Германия билігі түсік тастаған әйелдерге декреттік демалыс беруді ұсынды
Германия парламенті түсік тастаған әйелдердің аналық құқығын қорғауды күшейтпек. Жаңа ережеге сәйкес, жүктіліктің 13-аптасынан кейін түсік тастаған әйелдер декреттік демалыс алуға құқылы. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі DW басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Ru.freepik.com
Бундестаг (Германия парламентінің төменгі палатасы) бейсенбі күні кешке жүктіліктің 13 аптасынан кейін түсік тастаған әйелдерге декреттік демалысқа шығу құқығын беру туралы заң қабылдады.
“Парламенттегілердің көбі әйелдердің физикалық және эмоциялық қалпына келуі кезінде оларды демеуге бағытталған заң жобасын қолдап дауыс берді”, – деді социал-демократиялық партияның депутаты Сара Лахркамп.
Бұл мәселе бойынша бір-біріне ұқсас екі заң жобасы болды. Жауапты парламенттік комитет партияаралық келісім аясында Христиан-демократиялық одақ пен Христиан әлеуметтік одағының консервативті блогы ұсынған мәтінді қабылдау туралы шешім қабылдады.
Германияның қолданыстағы заңнамасы бойынша, әйелдерге әдетте, босанғанға дейін алты апта бұрын басталып, босанғаннан кейін сегіз апта бойы жалғасатын декреттік демалыс беріледі. Бірақ заңда түсік тастау туралы ештеңе айтылмаған еді.
Бұған дейін жүктіліктің 24-аптасына дейін түсік тастаған әйелдер шұғыл денсаулығына байланысты демалыс алуға өтініш беруі керек еді. Кейде олардың денсаулығына байланысты демалыс алатыны не алмайтыны белгісіз болып қалатын.
“Жаңа ережеге сәйкес, жүктіліктің 13-аптасынан кейін түсік тастаған әйелдер декреттік демалысқа шыға алады. Алайда әйелдердің өзі қаламаса, демалыс алуға міндетті емес. Заң Германия парламентінің жоғарғы палатасы – Бундесратта 14 ақпанда талқыланады. Заң жобасы мақұлданса, биыл 1 маусымынан бастап күшіне енуі мүмкін”, – деп жазды басылым.
Статистика бойынша, Германияда жыл сайын жүктіліктің 13 және 24-апталары арасында әйелдер шамамен 6000 түсік тастайды. Десе де, әйелдердің көбі (шамамен 84 000) жүктіліктің 12-аптасына дейін түсік тастайды екен. Жаңа заң жобасының бұл санаттағыларға қатысы жоқ.
Бұған дейін Батыс Қазақстанда дәрігерлер жүкті болып қалған жасөспірімдердің саны көбейіп жатыр деп дабыл қаққан еді.