Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Футзалдан Қазақстан құрамасы Даниядан кеткен есені қайтарды

Футзалдан 2026 жылы өтетін Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасы 4-турда жеңіске жетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: kff.kz

6-топта орналасқан Қазақстан құрамасы Данияға қарсы ойынды Астанада өткізді. Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорт сарайында жігіттер барын салды. Алғашқы таймда  Русмуссеннің автоголының арқасында біздің құрама 1-минутта есеп ашты. Араға бір минут салып Дуглас Жуниор есепті еселеді. Ал 3-минутта қазақстандық ойыншы Дәурен Тұрсағұловта өз қақпасына гол соғып алды. Аз уақыт ішінде даниялықтар Касумовичтің арқасында есепті теңестірді. Бірақ араға санаулы секундтар салып Ақжол Дәрібай алаң иелерін қайта алға шығарды. Одан соң Дуглас Жуниор дубль авторы атанды. Алайда Дәурен Тұрсағұлов тағы да автогол жасап, өз қақпамызға гол соқты. Осылайша бірінші кезең 4:3 есебімен аяқталды.

Екінші кезеңде жігіттер қателіксіз ойнады. Үзілісте берілген бапкердің тапсырмасын бұлжытпай орындаған футзалшыларымыз қарсылас қақпасына тағы 3 гол соқты. Азат Валиуллин Дания қақпасына бесінші голды соқса, Қайырбай да өз еншісіне бір голды жазды. Матч аяқталуға бес минут қалғанда Дания қақпасына пенальти белгіленді. Нүктеге келген Дәурен Тұрсағұлов бұл жолы қарсылас қақпасына гол соқты. Қорытынды есеп 7:3, Қазақстан құрамасы маңызды үш ұпайға қол жеткізді. Осы жеңіс арқасында ұлттық құрама турнирлік кестеде қайта көш бастады.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы осыдан бірнеше күн бұрын Данияда өткен ойында 3:2 есебімен жеңіліп қалған еді. Енді ұлттық құрамамыз наурыз айында Албания және Армения құрамаларына қарсы ойын өткізетін болады.

Талқылау