Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Футболға емес, басқа спортқа күш жұмсау керек": Қазақстанның ұятты жеңілісіне байланысты сарапшылар сөз қозғады

Футболдан Қазақстан құрамасы Франция құрамасынан 8:0 есебімен ұтылып, кешелі бері қазақстандық жанкүйерлер шулап жатыр. Бір топ қоғам белсендісі мен депутаттар футболға емес, күрес, ауыр атлетика мен бокске басымдық беруіміз керек десе, футбол федерациясындағылар 8:0 болып жеңілгеніміз қалыпты жағдай деп қарайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

футбол

Ел қазынасынан жылда кемінде 1 миллиард теңге алып келе жатқан 14 футбол клубының 12-сінде әлемдік стандартқа сай стадион жоқ. Клубтарға бөлінетін қаражаттың көбі инфрақұрылымға емес, шетелден келіп ойнайтын футболшылардың қалтасына кетеді. 

Қоғам белсендісі Мұрат Әбенов Футбол федерациясының президенті Әділбек Жақсыбековтен 3 жылда футболға 105 миллиард теңге бөлінгенінің анық-қанығын сұрап пост жазды. Алайда футбол федерациясының өкілдері әрбір клубқа бөлінетін ақшаға қатысымыз жоқ, оны әрбір облыстың әкімі шешеді деп отыр. Ал Франциядан сегізде нөл боп ұтылғанымыз қалыпты жағдай дейді.

“105 млрд деген масқара көп ақша енді! Қазақстан Футбол федерациясында ондай ақша бұрын-соңды болмаған. Енді ол 105 млрд-ты қайдан алды десеңіз, әр облыстағы 14 футбол клубымыз осыншама ақша жаратқан. Иа, ол рас болуы мүмкін. Франция оп-оңай  ұта алатындай әлемде бір 30-40 мемлекет бар. Жалғыз біз емеспіз! Ол әлем чемпионы ғой”, – дейді ҚР Футбол Федерациясы қоғаммен байланыс департаментінің директоры Мұхаммед Мәулен.


"Біз дайын емес едік": Қазақстандық футбол құрамасының жеңілісіне байланысты бас бапкер пікір білдірді


Ал мәжіліс депутаты Берік Әбдіғали әкімдер футбол клубтарына миллиардтарды бөлгізіп алғанымен, нәтижесіне бас қатырмайды дейді. Оның пікірінше, футболға емес, бокс, күрес пен ауыр атлетикаға ден қоюымыз керек. 

“Басқа спорт түрлеріне басымдылық беру керек. Одан да бар күшімізді бокске салайық. Өз қолымыздан не келеді, содан бастайықшы. Бокс, күрес бар. Басқа да спорттарымыз бар құдайға шүкір. Соларға күш жұмсайық”, – дейді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы. 

Спорт журналисі Есей Жеңісұлы әкімдер қазір шетелдік легионерлерге жөн-жосықсыз ақша шашады деп отыр. Сөзінше, миллиардтар бөлінгенімен, қазір әлемдік стандартқа сай салынған екі-ақ стадионымыз бар Ал дені дұрыс инфрақұрылымсыз, футболды дамыту мүмкін емес. Сол үшін өңірлердегі футболдың дамуы сол аймақтың басшысына тікелей қатысты дейді. 

“Әлемдік стандартқа сай екі-ақ стадион бар. Біреуі – Алматыдағы орталық стадион. Екіншісі – Нұр-Сұлтандағы Астана арена стадионы. Бізде әкім жақсы болса, сол өңірдің футболы дамиды. Мысалы, осы жолы Тобылдың чемпион болғанын әкім Архимед Мұхамбетовпен байланыстырып жатқандар өте көп. Яғни әкім жергілікті футболға көп көңіл бөлу керек дегенді айтады!” – дейді спорт журналисі Есей Жеңісұлы. 

Франциядан жеңілгенімізді футбол федерациясындағылар негізгі құрамда ойнап жүрген 7 бірдей ойыншының жарақат алып ойынға қатыса алмауымен байланыстырады. Қанша жерден бапкер ауыстырсақ та, ұлттық құрамада футбол ойнай алатын футболшылар өзгермейді дейді. Биыл да, келесі жылы да жеңілеміз, сондықтан футболға мемлекеттік деңгейде реформа жасауымыз керек деп отыр. 

Еске салсақ, бұған дейін қазақстандық футбол құрамасы Франция футболшыларынан 0:8 есебімен жеңілгені айтылған еді. 

Талқылау