Футзалдан Қазақстан жасөспірімдер құрамасы ЕУРО-2025 іріктеу кезеңінің алғашқы ойынында жеңіліп қалды
Футзалдан Қазақстан U-19 құрамасы 2025 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіндегі алғашқы ойынында жеңіліске ұшырады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: kff.kz
Португалияда өтіп жатқан іріктеу кезеңінің алғашқы ойынында Қазақстан құрамасы Францияға қарсы кездесті. Бірінші таймда қарсыластар алғашқы болып гол соқты. Француз шабуылшысы Оубрик өз мүмкіндігін мүлт жібермеді. Қақпаларына гол жіберген отандастарымыз алаңда жиі тәртіп бұзды. Нәтижесінде Қазақстан қақпасына дабл-пенальти белгіленді. Бұл жолы қарсылас айып соққысынан мүлт кетті. Алғашқы тайм аяқталуға жақындағанда Әләзиз Камалов есепті теңістірді.
Екінші кезеңде қазақстандық футзалшылар Франция қақпасына гол сала алмады. Есесіне Наурызбаев қорғаған қақпаға тағы екі гол соғылды. Қарсыластар сапынан Мохамед Адам мен Колски нәтижелі әрекетімен көзге түсті. Қорытынды есеп 3:1, Қазақстан жасөспірімдер құрамасы топтағы алғашқы ойынында жеңіліс тапты.
Ертең құрама алаң иелері Португалияға қарсы ойын өткізсе, 30 наурызда Белорусь елінің жастарымен кездесетін болады. Айта кетейік, Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне топтан бірінші орын алған команда ғана жолдама алады. Бұған дейін, Порту қаласындағы ойындарға шақыртылған құрама ойыншыларының тізімін хабарлаған едік.