Гүлзира Айдарбекова: Ендігі мақсатым – Қайраттан әлемдік “мегажұлдыз” жасау
Бүгінде Қайрат Нұртастың есімін бүкіл ел біледі. Оның бұл жетістігі – ата-анасының арқасы. Әсіресе, Қайраттың анасы әрі продюсері Гүлзира Айдарбекованың сіңірген еңбегі ерен. Ол бүгінге дейін алға қойған бар мақсатына қол жеткізді. Ұлын елге танытты, талантын ашты, өнерде жұлдызын жақты. Гүлзира Үсенқызының ендігі мақсаты – Қайраттан әлем танитын «мегажұлдыз» жасау.
Бұл туралы КТК арнасының «Наша правда» бағдарламасында айтылды.
Гүлзира Айдарбекова Қайратты кішкентайынан өнерге жетелеген. Оны түрлі байқауларға қатыстырып, талантын шыңдау үшін барын салған. Ал әкесі Нұртас Айдарбеков оған қарсы келмеген.
“Оған сендім, себебі Гүлекеңді білемін, ол алға қойған мақсатына жетпей қоймайды. Баласын кішкентай кезінен сүйрелеп жүретін, оған қарсы болған жоқпын. Өйткені ән айту деген біздің әулетімізде бар. Бірақ менің ондай мүмкіндігім болған жоқ. Менің анам қартайып қалған болатын”, – деп қалжыңдады Нұртас Айдарбеков.
Ер жетіп, есейген шағында Қайраттың анасы біраз продюсердің табалдырығын тоздырған. Олардан Қайратқа қол ұшын созуды өтінген. Алайда ел танитын продюсерлердің түгелі дерлік Қайраттың болашағына сенбеген, сол себепті анасының бетін кері қайтарған. Десе де Гүлзира Айдарбекова оларға ренжімейді. Керісінше алғыс айтады. Себебі: “Олар бетімді қайтармаса, мен бүгінгі жеткен жетістігіме жетпес едім”, – дейді.
Бұл ретте Гүлзира Айдарбекова Қайраттың жетістігіне әкесінің де мол үлес қосқанын айтып өтті.
“Барлықтарыңыз “мақсатыңа жеттің, сенің арқаңда Қайрат жұлдыз болды” деп жатырсыздар. Алайда шын мәнінде Қайраттың танымал әнші болуына әкесінің қосқан үлесі зор. Себебі өнер әкесінің қанында болмаса, Қайраттан жұлдыз шықпас еді”, – деп түсіндірді продюсер-ана.
Иә, ол бүгінге дейін алға қойған мақсаттарының бәріне жетті. Ұлын қазақ еліне танытқан ананың ендігі арманы бар ма?
“Ендігі арманым – сапалы мықты кинолар түсіру және Қайраттан әлемдік мегажұлдыз жасау”, – деп түйіндеді сөзін Гүлзира Айдарбекова.
Жіберіп алмаңыз:
Қайрат Нұртастың әкесі анасына гаухар тасты әшекей сыйлады (фото)
Димаш Құдайберген Singer-дің 9-кезеңде екінші орын алды (фото)
Жазира Байырбекова болашақ келінінің сыйлығын көрсетіп мақтанды (фото)
Балғынбек Имашев: Әйелімді қатты қызғанамын. Төркініне де менсіз бармайды