы лицензия жеңіп алу керек. Менің дәл қазір спортта жүруіме басты күш жігер сыйлап жатқан дәл осы 2028 жылғы Олимпиада ойындары.
– Сіздің сыңарыңыз да дзюдомен шұғылданғанын білеміз. Сіздің жетістігіңізден кейін спортқа қайта оралғым келеді деп айтқаны бар еді. Ғұмар мырза кәсіби спортқа қайта орала ма?
– Сыңарым Ғұмар да дзюдомен айналысқан. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Иә кейде қайта спортқа оралғысы келетінін айтады. Әлі де күнделікті жаттығуын жасайды. Қазіргі таңда ЦЭСКА-да жұмысын атқарып жатыр. Алайда мен оған айттым жасы да біразға келгенін жас емессің деп. Одан ша жақсы жұмысты таңдап арықарай басқа жұмыс істегенің дұрыс болады дедім. Ол да сол менің сөзімді құп алып келісіп, қазіргі таңда өз жұмысын істеп жатыр.
– Жасы да біразға келді деп жатырсыз ғой. Осы тұста бұл жас мәселесі өзіңізге де қатысты біраз көтеріледі. Әлеуметтік желіде жастарға неге орын бермейді деген де сындар сіздің тарапыңызға жиі айтылып жатады. Сіз бұл тұрғыда өзіңізге қатысты не айтасыз?
– Әрине спортта жас маңызды. Бірақ ең бастысы нәтиже мен дайындық. Егер күш-қуатың мен молтивация және тәртібің дұрыс болса алынбайтын қамал болмайды. Сол себепті қазіргі таңда Лос-Анджелес Олимпиадасына сондай мақсатпен еңбек етіп жатырмыз.
– Енді ұлттық құрамаға ойыссақ. Отандық дзюдошылар бір-екі жылдан бері Гамбаның жүйесімен дайындалып келеді. Алайда айтарлықтай нәтижелер көрінбей жатыр деген пікір бар. Жалпы Гамбаның жүйесі сіздерге оң нәтиже беріп жатыр ма? Бапкерлік штабтың артықшылықтары мен кемшіліктері қандай? Қашан тұрақты нәтижелер болады деп ойлайсыз?
– Қазіргі таңда ұлттық құрама Энцо Гамбаның жүйесімен дайындалып жатыр. Енді әр жүйенің артықшылығы мен қиын тұстары болады.
Гамбаның жүйесіне қатысты жанкүйерлерден де, жақын адамдарымнан да "дұрыс нәтиже көрсетпей жатыр" деген пікірлерді естіп жүрмін. Сондай-ақ "дайындалып келе жатқандарыңа бір жылдан асты, бірақ нәтиже көңіл көншітпейді" деген сөздер де айтылып жатыр.
Негізінде, Гамбаның жүйесі ұлттық құрамадағы спортшылардың барлығына дерлік ұнап, көңілдерінен шығып жатыр. Ол келген кезде бапкерлік құраманың айтуынша, егер бәрін дұрыс орындап, бар күшімізді салып еңбек етсек, нақты нәтижені шамамен бір жарым жылдан кейін көре бастайсыңдар деген.
Әзірге бір жарым жыл толған жоқ. Дегенмен қазір ұлттық құраманың аяқ алысы біртіндеп жақсарып келе жатыр.
– Осы тұста отандық мамандарға үміт артатын кез келді деп ойламайсыз ба? Мысалы Олимпиада чемпионын шығарған Елдос Сметовтың жеке Ғалымжан Жылгелдиев бар. Сіз құраманың көшбасшысы болған соң сіздер еліміздегі мықты мамандарды тартайық десеңіздер бәлкім тыңдайтын шығар….
– Иә, Ғалымжан ағай өте білікті бапкер. Оның мықты маман екенін күллі қазақ елі жақсы біледі. Бірақ біз спортшы болғандықтан бапкерлік құрамға араласа алмаймыз. Бұл біздің құзырымызға кірмейді. Жоғары жақта кімді тағайындаса, біз сол кісілермен жұмыс істейміз.
– Досыңыз әрі құдаңыз Елдос Сметов қашан татамиге оралады? Жанкүйерлер оның белдесуін асыға күтіп жүр.
– Иә Елдос Сметовті жанкүйерлердің көбі татамиге оралуын асыға күтіп жүр. Ол қазір денсаулығы және бабын толық қалпына келтірумен айналысып жатыр. Елдос Сметов осы жылы жаз айларынан бастап жарысқа шығып қалуы мүмкін. Бірақ нақты қандай жарыс екенін білмеймін. Жалпы Елдос Сметовтың дайындығы мен бабы өз қалпына келіп қалды.
– Жуырда Елдос Сметов Тараз қаласында ота жасатқанын білдік. Оған не себеп болды? Қандай жағдай орын алды? Елдос мырзамен хабарласып тұратын шығарсыз? Қазір жағдайы қалай?
– Елдос Сметовтың жағдайын әлеуметтік желі арқылы көрдім. Жақында Елдос Сметов Тараз қаласында кішігірім ота жасатты. Күні кеше хабарласып, қал жағдайын сұрадым. Анау айтқандай ауыр жарақат емес. Денесіне бір жара шыққан екен. Сол жарасын кесіп, алып тастады. Қазір Елдос Сметовтың жағдайы жақсы.
– Көпшілік сіздің фамилияңызды естігенде таңданыс білдіріп жатады. Неге Қырғызбаев деп? Осы фамилияңыздың шығу тарихын жанкүйерлерге түсіндіріп берсеңіз.
– Иә, көбісі менің фамилиямды естігенде қырғыз деп ойлап қалады. Кейде тіпті таныстарымнан басқа адамдар мені “Қырғыз ба?” деп сұрастырады екен. Шындығында, Қырғызбай – бұл менің әкемнің әкесі, яғни атамның аты. Атам өзі көзінің тірісінде: “Фамилияларыңды ауыстырасыңдар ма?” деп те айтатын. Сол сәттерде: “Көбі сендерді қырғыз деп ойлап жүрген шығар” деп күліп қоятын. Біз оған: “Барлығы дұрыс” деп жауап беретінбіз.
Шынын айтсам, сол кезде ешқашан сұрамаппын, не үшін атыңызды Қырғызбай қойған деп. Бірақ , біздің қырғыздарға ешқандай қатысымыз жоқ. Біз – дулат, дулаттың ішінде Жаныс деген рудан шыққанбыз.
– Алдағы мақсаттарыңыз бен жоспарларыңыз қандай? Биыл Қазақстанда өтетін Qazaqstan Barysy Grand Slam турниріне қатысасыз ба?
– Дәл қазіргі уақытта шетелде оқу-жаттығу жиынындамын. Енді келесі мақсатым осы жылғы Қазақстан барысы “Гранд-Слэм” турнирінде дайындық жасаймын. Бұйырса елімізде өтетін додаға қатысамын.
– Болашақта балаларыңыз кәсіби спортпен шұғылданамын десе қарсы болмайсыз ба?
– Егер бала-шағам спортпен айналысамын десе қарсы болмаймын. Ең бастысы олардың өздерінің таңдауы. Қай салада болса да жақсы жұмыс жасап, еңбекқор болып, жақсы тұлға болып қалыптасқанын қалаймын.
Мақсатым — Олимпиада. Жаңа бапкерлік штаб 1,5 жылда нәтиже береді — Ғұсман Қырғызбаев