Франция сәулелену деңгейі жоғары болғандықтан, iPhone 12 сатылымын тоқтатады
Франция Apple компаниясына электромагниттік сәулеленудің тым көп болуына байланысты iPhone 12 сатылымын тоқтатуды талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Францияның Ұлттық жиілік агенттігі (Agence nationale des Frequences – ANFR) қолданыстағы телефондарды түзетуді бұйырды. Егер компания бағдарламалық жасақтаманы жаңарту арқылы мәселені шешпесе, онда елде сатылған барлық iPhone 12-ді қайтарып алуға тура келетінін хабарлады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұған дейін ұялы телефондардың сәулеленуіне қатысты алаңдаушылықты жоюға тырысқан. ДДСҰ бұған қатысты ешқандай дәлел жоқ деді.
iPhone12 2020 жылдың қыркүйегінде шығарылды және әлі күнге дейін бүкіл әлемде сатылады.
Францияның цифрлық министрі Жан-Ноэль Барро iPhone12 сәулеленудің рұқсат етілген деңгейінен асып кеткенін айтты.
"Apple бұл шешімге екі апта ішінде жауап береді деп күтілуде. Егер олай болмаса, айналымдағы барлық iPhone 12 смартфондарын қайтарып алу туралы бұйрық беруге дайынмын", – деді ол.
ANFR телефонды екі бағытта тексеруді талап етеді.
Біріншісі – телефон адамның денесімен тығыз байланыста болған кезі, мысалы, оны қолымен ұстағанда немесе шалбардың қалтасына салғандағы әсері. Бұл жағдайда SAR шекті мәні – килограммына төрт Ватт.
ANFR мәліметтері бойынша, iPhone 12 – килограммына 5,74 Ватт, бұл белгіленген шектен асады.
Екіншісі – телефон алыстау болғанда, мысалы, сөмкеде болған кездегі әсері. Бірақ бұл жағдайда iPhone 12 шекті мәннен төмен болды.