Футзалдан Қазақстан құрамасы ЕУРО-2026 іріктеу кезеңінде топтан тікелей жолдаманы жеңе алмады
Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2026 жылы өтетін Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде берілетін тікелей жолдаманы жеңе алмады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: kff.kz
Топтық кезеңдегі соңғы турда ұлттық құрама Ереванда Арменияға қарсы ойнады. Бұған дейін, Алматыда өткен ойында қос команда 4 голдан соғып, тең тарасқан еді.
Қазақстан құрамасына топта бірінші орын алу үшін тек жеңіс керек болды. Себебі, 5 турдың нәтижесі бойынша 10 ұпаймен екінші орында едік. Ал Армения 13 ұпаймен көш басында тұрды. Чемпионатқа іріктеу ережесі бойынша әр топта тек жеңімпаз болған команда ЕУРО-2026 додасына тікелей жолдама алады.
Маңызды ойынды Қазақстан құрамасы сүреңсіз бастады. Алғашқы тайм бастала салысымен Армения шабуылшысы Никита Хромых Рауан Атантаев қорғаған қақпаға қос гол соқты. Ал отандастарымыз бірінші таймда Дәурен Тұрсағұловтың көмегімен таблода алғашқы голды соқты.
Екінші кезеңде Хромых хет-трик авторы атанды. Одан соң ұлттық құрама қақпасына Альберт Агаджанов төртінші гол соқты. Араға бес минут салып Агаджанов өз қақпасына автогол салып алды. Қорытынды есеп 4:1. Армения футзал құрамасы өз тарихында алғаш рет Еуропа чемпионатының негізгі кезеңіне жолдама алды.
Ал Қазақстан құрамасы тікелей жолдамадан айрылып қалды. Енді отандастарымыз іріктеу кезеңінің аяқталғанын күтеді. Себебі, топта екінші орын алған командалар арасында ұпай саны жоғары 8 команда тағы 4 жолдамаға таласады.
Айта кетейік, футзалдан ұлттық құрама 2026 жылы өтетін Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңінде алтыншы топқа түскен еді. Албания, Дания, Арменияға қарсылас атанған Қазақстан құрамасы алты ойынның үшеуінде жеңіске жетті. Бір ойында тең түсіп, Армения мен Даниядан қонақта жеңіліс тапты.