Ғаламдық жылыну: Қай ұлт көбірек зардап шегеді
Үндістердің ыстыққа төзімсіз ұлт екені анықталды. Ғаламдық жылыну кезінде жоғары температураға тап болатын халықтың жартысынан көбі Үндістанда тұратын болады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі америкалық Proceedings of the National Academy of Sciences ғылыми журналындағы зерттеуге сілтеме жасап.
Зерттеушілер әлемнің 13 115 қаласында 1983-2016 жылдар аралығындағы ауа-райына сараптама жүргізген. Бұл үшін WBGT индексі – температура мен ауа ылғалдылығы, жылу бөліну мен жел жылдамдығы көрсеткіші қолданылған. Индексті "ылғалдық термометрі" деп те атайды. Халықаралық стандарттау ұйымының мәліметінше, "термометрде" көрсеткіш Цельсий бойынша 30 градустан асқанда, адамдарға ыстық өтіп, түрлі ауруға шалдығады. Халық саны бойынша әлемде екінші орын алатын елдің халқы соңғы отыз жылда ғаламдық жылудың негізгі соққысын өзіне қабылдаған. Мұнда адамдар өзге елдермен салыстырғанда көбірек зардап шеккен және алдағы уақытта қауіп өсе бермек.
"Қалалық аймақтағы ыстықтың әсері біз ойлағаннан да қауіпті және өзге облыстарда да өсіп келе жатқаны анықталды. Соңғы 30 жылда жердегі әр бесінші адам қаладағы ыстықтың әсеріне ұшыраған", - деді мақала авторларының бірі және Калифорния университетінің ғалымы Келли Кейлор.
Климаттың өзгеруіне байланысты ең көп зардап шеккен елу қаланың он жетісі Үндістанда орналасқан. Әлемдік рейтинг көшін Бангладеш Дакка бастаса, екінші орынға Нью-Дели орналасты.
"Біздің сараптамамыз әлемнің тұрақты дамуы мен аса қауіпті қалаларда өмір сүретін адамдар жағдайын сынға алады. Климаттың өзгеруі әлем бойынша жылудың өзгеріс жиілігі мен ұзақтығына әсер етеді", - деп жазды зерттеу авторлары.
БҰҰ климаттың өзгеруі бойынша мамандары жазда планетаның экологиялық жағдайы туралы баяндама ұсынған еді. Мамандардың айтуы бойынша, алдағы онжылдықта ғаламдық жылынуды барлық ел сезінеді. Себебі температураның көтерілуі ауыл шаруашылығы мен денсаулық сақтау саласына айтарлықтай әсер етеді. Олар 2021 жылы АҚШ, Канада, Грекия, Түркия мен Сібірде болған өрт климат өзгерісі салдарының бастамасы ғана екенін мәлімдеген.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
