Головкин мен Альварес тең түсті (фото, видео)
Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин (37-0, 33 КО) мексикалық бокстың жарық жұлдызы – Сауль Альвареспен (49-1-1, 34 КО) қарсы жекпе-жекте тең түсті.
Жекпе-жек Лас-Вегастың “T-Mobile” аренасында өтті.
Головкин кәсіби бокста әлі бірде-бір рет жеңілмеген Triple G мексикалық бокстың жарық жұлдызы – Сауль “Канело” Альвареспен (49-1-1, 34 КО) жұдырықтасты.
Головкин бірінші раундтан бастап шабуылдай бастады. Альварес артқа шегіне жүріп қарымта соққыларын жасады. Екі спортшы да соққыларын өткізді. Джебтер де, аперкоттар да жасалды.
5-раундта Головкин қарсыласын бұрышқа тақап, соққыларын жасады. Оған қарсыласы басын шайқай беріп, алға қарай ұмтылды. Жерлесіміз оны қайта бұрышқа тіреді. Қарсыласына джебтерін өткізді. Қарымта соққыларымен жауап берген “Канело” ауыр аперкотын жасап үлгерді.
10-раундта Головкин қарсыласынынң екі соққысын өткізіп алды. Бірақ бойына қайта жинап үлгерді. Ал, “Канело” осыдан соң қарқынын үдетіп, сериялық соққыларын жасады. Головкин ашық бокстасуға шақырып, спортшылар 12 раунд бойы бокстасты.
Жекпе-жек соңынан екі спортшы құшақтасып, алғысын айтты. Төрешілердің шешімі бойынша екі мықты тең түсті.