Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Гүлмира Сатыбалды ісі: Жәбірленуші үйін қалай тартып алғанын сотта айтып берді

Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Гүлмира Сатыбалдыға қатысты сот отырысы жалғасуда. Сот отырысында жәбірленушінің інісі қалай өз мүлікін беруге мәжбүр болғанын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото видеодан алынған

Жәбірленуші кәсіпкер Абай Жүнісовтің бауыры Алтай Жүнісов ағасының түрмеде жатқанын үлкен ағасынан естіген. Оған бауырының "Baur Қазақстан" құрылыс компаниясынан ақша ұрлағаны үшін айыпталып жатқанын айтқан. Кейін онымен компания заңгері хабарласып, кездесуге шақырыпты. Кездесуде Жүнісовтердің отбасы мүшелеріне мүліктері туралы мәлімет берулерін, әйтпесе жағдай қиындап кетуі мүмкін екені айтылған. Ер адамның айтуынша, кездесуге Гүлмира Сатыбалдының өзі де қатысып, ағасын босату үшін шарт қойған.

"Сосын маған Казимиров деген біреу телефон соғып, көрсетілген мекенжайға келіп, нотариустың алдында кездесуді өтінді. Қалқаман ықшамауданындағы үйім баламның атына тіркелгендіктен, ол жерге әйеліммен және ұлыммен келдім. Бұған дейін Baur Kazakhstan заңгері Жұмаділда ағамыздың бостандығы үшін мүлкімізді солардың атына жазып беруіміз керек екенін және барлығы шешіліп қойғанын айтқан. Біз келгенде бәрі дайындалып қойған еді. Бұрын менің үйім 100 миллион теңгеге бағаланған, бірақ келісім 50 миллионға жасалған. Маған қол қою ғана қалды. Содан Казимиров қол қойып, үй соған өтті. Ол қолма-қол 50 миллион ақша әкеліп, Baur Kazakhstan президенті Қабеновке берді. Мен одан ақшаны алғаны туралы қолхат жазуын өтіндім. Қолхат пен келісімшарт іске тіркелді", — деді Алтай Жүнісов.


"Орманға апарып, өз қабірімді қаздыртатынын айтты": Гүлмира Сатыбалдының сотында жәбірленуші айғақ берді


Жәбірленушінің айтуынша, үйді қайта рәсімдеу схемасын Сатыбалданың атынан компанияның адвокаты жасаған. Жүнісовтің ағасының ломбардқа әлі 100 миллион теңге және тағы 9% комиссия көлемінде қарызы қалған. Алтай Жүнісовтің айтуынша, оларға мүліктерін кепілге қойған бойда ағасын бостандыққа жібереміз деп уәде берген, бірақ олай болмай, жағдай ушығып кеткен. 

Прокурор ер адамның мүлкін кепілге қоюға мәжбүр болғанын полицияға неге шағымданбағанын сұрады.

"Маған бұл сұрақ үнемі қойылады. Біздің бұл адамдармен туыстық байланысымыз болғандықтан шағымданбадық. Гүлмира Сатыбалдыға жаулығымыз болған жоқ. Біз оның айтқанының бәрін орындасақ, бәрі тез бітеді деп ойладық, бірақ іс кері кете бастады. Бұл компания жаңадан ашылғанда Гүлмира Қасым екеумізге жолығып, бірігіп жаңа компания ашамыз деді. Бірге жұмыс істеуді ұсынды. 2011-2019 жылдар аралығында компания жақсы нәтиже көрсетті, тиімді болды, барлық мәселелер мен қарыздар бір күнде пайда болған жоқ", – деді Алтай Жүнісов.

Алтай Жүнісовтің айтуынша, ол кепілге қойған үйін ағасының көмегінсіз өз қаражатына және Baur Kazakhstan компаниясына еш қатысы жоқ табысқа сатып алған. Артынша өз үйін 109 миллион теңге төлеп, үйін қайтарып алуға мәжбүр болған.

Еске салсақ, бұған дейін Гүлмира Сатыбалдының қорғаушылары сот отырысын журналистерсіз, жабық өткізуді сұрағаны туралы жазған едік.

Талқылау