Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ғажайып сәйкестік: 1998 және 2025 жылдардағы ұшақ апаттарынан аман қалғандар бір орында отырған

Фото: @mymixtapez

Танымал тай актері Джеймс Руангсак Лойчусак 1998 жылы ұшақ апатынан аман қалған еді. Ол жақында ғана Үндістанда болған апаттан жалғыз аман қалған адамның дәл сол өзіне тиесілі болған 11А орнында отырғанын естіп, таңданысын жасырмады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Pattaya People порталына сілтеме жасап хабарлайды.

"Тұла бойым тітіркеніп кетті. Ол мен отырған 11А орнында отырыпты", – деп жазды актер әлеуметтік желіде.

Бұл сәйкестік жұртты таңдандырып, әлеуметтік желіде қызу талқы туғызды.

Air India әуе компаниясының ұшағы Гуджарат штатының Ахмадабад қаласы маңында апатқа ұшыраған. Ұшақта 241 адам болған. Тек британ азаматтығы бар үнді жігіт Вишвашкумар Рамеш тірі қалған. Бұл орын апаттық есікке жақын болған. Оны ұшақтан сыртқа лақтырған, кейін ол өз бетімен жедел жәрдем көлігіне дейін жеткен. Қазір ер адам ауруханада, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.

Джеймс Руангсак 1998 жылы 11 желтоқсанда Thai Airways ұшағы апатқа ұшырағанда да 11А орнында отырған. Ол кезде Airbus A310 ұшағы Таиландтың Сураттхани провинциясындағы каучук плантациясына құлаған. Апат салдарынан 101 адам қаза тауып, 45 адам жарақат алды.

Актер апаттан қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтып, бұл сәйкестіктің өзін қатты толқытқанын жеткізді. Тарихта ұшақ апаттарынан жалғыз өзі аман қалғандар бірнеше рет тіркелген. Мысалы, 1985 жылы Galaxy Airlines ұшағы апатқа ұшырағанда 17 жастағы Джордж Ламсон кіші жалғыз аман қалған еді. Үндістандағы соңғы апат туралы естіген ол да әлеуметтік желіде бұл жаңалықтың өзін қатты толқығанын айтты.

Тағы бір мысалда 2009 жылы 12 жасар Бахия Бакари Yemenia Airways ұшағы Комор аралдары маңында апатқа ұшырағанда жалғыз аман қалған. Ал 2006 жылы Кентукки штатының Лексингтон қаласында Comair рейсі апатқа ұшырағанда, екінші ұшқыш Джим Полехинке ғана тірі қалған.


"Тірі қалғаныма әлі сенбеймін": Үндістанда ұшақ апатынан аман қалған жалғыз адам жағдайды баяндады


"Кептеліс мені құтқарып қалды": Үндістандық студент апатқа ұшыраған Air India ұшағына 10 минутқа кешігіп, аман қалды


Еске салайық, бұл қайғылы оқиғада тағы бір отбасының жағдайы бүкіл әлемді дүр сілкіндірді. Ерлі-зайыпты дәрігерлер Пратик Джоши мен Коми Вьяс және олардың үш баласы шетелде жаңа өмір бастау үшін Лондонға бағыт алған еді. Алайда бір отбасы мінген ұшақ Ахмадабадтан ұшқаннан кейін небәрі 32 секундтан соң апатқа ұшырады. Отбасының ұшақта түскен соңғы суреті желіде тарап кетті. Олар Лондонға көшіп, жаңа өмір бастамақ болған. Дәрігер Пратик Джоши бұған дейін алты жыл Лондонда тұрып, сол жерде мансап жасаған. Жолдасы Коми Вьяс Удайпурдағы беделді ауруханада жұмыс істеп жүріп, Лондонға көшу үшін екі күн бұрын қызметінен кеткен.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 16 Маусым, 2025 12:02
Талқылау