Германиялық азамат: Қазақты жамандағандардың тұмсығын бұзуға дайынмын (видео)
Таяуда әлеуметтік желілерде германиялық Иоганн Шмидт есімді азаматтың бейнежазбасы жарияланды.
Ол бұрын Қазақстанда тұрған екен, кейбіреулердің қазақты артта қалған, қараңғы, надан ұлт деп кемсіткен сөздерін естісе керек, бейнежазбаны соларға жауап ретінде жариялапты. Ол қазақ ұлты жайында бұлай деуге болмайтынын, өзінің қазақтарды қатты қадірлейтінін қызына отырып жеткізген, деп жазады Замана газеті.
«Біздің аман қалғанымыз үшін, кезінде депортацияға ұшырап, Қазақстанға жер аударылғанда тірі қалған ата-аналарымыз үшін қазақтарға алғыс айтамын, – дейді Шмидт. – Сендерге қазаққа жету қайда?
Мынадай болған: Менің аталарымды фашистер сияқты аямай қарлы далаға әкеліп тастаған, ал қазақтар оларды үйлеріне кіргізіп, паналатқан, бір жапырақ нанға дейін бөліскен. Балаларды тәрбиелеп өсірген. Сендер кез келген шешен, татар, Балтық бойы ұлтының өкілімен сөйлесіңдер, Қазақстанға тап болғандардың 90 пайызы тірі қалғанын айтады.
Мен сібірлік, украиналық немістерді білемін. Біздің қазақстандық немістер – ең қонақжай, ақжүрек, мейірімді жандар. Біз мұның бәрін қазақтардан үйренгенбіз.
Қазақтар – жақсы халық, олар барлық ұлттардың жағдайын жасайды, олармен сыйласады, дамуына мүмкіндік береді. Олар – мықты халық, бірақ бәзбіреулер секілді біз ұлы халықпыз деп көкірек кермейді.
Қазақтарды қараңғы, надан деуге болмайды. Өз басым қазақтың намысына тиіп, кемсіткендердің тұмсығын бұзар едім».
Осылай деген германиялық азамат бүгінде Қазақстанда тұрып жатқан немістердің тұрмыс-тіршілігінен бейнежазба көрсетті, оларға жақсы жағдай жасап отырғаны үшін Қазақстанға алғысын білдірді. Ресейдегі неміс елді мекенінен түсірілген жазбаны көрсете отырып, ол жақтағылардың тұрмысы қазақстандық немістердікінен әлдеқайда төмен екенін салыстырып тұрып айтты. Сондай-ақ Украинада неміс елді мекендерінің ізі де қалмағанын, өздеріне де, өзгеге де тыныштық бере алмай отырғанын жеткізді.
«Мен қазақпын, қазақ екенімді мақтан тұтамын. Әлдеқандай жағдай туып, Қазақстанға оралар болсам, онда мен үшін бір жапырақ нан табылатынына, мені құтқаратынына көзім жетеді.
1 наурыз – Қазақтар мен Қазақстан халқына алғыс айту күні. Мұны депортацияға ұшырағандар белгілеген. Сіздердің елдеріңізде осындай бар ма? Ондай жоқ. Бұл тек Қазақстанда ғана бар. Өйткені қазақтар – нағыз кеңпейіл, ақжүрек халық», – дейді неміс азаматы.
Талайларды толғандырды
Иоганн Шмидттің бұл бейнежазбасын бірер күннің ішінде ғана еліміздегі мыңдаған адамдар көріп, әртүрлі ұлт өкілдері тыңдап, өз пікірлерін білдірді. Солардың бірқатарын назарларыңызға ұсынуды ұйғардық.
Дядя Женя: – Сен нағыз қазақсың! Сені өте сыйлаймын! Біздің ауылда 40 пайыздай немістер тұрды, өздері өте еңбекқор, бәрі де қазақша сөйлейтін. Оларды өте сыйлайтынбыз. Дауберттер отбасы көшкенде бәрі жылады, менің әпкем де жылады, олар отбасымен араласатын еді.
Рудольф Гергардт: – Біз, қазақстандық немістер Қазақстанды сүйеміз, бағалаймыз, қадірлейміз. Мұнда адамды ұлтына қарап емес, адамдық қасиетіне қарап ажыратады. Құдай Отанымыздың гүлдене беруіне жазсын! Немістер мен қазақтар – мәңгілік бауырлар! Біз өзіміздің бастан өткерген азаптарды ұмытпаймыз, туысқан қазақ халқының қонақжайлығын әрқашан есте сақтаймыз.
Ranay Zhuban: – Неге адамдар сыйласып өмір сүрмейді? Езілген еңсем көтеріліп қалды. Жақсы сөз – жарым ырыс.
Андрей: – Автордың сөздеріне қосыламын. Мен де Қазақстанда туып-өскенмін. Қазақстанды тек жақсы жағынан еске аламын. Бала кезімізде қазақ достарымыздың үйіне топырлай кіріп баратынбыз, сонда ешкімді бөліп-жармай, тойындырушы еді. Қазақтар туралы бұрынғы КСРО халықтарының ішіндегі ең мықты, лайықты ұлттың бірегейі деп айта аламын.
Максим Соколов: – Мен қазақстандық полякпын. Сізбен 100 пайыз келісемін! Қазақтар – өте бейбіт, қонақжай халық. Өзімнің алғысымды білдіремін.
Мария: – Әрбір сөзіңізге қосыламын. Мен де Қазақстанда тұрғанмын. Барлық қазақтарға рахмет! Мен сіздерді жақсы көремін және ешқашан ұмытпаймын!
…Қысқасы, жұрт қазақтарды өте лайықты, қайырымды ұлт деп жатыр. Ендеше, «жақсы» деген атқа лайық бола білейік, ағайын, тек жақсы жағынан көріне берейікші!