Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Германияда өлтірілген қазақстандық экс-судьяның ісі: Оның іздеудегі күйеуі Мәскеу университетінде жұмыс істейді

Фото: 112 Telegram-арнасы

Германияда мәйіті табылған судья Айгүл Сайлыбаеваның қазасына қатысты іздеуде жүрген күйеуінің Мәскеудегі Ұлттық зерттеу университеті “Жоғары экономика мектебінде” жұмыс істеп жүргені анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Doxa басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Германиядан кеткеннен кейін Донцов Ресейге көшіп, Ұлттық зерттеу университетінің экономика жоғары мектебінде ғылыми қызметкер болып жұмысқа орналасқан. Ол университеттегі жұмысын 2025 жылы бастаған. Қазір Әлемдік экономика және әлемдік саясат факультетінің қызметкері ретінде тіркелген. Университет сайтындағы профилінде Донцовтың заңгерлік және академиялық білімі бар екені көрсетілген:

  • 2017 жылы “Құқықтану” мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алған;
  • 2019 жылы Ресей президенті жанындағы халық шаруашылығы және мемлекеттік басқару академиясы "Шетелдік өңіртану" бағыты бойынша магистр атанған;
  • 2024 жылы Лейпциг университетінде докторлық диссертациясын қорғаған.

Қазіргі қызметтік міндеттеріне жеке ғылыми зерттеулер жүргізу және ғылыми журналдарға мақала дайындап, жариялау кіреді. Сондай-ақ гранттық жобаларға қатысып, сараптамалық материалдар әзірлейді. Бұдан бөлек, Ресейде және халықаралық конференцияларда баяндама жасап, ғылыми семинарларға қатысады, студенттердің ғылыми жұмыстарына жетекшілік етуге көмектесіп, дәріс оқып, семинарлар өткізеді.


"Арандатуға жол бермеңіздер": Қаза тапқан қазақстандық судьяның күйеуі қылмысқа қатысы барын жоққа шығарды


Ресейдің Тергеу комитеті Германияда өлтірілген қазақстандық экс-судьяның қазасына қатысты тексеріс бастады


 

 

Бұған дейін Александр Донцов пен оның анасы Натальяның Мәскеуде жүргені белгілі болған. Ресейлік 112 Telegram-арнасы олардың тұрған жерінен видео жариялаған. Бейнежазбада ер адам жұбайын өлтіруге қатысы жоқ екенін айтып, тараған ақпаратты жалған деп атаған.

“Сіздер өте көп өтірік айттыңыздар. Көп дезинформация тараттыңыздар. Арандатуға ермеңіздер, сенбеңіздер. Мұндай бандиттік әдістерге алданбаңыздар”, – деді Донцов видеода.

Арнаның мәліметінше, 2 ақпанда Донцов пен оның анасы Мәскеу қаласының Тергеу комитетінде түсініктеме берген. Наталья Донцова Ресей Конституциясының 51-бабына сүйеніп, өзіне қарсы айғақ бермеу құқығын пайдаланып, сұрақтарға жауап беруден бас тартқан. Ал Германиядағы тергеу органдары бұған дейін әйелге қатысты қылмыстық іс қозғаған. Алайда ол процессуалдық әрекеттер аяқталмай тұрып елден шығып үлгерген.

Айта кетейік, 2024 жылдың маусым айында қазақстандық экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның денесі Германияның Бенсхайм қаласының маңынан табылған еді. Судьяның денесі табылғанға дейін оның Германияда із-түссіз жоғалып кеткенін хабарланған. Ол Бенсхайм қаласында күйеуі, қызы және енесімен бірге тұрған. 4 маусым күні таңертең Сайлыбаева қызын балабақшаға алып кеткен. Содан кейін оны ешкім көрмеген.

16 маусым күні оның денесі қала шетіндегі Эрлаче карьерінен табылды. Мәйіт полиэтилен пакетте болған. Әйел өлтірілмес бұрын зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Кейін Сайлыбаеваның өлімін 35 тергеуші тексерді. Әйелдің үйіне тінту жүргізілді. Кейін оның енесі мен күйеуіне іздеу жарияланды.

2025 жылдың Айгүлдің туған ағасы Қанат Сайлыбаев күдіктілер Александр мен Наталья Донцовтардың Мәскеуде ұсталғанын хабарлады.

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 05 Ақпан, 2026 18:02