"3,8 млн USDT криптоактивтерге тыйым салынды": "Warner Bros" қаржы пирамидасына қатысты тергеу аяқталды

Фото: Видеодан скрин
Қаржы мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті “Warner Bros” қаржы пирамидасын құрып, оны басқарғандарға қатысты тергеуді аяқтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары азаматтарды “көп табыс табасың” деп сендіріп, ақша салуға үгіттеген.
“Жобаға заңды көрініс беру үшін осы іске еш қатысы жоқ танымал голливудтық компанияның атауын пайдаланған. Қатысушыларға фильм трейлерлерін қарау және жаңа салымшыларды тарту арқылы табыс табу ұсынылған. Жоба 9 деңгейден тұрған, орташа салым мөлшері 225 мың теңге, төлемдер тек USDT криптовалютасында қабылданған”, – деп мәлімдеді қаржы мониторинг агенттігі.
Ұйымдастырушылар жұмысты ілгерілету үшін әлеуметтік желілер мен мессенджерлер белсенді қолданған. Арнайы чаттар құрып, оқыту жүргізіп, нұсқаулықтар мен бейнероликтер таратқан, жылдам табыс пен криптовалюта түрінде сыйақы уәде еткен.
Тергеу барысында салымшылардан жиналған және аударылған қаражатты сақтау үшін пайдаланылған криптоәмияндар анықталды. Сот санкциясымен жалпы сомасы 3,8 млн USDT көлеміндегі криптоактивтерге тыйым салынды.
“Сот үкімімен ұйымдастырушыға 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар сот 40 жәбірленушінің азаматтық талаптарын қанағаттандырып, олардың залалы тыйым салынған криптоактивтер есебінен өтелетін болды”, – делінген хабарламада.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
"Үш сағат істейтінді бізде он минутта бітіреді": Германиядағы қазақ дәрігері сүндеттеу ісінде Қазақстан қалай алға кеткенін айтып берді