Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Аурухана мен мәдениет үйі жоқ": Сингапурға айналуы тиіс жаңа қала Алатаудың бүгінгі жай-күйі қалай (Фоторепортаж)

Алатау қаласы Stan.kzФотоколлаж: Stan.kz 

Stan.kz редакциясы бұрынғы Жетіген ауылына барып, қала тынысын фотоға түсіріп қайтты. Бір жыл бұрын қала мәртебесін алған елді мекенге жаңа "Алатау" атауы берілген еді. Президенттің жоспары жұртқа үлкен үміт сыйлағанымен, ауылдың бүгінгі тынысын көргенде тұрғындардың көңілі әлі де екіұдай екенін байқадық. Бір жағынан, қала атанғанына қуанышты, екіншіден, шешімін таппаған мәселелер әлі көп. Жол, жарық, аурухана мен мәдениет үйі халықтың басты сұранысы болып отыр. 

Мемлекет басшылығының жоспарына сәйкес, жаңа қала халықаралық деңгейде үлкен хабқа айналуға тиіс. Оның дамуына ірі шетелдік инвестициялар тартылмақ, ал даму үлгісі ретінде Дубай, Сингапур, Тяньцзинь сияқты ірі сауда орталықтарының тәжірибесі алынған.

Бұрынғы Жетіген ауылы Алматыдан шамамен 50 шақырым жерде солтүстікке қарай орналасқан ірі елдімекен болды, қазір облыстық маңызы бар қала. 1969 жылға дейін Жетіген (сол кезде Николаевка деп аталған, жергілікті тұрғындар арасында "Нигодяевка") арқылы республикадағы оңтүстік пен оңтүстік-шығысты шығыс облыстармен және Сібір аймақтарымен байланыстыратын теміржол және автокөлік жолдары өткен.

Фото: Stan.kz

Қапшағай гидроэлектростанция құрылысынан кейін автожол жаңа бағытқа ауыстырылды, ал Жетіген станциясы Түрксіб пен Қытайды байланыстыратын маңызды пунктке айналды.

Жаңа теміржол желілерінің арқасында Жетіген транзиттік түйінге айналды: Қытайдың теміржол желілері Қазақстан мен Орталық Азияның басқа елдерімен қосылды. Қазақстан теміржол құрамындағы Жетіген станциясы қазір округтегі бірнеше ірі жұмыс берушінің бірі болып саналады.

Жетігендегі еңбекке қабілетті тұрғындардың көбі Алматыда жұмыс істейді.

Фото: Stan.kz

Күн сайын 10 мыңнан астам адам жұмысқа барып-келуге бірнеше сағат уақыт жұмсайды. Көбі өз шаруашылығымен айналысады. Мұнда бірнеше әскери бөлім бар, онда да жергілікті тұрғындар жұмыс тапқан. Қаланың басты проблемаларының бірі ішкі көшелердің жай-күйі. Көптеген көшелердің асфальт жабыны жақсы болса да, кей көшелер арқылы жүру немесе көлікпен өту қиын.

Фото: Stan.kz

“Бізге аурухана ауадай қажет”

Жетіген тұрғындары қала мәртебесіне үмітпен қарағанымен, шешімін күткен түйткілдер әлі де аз емес. Жетіген ауылында 50 жылдан бері тұрып келе жатқан зейнеткер Сәуле Қасымбекова елді мекенде шешімін таппаған мәселелердің аз емес екенін айтады.

Сәуле ҚасымбековаФото: Stan.kz / Сәуле Қасымбекова

"Өкінішке қарай, бізде қоқыс уақытылы шығарылмайды. Бүкіл ауыл қоқысқа толып кеткендей. Жарық күн ара өшеді, "жөндеу жұмыстары жүріп жатыр" дейді. Су да бірде бар, бірде жоқ. Ең басты мәселе – жарық пен жолдардың сапасыз салынуы. Жөнделмейді де. Бізге аурухана ауадай қажет. Қазіргі ауруханамыздың жағдайы мүшкіл, дәрігерлерге де, халыққа да қиын. Баяғыда сол жерде балаларым балабақшаға барған, кейін ол ғимарат ауруханаға айналдырылған еді. Қазір балаларымның жасы 47 мен 46-да. Енді міне, аурухана да тозып бітті", – дейді ол.

Фото: Stan.kz

Зейнеткер әкімдіктің халыққа барынша қолдау көрсетіп жүргенін атап өтті. Оның айтуынша, төбесінен су сорғалаған үйлер жөнделіп берілген. Дегенмен Сәуле апай ең қажет нысандар аурухана мен мәдениет үйінің әлі де салынбағанына қынжылады.

Фото: Stan.kz / Жергілікті емхана

Ресми деректерге сенсек, Жетігенде 25 төсек-орындық бір аурухана және округтің әрбір елді мекенінде орналасқан төрт фельдшерлік-акушерлік пункт жұмыс істейді. Олар дәрігерге дейінгі алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетеді.

"Уәде берілгенімен, аурухана да, мәдениет үйі де бір жылда салына қойған жоқ. Құрылысты көрші ауылға жүргізіп қойды. Ал Жетігендегі геологиялық орталық 10 жылдан бері қаңырап бос тұр. Кезінде мұнда 3 мыңнан аса адам жұмыс істеген. Қытайлықтар сатып алған соң да еш өзгеріс болған жоқ. Биыл 9 мамыр қарсаңында ғимараттың бір бетін сырлап жөндеді, қалған жағы сол қалпы тұр. Тарихы бай нысан қараусыз қалып барады",  – дейді зейнеткер.

геологиялық орталықФото: Stan.kz / Орталық алаңда орналасқан бұрынғы “Геологиялық орталық”

Суреттерден ғимараттың қасбеті ақ түсті ағаш жаңқалы тақтаға ұқсас материалмен қапталып, үстіне терезе бейнесі салынған баннерлер ілінгені көрінеді. Алайда қапталған терезелердің бір бөлігі құлап, кей баннерлер түсіп қалған.

геологиялық орталық (1)Фото: Stan.kz / Орталық алаңда орналасқан бұрынғы “Геологиялық орталық” / Жөндеу жұмыстары жүргізілмеген ғимараттың сол жақ беті

Сәуле Қасымбекова атап өткендей, адамдар барлық үмітін жаңа өндіріс орындары мен жаңа жұмыс орындарының пайда болуына артып отыр.

"Адамдар жұмысқа Алматыға, Қонаевқа (бұрынғы Қапшағай) баруға мәжбүр, өйткені қазір мұнда лайық жалақымен жұмысқа тұруға көп мүмкіндік жоқ. Халық саны өсіп келеді, ауыл белсенді түрде кеңейіп жатыр және біз өзгерістер дамуға алып келеді деп үміттенеміз", – деді Сәуле Қасымбекова.

“Керемет” өзгерістер болған жоқ”

Ал ауыл тұрғыны Гүлім Қайратбекқызы да соңғы бір жылда айтарлықтай өзгеріс болмағанын жеткізді.

Ауыл тұрғыны Гүлім ҚайратбекқызыФото: Гүлім Қайратбекқызы

"Керемет өзгерістер болған жоқ. Дегенмен мереке сайын іс-шара, концерт ұйымдастырылады. Бірақ оны өткізетін арнайы мәдениет үйіміз жоқ. Алаңымыз кішкентай, үлкен алаң салынса деп тілейміз. Жастарға арналған мәдениет үйі болса, арманымыз орындалар еді. Балаларға үйірмелер бар, бірақ мамандар тапшы. Хореограф жоқ, музыка аспаптарын үйрететін мұғалімдер жетіспейді. Цифрландыру туралы көп айтамыз, бірақ робототехника үйірмелері ашылса дейміз. Қала мәртебесін алғанымызбен, әзірге қалаға лайық инфрақұрылым жасалмады", – деді ол.

орталық алаңФото: Stan.kz / Орталық алаң

Жетігенде 40 жылдан бері тұратын Зәбира Әбдібаева да пікірін білдірді.

"Жетіген – халқы берекелі, жақсы ауыл. Алатау қаласы болады дегеннен бері қатты қуанып едік. Бірақ атау өзгергенімен, нақты істер әлі көрінбейді. Коммуналдық қызмет бағалары қаладағыдай, бірақ сапасы көңіл көншітпейді. Қала мәртебесін алған соң баға да шарықтап кетті. Дегенмен президенттің соңғы жолдауынан кейін болашақта нақты өзгерістер болатынына үмітіміз артты. Балаларымыз Алматыға ағылмай-ақ, осы жаңа қалада өсіп-өркендесе дейміз", – деді ол.

Зейнеткер Зәбира ӘбдібаеваФото: Stan.kz / Зейнеткер Зәбира Әбдібаева

Зәбира Әбдібаеваның өзі "Новостройка" ықшамауданында тұрады. Айтуынша, мұндағы басты түйткілдердің бірі қоғамдық көлік тапшылығы.

Фото: Stan.kz | Такси күтіп тұрған тұрғындар

"Бұл жерде де жаңа үйлер салынып жатыр. Бірақ такси бағасы тым қымбат – ең төмені 700 теңгеден басталады. Егер маршруттық автобустар жүрсе, халыққа қолайлы болар еді. Теміржол торабы ортаны бөліп тұр, балалар пойыз өткенде ұзақ күтіп қалады. Қазір көпір салынып жатыр, соның аяқталуын асыға күтеміз", – дейді ауыл тұрғыны.

көпірФото: Stan.kz

Осы пікірді №4 мектеп маңында кездескен Владимир Зотов та қолдайды. Оның айтуынша, мектептің бұрынғы нөмірі 11 болған, кейін гимназия мәртебесі беріліп, біршама өзгерістер болған.

ауыл тұрғыны Владимир ЗотовФото: Зейнеткер Владимир Зотов

4 мектепФото: Stan.kz / №4 орта мектеп

Зейнеткердің айтуынша, қазір ауылда жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Мәселен, қытайлық компания макарон өндіретін зауытты іске қосқан, онда жергілікті тұрғындар еңбек етеді.

макарон шығаратын зауытФото: Stan.kz / Макарон шығаратын зауыт

Өкінішке қарай, ауылда еңбекке қабілетті тұрғындарды толық қамтуға жеткілікті кәсіпорындар аз. Ірі кәсіпорындардан тек теміржол станциясы, мұнай базасы, жөндеу-құрылыс басқармасы, құс фабрикасы және биыл ашылған көлік-логистика орталығы бар екен.

Владимир Зотовтың сөзінше, қалада өрт сөндіру бөлімшесі жоқ. Әкімдік пен бір әскери бөлім арасындағы келісімнің арқасында, өрт кезінде жергілікті тұрғындар мен ұйымдарға әскери қызметкерлер көмек береді екен, себебі олардың өздерінің өрт сөндіру қызметі бар.

Фото: Stan.kz / Теміржол

Жетігенде лайық жалақы табатын тұрғындар арасында оптимизм басым. Солардың бірі теміржол станциясының қызметкері әрі вагон жөндеу цехының жұмысшысы Қуатбек. Ол туған ауылынан ешқашан кетуді ойламағанын айтады.

"Бұл – менің туған жерім, өсіп-өнген мекенім. Ешқашан кетуді жоспарлаған емеспін. Жұмысымды сүйіп істеймін, сондықтан қолым да жиі босамайды", – дейді Қуатбек.

Фото: Stan.kz / Вагон жөндеу цехының жұмысшысы Қуатбек

Жетіген станциясы Алматының қоғамдық көлік маршруттарының бірі үшін соңғы аялдама болып саналады. Сол автобустармен Қонаевтан қатынайтын қала маңы пойызы күн сайын мыңдаған жетігендікті жұмысқа апарып, қайта жеткізеді.

Фото: Stan.kz

жетіген вокзал қызметкеріФото: Stan.kz / Наргиза Бақытжанқызы / Тауар кассирі

Қазір ауылда бір мешіт пен бір православ шіркеуі бар. Сонымен қатар ірі азық-түлік желісінің супермаркеті мен тұрмыстық техника және электроника сататын дүкен жұмыс істейді.

мешітФото: Мешіт 

Жетігенде шағын әмбебап базар және демалыс күндері өтетін жәрмеңке бар. Оған жақын маңдағы ауылдар мен округтердің шаруа қожалықтары өз өнімдерін әкеліп сатады.

Фото: Stan.kz

Фото: Stan.kz / Базар сатушысы Қалбике Күшенбаева 23 жылдан бері Жетігенде тұрады

Өз шаруашылығын жүргізу жергілікті тұрғындарды азық-түлікпен қамтылуына және кейде артық өнімдерін сата білуге мүмкіндік береді.

“Алдағы уақытта барлық жерде "Алатау" деген маңдайшалар ілінеді”

Ықшамауданды аралап жүріп, "Алатау қаласы" атауы тек ресми мекемелерге берілгенін байқадық. Тіпті қалаға кіреберісте де Жетіген атауы әлі өзгертілмеген екен. Бұған қатысты Алатау қаласы әкімдігінің ресми өкілі Гүлназ Кеңесбаеван пікір білдіріп, қала болып құрылғанына бір жыл ғана толғанын айтты.

Фото: Stan.kz / Алатау қаласы әкімі аппаратының ресми өкілі Гүлназ Кеңесбаева

"Әрине, бір жылда бәрін өзгерту мүмкін емес. Дегенмен жоспарлы жұмыстар жалғасып жатыр. Халыққа қызмет көрсету орталығы, салық пен сот қызметін алып келу біраз уақытты талап етеді. Оның бәрі жұмысты талап етеді, бірден бола қоймайды. Алдағы уақытта барлық жерде "Алатау" деген маңдайшалар ілінеді. Бұлардың бәрі болашақтың еншісіндегі жұмыстар. Бізге жай маманның өзін тартуға бірталай уақыт кетті", – деді ол.

Фото: Stan.kz

Өкілдің айтуынша, бүгінде Алатау қаласында 12 ықшамаудан мен 40-қа жуық саяжай бар. Жалпы есеп бойынша қалада 53 мыңнан астам тұрғын қоныстанған. 

халыққа қызмет көрсету орталығыФото: Stan.kz / Жаңадан салынған Халыққа қызмет көрсету орталығы

"Бір жылда көлемді істі атқарып тастау оңай емес. Болашақта жүктелген міндеттердің бәрі орындалады деген ойдамыз. Жолдауда Алатау қаласына "облыстық маңызы бар қала" деңгейі берілді. Бұл да біз үшін зор қуаныш", – деп қысқаша түсініктеме берді Гүлназ Кеңесбаева.

Бұдан бөлек ауылға қала мәртебесін беру және Алатау деп атау туралы хабарды жергілікті тұрғындардың басым көпшілігі оң қабылдаған дейді әкімдіктің ресми өкілі Гүлназ Кеңесбаева.

Фото: Stan.kz / Алатау қаласы әкімі аппараты

"Қалаға Жетігеннен басқа, Қоянқұс ықшамауданы кіреді. Екеуі де Іле ауданына қарайды. Екі елдімекен халқына ыңғайлы болу үшін екі жерде де әкімдік орналасқан. Тұрғындардың көбі үшін Жетігенді Алатау қаласына айналдыру туралы жаңалық бұл дамуға, жаңа жұмыс орындарының пайда болуына байланысты үміттің белгісі", – дейді Гүлназ Кеңесбаева.

Фото: Stan.kz 

Фото: Stan.kz

орталық стадионФото: Stan.kz

Фото: Stan.kz

Еске салайық, президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында Алатау қаласына арнайы мәртебе берілетінін мәлімдеді. Ол 10 күннің ішінде тиісті жарлық жобасы әзірленетінін тапсырды. Мемлекет басшысының айтуынша, алты ай ішінде қаланы басқару тәртібі мен қаржылық моделін айқындайтын жеке заң қабылдануға тиіс. Тоқаевтың сөзінше, бұл мәртебе артықшылық емес, жоспарланған ірі жобаларды жүзеге асыруға қажет шара. Алатау өңірдегі алғашқы толықтай цифрлық қала ретінде Smart City технологияларын енгізіп, криптовалютамен төлем жасауға мүмкіндік беретін инфрақұрылымға ие болмақ. Жобаға халықаралық деңгейдегі компаниялар, соның ішінде Шэньчжэнь қаласын салуға қатысқан компания да тартылатыны айтылды.

Алайда Алатаудан тек саусақ санарлық нысандардың салынып жатқанын байқадық.

Фото: Stan.kz

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 16 Қыркүйек, 2025 19:28
Талқылау