"Google, Apple және NASA-мен серіктестік орнатамыз деген": Алматыда жекеменшік мектеп лицензиясыз жұмыс істеген
Фото: Baiterek School of Science and Technology
Журналист Михаил Козачков Алматыда бір жарым айдан бері жекеменшік мектеп лицензиясыз жұмыс істеп жатқанын айтты. Ол оқу-ағарту министрі ауысқаннан кейін бұл мәселе бойынша кім жауапты екенін түсіне алмай әлек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"RAMS" құрылыс компаниясы салған үйлердің маңынан жазда Baiterek science and technology school ашылған екен. Алғашында тұрғындарға мемлекеттік мектеп уәде етілгенімен, орнына аталмыш жекеменшік ашылған.
Журналистің сөзінше, мектеп Google, Apple және NASA-мен серіктестік орнатып, оқушыларға жағдай жасауға уәде берген және соны көптеген блогерлер жарнамалаған. Алайда білім беру қызметін жүргізуге лицензиясы жоқ дейді.
“Бұл ақпаратты бүгін маған оқушылардың ата-аналары жеткізді, олар енді не істерін білмейді. Кім кінәлі, не істейміз, сұрайтын ешкім қалмады.Әлде мектебіміз жай үйірме сияқты лицензиясыз жұмыс істей ала ма? Ал оқушылардың жайы не болмақ? Бірінші тоқсан үшін қалай баға қойылады?”, – деді Козачков.
Алматы қаласы білім беру сапасын қамтамасыз ету департаменті "Baiterek School of Science and Technology" ЖШС-де білім беру қызметін лицензиясыз жүргізгені үшін жоспардан тыс тексеру жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
"Білім туралы" заңның 40-бабына сәйкес білім беру қызметі міндетті лицензиялауға жататынын түсіндіреміз. Лицензиясыз нұсқама жүргізу заңбұзушылыққа жатады және әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Тексеру қорытындысы бойынша заңда көзделген барлық шаралар қабылданады”, – делінген хабарламада.

"Тиіндерді өлтіресіздер": Алматылықтар әкімдіктің егеуқұйрықтарды улау шарасына наразы
