Google жасанды интеллектінің Gemini моделін қазақ тілінде іске қосты

Тәуелсіздік күніне орай Google жасанды интеллектінің Gemini моделін қазақ тілінде іске қосқанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, бұл ең озық саналатын Жасанды интеллект моделінің тілдік қолдауын кеңейтуге бағытталған жаһандық бастаманың бір бөлігі. Қазақ тілі Gemini 3 буынын іске қосу аясында қосылған 23 жаңа тілдің қатарына енді. Бұл Қазақстандағы пайдаланушыларға Gemini мүмкіндіктерін әлемдегі ең ірі тілдермен тең дәрежеде, өз ана тілінде қолдануға мүмкіндік береді.
“Gemini-дің қазақ тіліндегі интерфейсі қазір веб-нұсқада қолжетімді. Ол үшін пайдаланушылар Google аккаунтының баптауларында қазақ тілін таңдауы қажет. Алдағы уақытта Android және iOS жүйелеріне арналған нұсқаларды қолдау, Gemini Live сервисін іске қосу жоспарланып отыр”, – делінген министрлік хабарламасында.
Gemini-дің қазақ тіліндегі нұсқасының іске қосылуы Google компаниясының Қазақстанда жасанды интеллектіні дамытуға бағытталған кең ауқымды жұмысының бір бөлігі. Бұл жұмыс кадрларды даярлауға инвестиция салуды, цифрлық дағдыларды дамытуды және әзірлеушілерді қолдауды қамтиды. Компанияның бағалауынша, жасанды интеллектіні мемлекеттік секторға енгізу экономикалық жағынан да тиімді. Себебі ол мемлекеттік басқару өнімділігінің артуы және бюджет жүйесінде тұрақтылықтың күшеюіне септігін тигізеді. Сондай-ақ елдің экономикалық өсіміне қосымша үлес қосады.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, жаһандық жасанды интеллект шешімдерінің қазақ тілінде қолжетімді болуы мемлекетті дамытудың маңызды бағыты. Бұл қадам азаматтар үшін заманауи технологиялардың қолжетімділігін арттырып, елде бәсекеге қабілетті ЖИ-экожүйе қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Министрлік жасанды интеллектіні дамыту, цифрлық өнімдерді локализациялау және жаңа буын мамандарын даярлау бағытында халықаралық технологиялық серіктестермен ынтымақтастықты одан әрі жалғастырады.
Қолданыста жүргеніне 50 жылдан асқан: Астанадан ұшқан қазақстандық ұшақтағы түсқағазды көріп жағасын ұстады (видео)