Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Германияда зейнет жасын 70 жасқа дейін көтеру ұсынылды

ЗейнеткерлерФото: pixabay.com

Бундестагтағы ХДО/ХӘО фракциясының жастар тобының төрағасы Паскаль Реддиг елде зейнет жасын 70 жасқа дейін көтеруді ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Паскаль Реддиг "қазіргі кездегідей жас ұрпақтың мүддесін біржақты шектемей, ауыртпалықты бәріне бірдей әділ түрде бөлетін" реформаны іске асыруға шақырды. Қазір Германияда зейнет жасы – 67 жас. Мерзімінен бұрын 63 жастан бастап шығуға болады, бірақ ол үшін кемінде 35 жылдық еңбек өтілі қажет әрі төлемдер қысқартылады.

Реддиг ерте зейнетке шығуды азырақ тартымды етіп, төлемдерді одан әрі қысқарту қажет екенін айтты. Саясаткер "қазіргі 63 жастағы зейнетақы түрін іс жүзінде жоюды" қолдап сөйледі. Оның пікірінше, "зейнет жасын" өмір сүру ұзақтығының артуына қарай біртіндеп көтеруге болады.

Бұған қоса, болашақта зейнетақылардың өсу қарқыны баяулауы керек және индексация жүйесін түбегейлі реформалау қажет деп есептейді саясаткер. Ол зейнетақы өсімі жалақы динамикасына емес, инфляцияға байланысты болуы керек деп есептейді.

"Бұл әділірек болар еді әрі қаражатты үнемдеуге мүмкіндік береді. Бүкіл зейнетақы жүйесі бұзылмауы үшін алдағы жылдары бұрынғыдай ішінара зейнетақыларды жаппай көтеру деген болмайды", – деді Реддиг.

Аида Тақабаева
Дүйсенбі, 25 Тамыз, 2025 08:40
Талқылау