Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ғалымдар алманың жүрек ауруын емдеп жазатынын анықтады

Оксфорд  университетіндегі британиялық ғалымдар алма жемісінің адам ағзасына өте пайдалы екенін айтып отыр. Бұл тұжырымға олар көпжылдық тәжірибелік зерттеудің арқасында қол жеткізгенін мәлім етті.

yabloko

Алма жемісінің құрамындағы қажетті пайдалы микроэлементтер адам ағзасының иммундық қасиетін көтереді. Ағылшын ғалымдары тапқан тағы бір нәрсе, алманы тұрақты жеу арқылы адам баласы өзін мазасыздандырып жүрген жүрек ауруын төмендете алады екен. Мамандардың тұжырымына қарағанда, алма жемісі жүрек сырқатын 30-40 пайызға дейін кемітеді. Алманың құрамында калий мен темірдің пайызы өте жоғары. Бұл заттар ағзаның иммунитетін күшейтіп, жүрек қан-тамырлары жүйесінің қалыпты жұмыс істеуіне ықпал ететін көрінеді, деп жазады Айқын газеті.

Зерттеу барысы көрсеткеніндей, басқа сырқаттарға қарағанда, алманы тұрақты жеп жүрген адамда жүрек, қан тамыры аурулары өте сирек кездеседі екен. Дәрігерлер көк алма адамдарды қан аздық сырқатынан сақтайтынын айтады, ал қызыл алма болса, гипертонияны төмендетуге септігін тигізеді.

Жалпы, жемісті көп жегеннің еш зияны жоқ. Әсіресе, алмаға қатысты мамандардың айтары көп. Ғалымдар жаңа піскен алманың әйелдердің жас көрінуіне көп көмегі барын хабарлап отыр. Бірақ алманы арагідік емес, күн сайын тұрақты жеуді дағдыға айналдыру қажет. Сонда ғана  ағзаға пайдасы бары байқала бастайды. Алманың құрамында сондай-ақ, флавоноид және полифенол заттары көп кездесуі жүректің жұмысын жақсартады, сонымен қатар қартаю процесін де баяулататын көрінеді. Әйтеуір,  тоя тамақ ішкеннен кейін бірер сағаттан соң ұйықтар алдында алма жеп жатқандарды жиі байқаймыз. Өйткені алма ас қорыту процесін жеделдетеді. Жаңа үзілген алманы жиі жеу сондай-ақ қатерлі ісік сырқатын төмендетеді деген де түсінік бар.

Bilimsite порталының хабарлауына қарағанда, «Қазақстанда алманың 40-тан астам сортты будандастырылған, оның 20 (Салтанат, Іле, Алатау шапағы, Алматы т. б.) қазақ селекционерлері өсіріп шығарған. Алманың жер шарында 36 түрі бар. Қазақстанда алманың «апорт», «сиверс», «недзвецкий», қырғыз алмасы өседі. Алманың отаны — Орталық Азия. Сұрпына қарай, алманың өмір сүру ұзақтығы да әртүрлі. Олар 20 жылдан 100 жылға дейін өсе беруі мүмкін.

Алманың денсаулыққа пайдасы мол. Оның құрамында А, С, В1, В2, Р, Е дәрумендері бар. А дәруменi – ағзаның өсуіне, дамуына әсер етіп, түрлі ауруларға қарсы тұруға көмектеседі. Қараңғыда көруді жақсартады. А дәрумені шаштың, тырнақтың өсуіне әсер етеді. Ол жетіспегенде тері құрғап, жарылып, түсі күңгірттенеді. В1 дәруменi – организмде дұрыс зат алмасуы үшін аса қажет. Бұл дәрумен жетіспегенде шаршағандық сезіліп, ас қорыту жүйесі бұзылады.

Ағза В1-ге зәру болған жағдайда жүйке жүйесі ауруға шалдығуы мүмкін. В2 дәруменi – басқа да дәрумендер сияқты организмнің бірқалыпты өсуіне қажет. Жарақаттардың тез жазылуына мүмкіндік береді. Көздің жақсы көру қабілетін арттырады. Бұл дәрумен жетіспеген жағдайда ерін құрғап, ұшық шығады. Денеге түскен жарақат баяу жазылады. С дәруменi – ағзаның жұқпалы ауруларға қарсы тұра алу әрекетін арттырады. Сүйекке және тіске беріктік қасиет береді. С дәруменi жетіспегенде ағза тез шаршайды, сілемейлі қабықшалар қабынады, қызыл иек қанталайды.

С дәруменi ағзаға қыс пен көктем айларында көбірек қажет. Р дәруменi – жіңішке қан тамырларының беріктігін арттырып, қызметін қалыпқа келтіреді. Е дәруменi – бұлшық еттердің қызметін жақсартады. Сондай-ақ алмада марганец, калий, кальций, фосфор, натрий, молибден, мырыш бар. Бұлар ағзаға жеткілікті мөлшерде болса, адам сирек ауырады. Алманы тұрақты жеген адамның ойлау қабілеті де жақсарды. Ең бастысы – алма темірге бай. Темір қан айналымы жүйесіне өте қажет. Ол жүрек, бауыр, бүйрек, асқазан, ішек жолдарының жұмыстарын жақсартады. Бактерия мен әртүрлі вирустардан сақтану үшін күніне бір алма жеу қажет.

Тағы да оқыңыз:

БҚО-да екі жасар бүлдіршін антибиотиктің қате мөлшерінен көз жұмды

Күндізгі 30 минуттық ұйқының сізді бақытты ететінін білесіз бе?

Ораза ұстау кезінде жіберетін 10 қателік

Талқылау