Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Футболшы Дин Хейсен 59,3 миллион долларға Мадридтің "Реалына" ауысты

Фото: Global Look Press

Испаниялық қорғаушы Дин Хейсен ағылшынның "Борнмут" клубынан Мадридтің "Реал" командасына ауысады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұл трансфердің құны 58 миллион еуро, яғни шамамен 59,3 миллион АҚШ долларын құрайды. "Реал Мадрид" командасы футболшының келісімшартында көрсетілген өтемақыны толықтай төлеген.

Өткен маусымда Премьер-лигада 30 матч өткізген және Испания құрамасында дебют жасаған 20 жастағы Хейсен "Челси", "Арсенал" және "Ливерпуль" сынды клубтардың қызығушылығына қарамастан, Мадрид клубын таңдады. Ақпарат көздерінің мәліметінше, ойыншы "Реалға" ауысуға келісім беріп қойған және трансфер 15 маусымда басталатын Клубтық әлем чемпионатына дейін ресми түрде аяқталады.

Бұл ауысым "Реалдың" қорғанысын нығайту мақсатында жүзеге асып отыр. Өйткені қазіргі кезде мадридтік клуб сапында Давид Алаба, Эдер Милитао және Антонио Рюдигер сынды қорғаушылар жарақат алып, қатардан шығып қалған. Басшылық жаңа бас бапкер Хаби Алонсоның басшылығымен жас қорғаушыны командада маңызды рөл атқарады деп сенеді.

Айта кетейік, Хейсен бұған дейін "Ювентус" пен "Малага" клубтарында ойнаған. 2024 жылдың шілдесінде ол "Борнмутқа" 15,2 миллион еуроға ауысқан болатын.

Біз бұған дейін, “Реал Мадрид” командасына бас бапкерлік қызметке Хаби Алонсоның келетінін хабарлаған едік.

Абылайхан Палмағанбет
Бейсенбі, 15 Мамыр, 2025 16:41
Талқылау