Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Гарант 24 Ломбард: Қазақстандағы ең атышулы қаржы пирамидасы қалай және қайда құрылды

Гарант 24 Ломбард - еліміздегі ең атышулы қаржы пирамидаларының бірі. Ұйым 2 жыл ішінде 17 мыңнан астам адамға залал келтірді. Шығын мөлшері 30 миллиард теңгеден асады. 2022-ші жылы дәл осы қаржы қақпанын ұйымдастырды және атсалысты деген айыппен 48 адам сотталды. Stan.kz осы орайда аталмыш пирамиданы кім құрғанына, қалай және қайда жұмысын бастағанына толық шолу жасады. 

Аз табыс, шағын несиелік ұйым

2018 жыл. Жанболат Есіркепов есімді азамат ақша табу мақсатында әрекеттеніп жүреді. Осылайша қалада кәсібін бастауды жөн көреді. Әрине алғашында электронды ақша табудың жолдарына үйрететін ЖШС құрады. Дей тұрғанымен бұл оқыту орталығы оған ойлағанындай табыс көзін алып келмейді. Кіріс аз.

Осылайша қысқа ғана жұмыс істеген ұйымның жаңаша жолын іздей бастайды. Ақыр соңында қаржыны көбірек табу үшін шағын несиелік компанияға айналуды көздеді. Сөйтіп Ақтөбе қаласында “Выгодный займ” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылды. Негізінен бұл ұйым ақшадан қысылған азаматтарды шағын несиемен қамтып отырды. Дей тұрғанымен жалғыз табыс көзі халықтың несие рәсімдеп, кейін оны белгілі бір пайызбен қайтарып отыруы да көп кіріс алып келе қоймады.

Бірақ Жанболат бастаған істі тастаған жоқ. Керісінше оны дамыта түсті. Жан-жақты қарап, қалай табысты арттыруға болады деген жолдарын жоспарлай бастады. Сонымен тек ақша несиесін ғана емес, серіктестік құзырына тұрғындардың көлігін, баспанасын нарықтағы бағадан 10-30 пайызға жоғары мөлшермен сатып алу жүйесін енгізді. Мұндағы басты талап сол пәтер мен көлік иелеріне келісілген баға 4 айға бөліп төлеу әдісімен қайтыралатын болған. Тіпті компания клиенттеріне беретін ақшаны криптовалюта жүйесіне салып, содан пайда табуға болатынын ұсынған.

Тұрғындар жоғары баға ұсынған ұйымға әрине өз астындағы автокөлігін сатуға асығады. Ал серіктестік олардан алған көлік пен жылжымайтын мүлікті дереу нарықтағы бағадан арзан сатып, түскен пайданы несие рәсімдеуге жұмсап отырды. Осы схема компания айналымындағы қаржы мөлшерін арттыра түсті. 

Компанияның кеңеюі

Көп ұзамай қаражатын арттырған серіктестік өзге қалаларда да осы схема бойынша халықты арбауға көшті. “Выгодный займ” филиалдары Атырауда, Орал мен Шымкентте, Ақтау, Қызылорда, Павлодар қалаларында ашыла бастады. Тіпті еліміздің бас қаласы Астанада да компания өз офисін ашты. Республикамыздың бірнеше қаласын қамтыған ұйымның ақша айналымы тіпті арта түсті. Ұсынылатын бағдарлама бір. Халықтың иелігіндегі жылжымайтын мүлікті, көлікті нарықтағы бағадан әлдеқайда жоғары сатып алу, бірнеше айға сол келісілген қаражатты бөліп төлеу, криптовалютамен табыс табуға үгіттеу. Жалпы алғанда әлгі бөліп төлеймін деген ақшаны неғұрлым халықтың қалтасына кері қайтармау көзделді. Бірақ қарыз көлемі көбейе бастаған соң жұртты шулатпау үшін ақша табудың өзге жолдары қосымша іздестіріле бастады.

Сол мақсатта “Гарант 24 Ломбард” және “Эстет Ломбард” ұйымдары құрылды.

“Гарант 24 Ломбард” және “Эстет Ломбард” компанияларының мақсаты - халықтан ақша жинау. Яғни белгілі бір мөлшерде жарна құйсаң ай сайын 40 пайызы мөлшерінде үстеме табыс ала аласың немесе 3-6 ай күтіп сол қаржыға әр айға қосылған сомманы алу мүмкіндігің бар.

Мысалға 1 миллион теңге салсаң саған ай сайын 400 мың теңге беріп отырады. Ал егер сол ақшаға тиіспей 3 айдан кейін бірақ алсаң онда 1 миллион  теңгең 2 миллион 200 мың болып қайтады.

Әрине бұл ұсынысқа халық қуана кірді. Жеңіл олжа қатты қызықтырғаны соншалық жұрт қалтасындағы ақшадан бөлек, несие алып салуға тырысты. Ал компания иелері сол халықтың салған жарнасын “Выгодный займ” серіктестігіндегі жиналып қалған қарызды жабуға құйды. Дәл осы схемамен жұмыс жалғаса берді, ал салымшылар қатары бұдан сайын арта түсті. 

Әкімдіктен марапат, танымал азаматтар жарнамасы

“Гарант 24 Ломбард” компаниясының жұмысы жақсы нәтиже көрсеткені соншалық оның да өзге өңірлерде филиалдары ашыла бастады. Ал осы ұйымдардың негізгі кеңсесі саналған “Выгодный займ” Ақтөбе қаласы бюджетіне салық мөлшерінде қыруар қаржы түсірді. Тіпті қаладағы Сәнкібай батыр көшесінде орналасқан “Прогресс” бизнес-орталығында аталмыш ұйымның кеңес беру орталығы ашылып, белсенді жұмыс істеді. Арасында қайырымдылық шараларға да атсалысты.

Соның арқасында Ақтөбе қаласының әкмінен алғыс хат та алады. Ісін ашық жүргізу мақсатын барынша көрсетуге тырысқан ұйым елдегі танымал адамдардың да назарын аудара бастады. Ақырында әнші, спортшы және белсенділер арқылы жарнамалау процесі жүрді. Оның қатарында Айқын Төлепберген, Қуат Хамитов, Баян Есентаева, Асылхан Төлепов те бар. 

Негізгі басшы Жанболат Есіркепов болса, атышулы “Гарант 24 Ломбард” компаниясының директоры Аслан Мырзабеков еді. Халықтың ақшасына қол салу үшін компаниялар тізіміне "Нур-Али Капитал”-да қосылды. Бір қызығы ең бас кеңсе саналған “Выгодный займ” Ақтөбеде орналасса, “Гарант 24 Ломбард” кеңсесі Астана қаласында еді. 

Компаниялар желісінің жеңі тарыла бастады

Аталмыш қаржы компанияларының жұмысындағы шикілік 2020 жылы біліне бастады. Халық жаппай салған ақшаларының дұрыс қайтпай жатқанын, біраз қаржысынан қағылғанын байқап, дабыл қақты. Артынша тергеу жұмыстары жүргізіліп, бұл ұйымдардың ешқандай да шаруашылық істерін жүргізбегені, тек қана халықтан ақша жинаумен айналысқаны анықталды.

Осылайша 2 жылдан аса жұмыс істеген ірі компаниялар тізбегі толықтай тінтуге алынды. Міне осы сәттен бастап сан соққан жұрт не істерін білмей дал болды. Бірі топтасып Президентке ашық хат жазса, енді өзгелері әр қаладағы компания мекемелерінің есік-терезесін сындырып, сейфтерін ақтаруға көшті. Тіпті Астана мен Ақтөбедегі кеңсе есігінде мыңдаған адам ұзын-сонар кезек құрды. Осы уақытта құзырлы орган әлгі алаяқтарды ұстау жұмыстарына қызу кірісті. Бірақ негізгі бастық саналған Аслан Мырзабеков пен Жанболат Есіркепов елден қашуға асыққан. 

Аслан Мырзабеков Молдова астанасында ұсталды. Бірақ ол сол қашып жүрген сәтінде әлеуметтік желілер арқылы бейнеүндеу де жолдады. Халыққа ақшасын толық қайтаратынын айтып, арыздарын кері алуға үндеді. Алдауға тырысты. Бірақ бұл ойы іске аспады. Елге экстрадицияланды. Тағы бір күдікті – Ысқақов А. қаржы пирамидасының белсенді қатысушыларының бірі, Қырғызстанда жасырынып жүрген. Ол Бішкекте ұсталып, 20 сәуірде Отанына экстрадицияланды.

Ал "Выгодный займ" компаниясының құрылтайшысы Жанболат Есіркеповті Ресеймен шекарада тұтқындалды.

Ақырында құзырлы орган тексеру барысында бұл компаниялардан 17 мыңға жуық халықтың алданғанын анықтады. 126 адам жауапқа тартылды. Бұл ортада әлгі жарнама жасаған танымал азаматтар да өздерінің алданғанын айтып, арызданушылар қатарына қосылды. 

Тергеу кезеңіндегі дүрбелең және сот үкімі

Қаржы қақпанына қатысты тергеу жұмыстары мен сот үкімі аралығы 2 жылға жуық уақытқа созылды. 2020 жылдың орта шенінде басталған іске 2022 жылдың тамыз айында үкім шықты. Бірақ 2023 жылы аппелияциялық алқа бұл істі қайта қарады. Жалпы осы уақыт аралығында 35 жәбірленушінің сотқа дейін көз жұмғаны анықталды. 

Құзырлы орган 2021 жылдың сәуір айында қаржы пирамидасына байланысты тергеу жұмыстарының аяқталғанын, іс сотқа берілгенін хабарлады. Ал "Гарант 24 ломбард", "Еstate ломбард", "Выгодный займ", "Нұр-Әли Капитал" ұйымдарының жалпы залалы 30 жарым миллиард теңгеге бағаланды. Ломбардтар бәрі бір схема бойынша әрекет еткен. Олар ақшаны 3 айдан 6 айға дейін депозит қағидаты бойынша қабылдап, 20-40 пайыздық үстемемен қайтаруға уәде берген. Сонымен қатар, пәтерлерді, көліктерді нарықтан жоғары бағамен сатып алып, оларды қайта сатты. 34 қылмыстық іс бойынша 56 адам айыпталушы деп танылды. Олардың көпшілігі Қазақстанға Ресейден, Молдовадан, Әзірбайжаннан және Түркиядан табылып, экстрадицияланды.

Мұнан кейін көптен күткен сот отырысы басталды. Бірақ айыптау фактілеріндегі себептерге байланысты сот орындығында 48 адам қалды. Бір қызығы сот барысында жәбірленушілердің бір тарапы өз арыз-шағымының дұрыс қаралмағанын айтып шу шығарса, енді өзге халық компанияға жұмысқа кіргеніне 1-2 ай ғана болған айыпталушыларды босату керек деп айғайға басты. 

Дей тұрғанымен бұл іске 2022 жылдың тамыз айында нүкте қойылды. Сот айыптау орындығындағы 48 күдіктіге үкім шығарды. Жалпы қаржылық ұйым о баста Ақтөбеде құрылығандықтан барлық іс осы қаладағы №2 сотында қаралды. Айыпталушылардың ісі 3 786 томнан тұрды. Журналистер үшін арнайы орын белгіленгенімен, сотталушылар мен қорғаушылардың, жәбірленушілердің саны көп болып, үкім қоныс колониясында оқылды.

Оларға "Заңсыз кәсiпкерлiк, заңсыз банктік, микроқаржылық немесе коллекторлық қызмет", "Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету", "Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу", "Алаяқтық" баптары бойынша айып тағылды.

Осылайша қаржы қақпанының басты кейіпкері, ұйымдастырушысы Жанболат Есіркепов, Н. Танбашев, А. Тойчиева өз кінәларын ішінара мойындап, жәбірленушілерден кешіріп сұрады. Ал өзге сотталушылар кінәсін мойындамай, өздерінің жалдамалы жұмысшы екенін айтты.

Ақырында сот Есіркепов пен Танбашевке 18 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Әрі қаржы, коммерциялық ұйымдарда 10 жыл басқарушы қызметін атқару құқынан айырылып, мүлкі тәркіленетін болды. Ал "Гарант 24 ломбард" компаниясының директоры Аслан Мырзабеков 16 жылға, Д. Князбаева 13 жылға бас бостандығынан айырылды. 

Сонымен қатар осы іске қатысы бар деген айыппен Н. Аманғалиев, Ж. Елтаев, Э. Жансүгіров 12 жылға, А. Құлниязов, С. Мырзабеков, М. Рахымбаев, Н. Елеуов 11 жылға сотталды.

Одан бөлек, А. Кубиев, А. Сексенбаев, А. Қуанышұлы, Д. Кәдірберген, А. Нұржан, А. Ағиев, Ю. Афонин, Е. Акишев 10 жылға, С. Бекмұхамбетов, Л. Рамадинов, Б. Мырзабеков, А. Нурметов, Э. Юлдашев, Ә. Ысқақов, А. Айтмағамбетов, Д. Черикбаев, А. Бакасуов, Л. Арыстанова, А. Бәймен, А. Тойчибаева 9 жылға, А. Ситинова, З. Конырбаева, Д. Хайров, А. Қанат, С. Қанатбаев, Қ. Әділов, Д. Казиев, Е. Мустафинов, Г. Баймуканов, Р. Абдурахимов, С. Мырзахметов 8 жылға, К. Абдиева, Г. Адилова, Е. Кайбаров, А. Канапьянов, И. Иванова, Е. Хамзин 7 жылға түрмеге жабылды.

Қазақстанның қарапайым бір қаласынан кішкентай ғана серіктестік болып ашылған ұйым осылайша бірнеше жылда халықты сан соқтырып, елді дүрліктірді. Әрине бұл жұрттың есінде біразға дейін сақталатыны рас. Бірақ осы сынды бүгін бар, ертең жоқ қаржы пирамидаларынан құтқара ала ма?!

Талқылау