Ғалымдар құлағы естімейтін науқастарды емдейтін ерекше тәсіл тапты
Фото: freepik.com
Каролинск институты мен Қытай университеттерінің халықаралық ғалымдар тобы алғаш рет туа біткен саңыраулық пен есту бұзылыстары бар балалар мен ересектерге арналған гендік терапияны сәтті сынақтан өткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Nature Medicine журналына сілтеме жасап хабарлайды.
Зерттеуге 1 жастан 24 жасқа дейінгі OTOF генінде мутациясы бар 10 науқас қатысты. Бұл мутация дыбыс сигналдарының миға берілуін бұзады. Яғни тұқым қуалайтын саңыраулық диагнозы.
Емдеу кезінде ғалымдар арнайы жасалған вирус көмегімен OTOF генінің сау көшірмесін құлақ ішіне салған. Бұл ген есту жүйесіне жауап береді, сондықтан оны құлақтың ішкі бөлігіндегі ұлу (улитка) мүшесіне арнайы әдіспен енгізген. Енгізу жолы құлақ ішіндегі "дөңгелек терезе" деп аталатын жұқа қабық арқылы жасалған.
Кейін бір айдан соң науқастар дыбысты ести бастаған. Алты айдың ішінде барлық сынаққа қатысушыларда есту қабілеті едәуір жақсарған.
Мысалы, дыбыс ести алатын орташа деңгей 106 децибелден 52 децибелге дейін төмендеген (яғни әлдеқайда жеңіл дыбыстарды ести бастаған).
5–8 жастағы балаларда ең жақсы нәтижелер байқалған. Тіпті кейбірі төрт айдан кейін жақындарымен сөйлесе алатын жағдайға жеткен.
Зерттеу барысында айтарлықтай жанама әсерлер анықталмаған. Ғалымдар бұл әдістің тек балаларға емес, жасөспірімдер мен ересектерге де тиімді болғанын ерекше атап өтті.
"Бұл – пациенттердің өмірін өзгертуі мүмкін үлкен қадам. Біз енді GJB2 және TMC1 сияқты кең таралған саңыраулық түрлеріне жауапты гендермен жұмыс істеуді бастадық", – деді зерттеу жетекшісі Маоли Дуань.

"Шетелде билетсіз, қонақүйсіз далада қалдым": Қазақстандықтар авторлық тур сатып аламыз деп 2 млн теңгеге дейін қаражаттарынан қағылған
