Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ғазизхан Шекербеков “Қайрат Нұртас арқылы танылды” деп сынағандарға жауап берді

Қайрат Нұртаспен дуэт айтып, бірге жұмыс жасауды көптеген жас әншілер армандайды. Бірі оның танымалдылығына қызықса, енді бірі танымалдылығын арттыруды мақсат етеді. Солардың бірі Ғазизхан Шекербеков. Ал, жас сазгер әрі әншінің Қайратпен жұмыс істеудегі мақсаты қандай? Оны Stan.kz тілшісі анықтауға тырысты.

Screenshot_2017-09-04-16-19-36-1

– «Мен еркекпін». Тақырыбы мен атауы ерекше болса да, бейнебаян өзгелерден ерекшелене алмаған секілді. Бұл туралы сіздің ойыңыз қандай?

– Білмедім. Біткен іске сыншы көп қой. Бірі ұнады дейді, енді бірі сәтсіз деп бағалап жатыр. Алайда, ғаламтор желісінде сол бейнебаянды көрген көрермендердің пікірлеріне назар салсам, өте жоғары бағалағанға ұқсайды. Әрине, жүз пайыз бәріне ұнау мүмкін емес. Алайда, өзімнің көңілімнен шықты.

– Бұл әнді жазудағы мақсатыңыз қандай еді?

– Нағыз еркектердің еркектік қасиетін паш етуді көздедім. Қоғамда «Білемін ғой, еркек екеніңді» деп кемсітіп сөйлеп, намысқа тиетін әйелдер қауымы көбейіп келеді. Көптеген отбасыларда үйді еркектер емес, әйелдер басқаратын болған. Сондай тәкаппар әйелдер нағыз еркектің кім екенін, қандай болатынын және қалай бағалау керектігін түсінсе деген ниетпен жаздым. Нағыз ер азаматтарға бұл ән ұнады.

IMG-20161121-WA0025(1)

– Сөзіңізге қарасам, өзіңіздің шығармашылығыңызға толықтай көңіліңіз толатын сияқты. Бес баллдық жүйе бойынша өзіңізге неше қояр едіңіз?

– Қазір айтсам, мақтанғандай болатын шығармын. Алайда, бес баллдық жүйе бойынша өзіме 4.5 қояр едім. Қазіргі заманда өзіңді өзің мақтамасаң, мойындамасаң өзгелерді мойындата алмайсың. Сондықтан, адам әуелі өзіне риза болу керек. Сол кезде айналасындағы адамдар да оның жасаған әр ісінен оң нәтиже көретін болады. Мен осы позицияны ұстанамын.

– Ал, «Қайрат Нұртастың арқасында танымал болды» деген пікірмен қаншалықты келісесіз? Кейде намысыңызға тимейді ме?

– Халық айтса, қалып айтпайды. Егер өнерсүйер қауым мені феномен әншінің арқасында танымал болды десе, аз да болса шындыққа жанасады. Ол үшін мен өкпелемеймін. Себебі, менің жеке шығармашылығымның дамуына бірден бір себепші болған азамат деп білемін. Алайда, Ғазизхан Шекербековтің Қайрат Нұртасқа дейінгі өз жол торабы бар. Мен Арман Дүйсеновтың «Арман» тобында ән айттым. Ақбота Керімбекова, Мақпал Жүнісова секілді біртуар өнер иелерімен бірге дуэт айттым. Қайратқа дейін Қуаныш Жаманқұловпен бірге жеке шығармашылық кешімді өткіздім. Яғни, менің өнерде өз бағытым болды. Ал, Қайрат бауырыммен бірге жұмыс жасау арқылы тыңдармандарымды, аудиториямды көбейтіп, танымалдылығымды арттырдым десем болады.

Screenshot_2017-09-04-16-32-33-1

– Хит ән жазу үшін сазгерге шабыт қайдан келеді?

– Білмеймін. Шабытты өз басым жақсы көңіл-күйден, жақсы ортадан, жақсы адамдардан аламын. Ал, өзге хит жазатын сазгерлердің шабыты үшін мен жауап бере алмаймын. Ең бастысы, өнерді сүю керек шығар деп ойлаймын.

– Шоу-бизнеске арналған әндер қымбат па? Әлде той бизнеске арналған әндер қымбат па?

– Мен ол жағын білмедім. Себебі, қазір тек өзім үшін ән жазудамын. Ешкімге әндерімді сатып жүрген жоқпын.

– Қазір әріптестеріңіз актер, тележүргізуші болып бақтарын сынап жүр. Сізде мұндай жоспар жоқ па?

– Меніңше, актер болып, фильмде рөл сомдауды кез-келген адам армандайтын сияқты. Мен де өзімнің бұл бағытта бағымды байқап көрсем деймін. Негізі «Мен еркекпін» әніне түсірілген бейнебаянда мен шағын образды сомдап шықтым. Режиссерлер сол рөлімді көріп, бәлкім, болашақта өз фильмдеріне шақырып қалар деп үміттенемін. Ал, бірақ табан тоздырып, кастинг аралап жүрмін деп айта алмаймын.

IMG-20161222-WA0020

– Ал, қоғамдағы қандай мәселе сізді қатты толғандырады?

– Шынымды айтсам, өте көп. Күн сайын қоғамдағы проблемаларды көрген сайын жүрегім ауырып, көңілім түседі. Олардың қатарында мәдениетсіздік бар. Қазір біздің қоғамда үлкенге құрмет, кішіге ізет жоғалып барады. Осы жағынан әр отбасы балаларына тәрбие беріп, көңілге қарап сөйлеуді үйренсе деймін.

Ескерту! Материалды көшіріп басу үшін, редакцияның хат түріндегі рұқсатын алу керек.

Жіберіп алмаңыз:

Жанатбек Бәйтеков: Атақ-марапаттардың бәрі елге еңбегі сіңбеген азаматтарға беріліп жатыр

Қайрат Нұртас әйелін жаңа әнінің бейнебаянына түсірді (видео)

Анар Батырхан: «Инстаграм жұлдызы» болып қалудан қорқамын, мен оқыған актрисамын (фото)

Қайрат Нұртастың жұбайымен билеген видеосы желіні “жарды” (видео)

Динара Сұлтан алғаш рет өзінен 17 жас үлкен күйеуі жайлы айтты (фото)

Талқылау