Германияда ең сенімді автокөліктердің тізімі жарияланды
Германияда екінші нарыққа арналған ең сенімді автокөліктердің рейтингі жарияланды. Аталмыш тізімді Неміс техникалық бақылау ассоциациясы жасап шығарған.
Бұл туралы autonews.ru хабарлайды.
Рейтинг 9 млн техникалық бақылауды қарап шыққаннан кейін түзілген. Техникалық мінездемедегі жетіспеушілігі аз көліктер көшін Mercedes GLK кроссоверлері мен Porsche 911 спорткары бастаған. Бұл автомобилдердегі техникалық проблемалардың орташа көрсеткіші 2,1 пайыз.
Субкомпактты моделдердің арасында бірінші орынды 2,5 пайызбен Mazda2 иеленіп тұр. Өз кезегінде Mercedes A-Class компактты автомобилдер класында жеңімпаз атанған. Орташамөлшерлі көліктер арасындағы үздік, бұл – Mercedes C-Class. Сондай-ақ, Мерседес минивэн категориясы бойынша да озып шыққан.
Мамандар ең көп кемшілікті Chevrolet Captiva (11%), Kia Sorento (11,2%) және Kia Sportage (11,5%) көліктерінен тапқан.
Қазан айында америкалық Consumer Reports басылымы жетекші автоөндірушілер арасындағы ең сенімді кім деген сауал негізінде рейтинг құрастырды. Сарапшылар өз зерттеулерінде автокөлік иелерінің интернеттегі сауалнамаға қатысқан кездегі жауаптарын пайдаланған. Нәтижесінде рейтингке алғаш рет енген Tesla соңғы орындардың бірін місе тұтыпты.
Зерттеуге сәйкес ең сенімді автомобиль жапон өнімдері болып шыққан. Олар бірінші және екінші орындарды өзара бөлісіпті. Бірінші ондыққа Buick, Audi, Kia, Mazda, Hyundai және Infiniti көліктері де еркін енген.