Геннадий Головкин Доминик Уэйдті 2-ші раундта нокаутқа түсірді
Лос-Анджелестегі “Форум” аренасында өткен бокс кешінде Қазақстандық кәсіпқой боксшы WBA (Super), IBF, IBO және WBC (Interim) тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкин өзінің 35-ші жекпе-жегін де сәтті аяқтап, күллі қазақстандықтарды, барша жанкүйерлерін қуанышқа бөледі!
Сурет 365info.kz
Бұл Генаның кәсіпқой шаршы алаңда өткізген 35-ші кездесуі және 35-ші жеңісі! Қарсыласы 25 жастағы Доминик Уэйд те қарымды боксшы еді. Жекпе-жек 2 раундқа созылды. Америкалық былғары қолғап шебері барынша тырысқанымен қазақстандық үздіктен айласын асыра алған жоқ. Қатарынан алған 3 ногдауннан кейін, Гена қарсыласын 2-ші раундта-ақ нокаутқа жіберді. Осыған дейін ол 18 кездесуінің бірде-бірінде жеңілмеген болатын.
Головкин осы жеңісі арқылы WBA титулын 16-шы рет, IBO белбеуін – 13-ші рет, WBC (Interim) тұжырымында – 4-ші рет, ал
IBF бойынша алғаш рет титул қорғады. Қазақстандық боксшы 35 кездесуінде де түгелдей жеңіске жетіп, оның 31-ін уақытынан бұрын аяқтаған.
Ал Доминик Уэйд кәсіпқой бокстағы 18 кездесуінің 18-інде де қарсыласынан басым түсіп, 12 кездесуді нокаутпен жеңген.
Осыған дейін, Головкиннің Уэйдпен кездесуден кейін мансабын аяқтауы мүмкін екенін де жазған болатынбыз. Сондай-ақ, осы жекпе-жек қарсаңында Головкиннің шаршы алаңға киіп шыққан спорттық киімдері мен оған жанкүйерлік жасаған Жан-Клод Ван Дамм туралы да жазған едік.